- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ләйлә Сұлтанқызы: Шахан...
Ләйлә Сұлтанқызы: Шахан шері...
Көзіқарақты оқырман қазақ халқының аяулы қызы Ләйлә Сұлтанқызының Массагет сайтымен бірлесе жұмыс істеп жатқанынан хабардар. Бүгін Ләйлә ханым күні кеше Қарағандыда болған қайғылы оқиғаға өз пікірін білдіріп сайтымызға жазба жолдап отыр.
Есіме сүйікті жазушым Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері» романы түсіп отыр. Қателеспесем, 1993 жылы жазылған шығарма болуы керек. Бұл роман мен кеше ғана Қарағанды облысындағы Шахан кентінде болған оқиға бір-біріне ұқсайды... Екеуінде де опат болған отбасы. Қайғыдан қан жұтқан әке. Тек бүгінгінің жолбарысы бөлек.
Қайғылы жағдай. Құдай бетін әрмен қылсын! Жаңа жылды қарсы алып, бейқам жатқан жұрттың тура мағынасында керегесі сөгілді. Бұл үй 1987 жылы тұрғызылған екен. 60 пәтерді 118 адам мекендеген. Қаза болған 9 адамның қатарында 3 ер адам, 3 әйел адам және 3 сәби бар. Ең сорақысы олардың екеуі дүние есігін кеше ғана ашыпты. Тырмысып тіршілікке енді келгенде, төтенше жағдайдан көз жұмды. Тіпті, бүтін бір отбасының ошағы сөніп, өмірімен қоштасқан. Қаралы жандарға көңіл айтамыз...
Баспанасыз қалған жанұялар балабақшаның ғимаратына бас сауғалапты. Зардап шеккендерге еліміздің әр өңірінен көмек қоры ашылып, қолдау көрсетілуде. Ал Қарағанды облысының әкімдігі қаза тапқан жандардың жанұясына 1 миллион теңге, сондай-ақ, зардап шеккен отбасыларға 500 мың теңге материалдық көмек бермек. Сонымен қатар, жергілікті билік қаза тапқандардың жерлеу рәсімін өз мойындарына алды.
Қайғылы жағдайды тек қарағандылықтар ғана емес, бүкіл Қазақстан жұрты бірге көтеруге дайын. Әлеуметтік желілерде #Шаханкөмек хэштегімен көмектесушілер қатары көбеюде. Сіздер де осы қатардан табылыңыздар! Жәрдемдесейік, бұл қиындықты бірге жеңейік. Жақсы күндерден үмітімізді үзбейік. Бұл – бүгінгінің Шаханының шері...
Ләйлә Сұлтанқызы
М. Оңғарова