- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Мәдина Дөненбаева: "Жастар...
Мәдина Дөненбаева: "Жастар жұмысқа қабылдау кезінде 4 әдісті біліп алуы керек"
Мәдина Дөненбаева, "Самұрық-Энерго" акционерлік коғамындағы Қаржы және салық есебі департаментінің бас менеджері. Ол жұмысында компанияға жаңадан қызметкер алу ісімен айналысады. Және бұл істе оған талапкердің жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін түрлі әдістерді қолданады.
Ендеше, құрметті оқырман, жұмысқа қабылдау кезінде нендей нәстелерді жадыда ұстау керек екенін жұмысқа қабылдаушының өзі айтып берсін.
- Мәдина, бірінші кезекте өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Мен 2002 жылы Алматы қаласындағы №141 орта мектебін бітіріп, сол жылы Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде «Экономикадағы ақпараттық жүйелер» мамандығында оқыдым. Бұдан кейін ҚМЭБИ-дің магистратурасын бітірдім.
PricewaterhouseCoopers компаниясында еңбек жолымды бастадым. Бұл аудит және консалтинг саласында кәсіби қызмет көрсететін халықаралық ірі компаниялардың желісінде бес жылға таяу уақыт қызмет жасадым.
- Қалай ойлайсыз, жақсы маман білімді мектепте ала ма, әлде ЖОО-дан ба?
- Шындығын айтсам, мектепте алған білім бастауыш білім болғандықтан оны пайдасыз болды дей алмаймын. Ал дәл мен үшін университеттегі алған білімім өте бір сәтті болды деуге келмес. Кәсіби маман болуыма бәлендей бір көмек болған жоқ. Сол себепті де шығар, өзімнің оқыған мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрген жоқпын. Қазіргі жағдайын білмедім, бірақ мен оқыған жылы университеттің білім беру деңгейі төмен болған. Бірақ оның орнына ҚМӘБИ-дегі, толық болмаса да, алған білімім пайдасы мол болды. Ал жалпы, сұрағыңызға келер болсақ, бұл адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Оқыған мектеп немесе университеті емес, көбіне жұмыс жасауға деген мақсаты, талабы болса бәрі де жақсы болады. Жұмысты жәй ғана бітіре салатын емес, әрбір ісіне жетік, нәтижесі қуантарлықтай іс атқаратын адам әрқашан да сұраныста болады. Өз басым үш тілді жетік білемін деп айта аламын. Қазақ, орыс және ағылшын тілдері алғашқы жұмыс орнымда керек болды, тіл білуімнің жемісін көрдім деп те айта аламын. "Самұрық-Энерго" компаниясына 2012 жылы тамыз айында келдім. Осы бір жылғы тәжірибемде өте үлкен сабақ алып келемін, әріптестеріме тек әріптес емес, дос ретінде де қарау керек екенін, сый-құрметтің жоғалмау керегін ұқтым.
- Алматылық бола тұра Астанаға барғанда туған қалаға деген қимастық болды ма?
- Бұл өте жас әрі жақсы қала. Ешқандай жамандығын көрмедім. Сосын қатты бір сағынатындай ат ізін салмай кеткен жоқпын, себебі жұмыс бабымен Алматыға барып тұрамын. Бірақ неге екенін қайдам, Алматыдан келген көп адам Астана қаласы ұнамағанын жиі айтады, ал менде ондай жоқ, жаңаның аты жаңа ғой қашанда. Алматымен салыстырған кезде табиғатының әсемдігінен артта қалар, бірақ таза ауасын айтсақ, біраз ұтып тұр.
- Оқуды бітіре сала жұмыс іздейтін жастарға қандай кеңес айтасыз? Жұмысқа қабылдаушы алдында қандай кеңестер ұсынар едіңіз?
- Өзім қабылданған жұмыста ғана емес, жұмысқа қабылдау маманы да болып қызмет атқарған жайым бар. Сондықтан бұл сұрағыңызға толықтай жауап бере аламын деп ойлаймын.
- Мен үшін ең бастысы әрі біріншісі – талапкердің киім кию мәнері. Ұлдар әдеттегідей ақ жейде мен қара шалбар кисе, ал қыздар жабық киінуі, сонымен қатар, ала-құла емес, салмақты киім кигені дұрыс. Бұл психологиялық тұрғыдан талапкерге деген сенім тудырады.
- Одан басқасы, сөйлеген сөзі. Адам егер аздап болса да мақтанса немесе өзі жайлы мәліметтерді өзгертіп айтар болса, өзінің жетістіктерін тым үлкейтер болса бұл біліксіздіктің, жұмысқа адал еместігінің белгісі. Және мұндай әрекет арсыздың ісі болып табылғандықтан жұмысқа қабылдану да қиынға соғады. Осы себепті, адам жұмысқа қабылданғысы келсе өзінің оң да, теріс те қасиеттерін жасырмай айтып беруі керек. Мәселені тым қиындатып сөйлеу – жағымсыз қасиеттер қатарына жатады.
- Дәл осы мәселе шешу барысы жұмысқа қабылдануда басты әрі маңызды рөл ойнайды. Белгілі бір тапсырманы қандай жолмен шешуі оның әрменгі жұмысқа жарамдылығы жайлы толық ақпарат бере алады. Мен қағаз жүзінде өте жоғары білікті, бірақ тәжірибеге келгенде әлсіз қызметкерлерді көп көрдім. ҚМЭБИ-ді, тіпті шетелдік ЖОО-ларды бітіріп келгендерге де біржақты «жақсы» баға беруге де болмайды. Сондықтан да адам теорияны да, тәжірибені де бірдей алып жүруі керек. Ал осы екі қасиет оның бойында болса, сөз жоқ, қандай да бір саладағы қызметке сұранысы артады.
- Келесі мәселе, адамның ортамен қарым-қатынас жасай алуы. Қарым-қатынас жасаудың небір түрі бар. Бұл саланы тіпті арнайы психолог мамандар зерттеп келе жатқанын сіз бен біз білеміз. Сондықтан жастар осы аталған мәселелерді жадында ұстауы керек деп білемін.
- Ал бос уақытыңызда немен айналысасыз? Хоббиіңіз бар ма?
- Бір кездерде үлкен теннис ойнаушы едім. Қазір кешке қарай жүгіремін, одан басқа қызығушылықтарым жоқ екен. Қысты күні мұз айдынына жиі барамын.
- Кеңестеріңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Ардақ Құлтай
А. Құлтай