Қазақстан – қызғалдақтың отаны дейміз. Көктем келе сала бүкіл қазақ даласы қызыл түске оранып, елдің оңтүстік жағы тіпті наурызда-ақ гүлдеп сала береді.
Өзіміз көзбен көріп жүрген қызғалдақ болғандықтан оның құны мен бағасына мән бермейтініміз бар. Өйткені бұлардың кейбір түрі елімізде эндемик, яғни, тек Қазақстанда ғана кездесетін түрге жатады. Ал кейбірі сиреп жатқан қызғалдақтар. Екеуі де – "Қызыл Кітапқа" енген өсімдік.
Қазақстанда қызғалдақтың 40 түрі таралған екен. Оның 11-і – эндемек. Ал "Қызыл Кітапқа" енгізілгені – 18 түрі. Бұлар – жойылудың аз-ақ алдында тұрған, сирек кездесетін қызғалдақтар. Табиғатта зиян, ал мемлекетке залал келтірмес үшін мұндай қызғалдақтың түрлерін біле жүрген жөн. Оларды айыра алудың маңызы зор.
Грейг қызғалдағы
Шоғы қып-қызыл, ал сабағы қоңыршаң келген мына қызғалдақты алғаш Қаратау етегінен тапқан – Ресей бау-бақша қоғамдастығының директоры Самуил Грейг болатын. Қызғалдақтың аты да сол кісінің есімімен аталған. Өте әдемі өсімдік.
Бұл қызғалдақ ғылымда ХІХ ғасырдан белгілі. Селекцияда жиі қолданылады. Голландияға тараған 200-ге тарта элиталы қызғалдақтың сорты да дәл осы қызғалдақтан алынған. Қазір бүкіл Еуропаға тарап, ботаникалық бау-бақшаның көркіне айналды.
Жапырағы жалпақ таспа тәрізді, кейде жиегі иректеліп, үстіңгі бетінде қою күлгін таңбалары болады. Гүлі дара, қызыл, қызғылт сары түсті, көктемде гүлдейді.
Бірақ бұл қызғалдақтың жабайы түрін табу өте қиын. Түркістан облысы мен оңтүстік аймақта таралған қызғалдақтың түрі – осы. Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорығында, Берқара бауында кездеседі. Мемлекеттік қорғауға алынып, "Қызыл Кітапқа" енгізілген.
Борщов қызғалдағы
Орыс ботанигі Илья Борщов тапқан, соның құрметіне қойылған қызғалдақ. Қазір Байқоңыр даласының символына айналған. Осы өңірде ғана кездеседі. Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда өседі.
Шөлейт далада, құмды жерде өсетіндіктен, көктемде көзге оттай басылады. Қу далада гүл көрген қандай ғанибет. Өкініштісі сол – бұл сарғалдақ та "Қызыл Кітапқа" енгізілген. Өте сирек.
Қызғылт-сары, қызыл, сия көк түсті келеді. Тұқымынан көбейеді.
Биберштейн қызғалдағы
Басқа қызғалдақтарға қарағанда бұл түр біршама кең тараған. Қап тауы мен Қырым, Румыния жерлерінде кездеседі. Кез келген жерде өсе береді. Күй талғамайды. Лалагүлдер тұқымдасына жатады.
Бойы – 15-30 см. Сәуір айында гүлдеп, шілде айында жеміс береді.
Шренк қызғалдағы
Қазақстанның солтүстік аймақтарында өседі. Суық қыс пен ыстық жазды жақсы көреді. Гүлі ірі, ақ, қызыл не сары түсті. Мамырда гүлдейді, маусымда жемісі пісіп жетіледі. Дәнімен көбейеді.
Бұл қызғалдақ та Грейг қызғалдағы сынды қазіргі голланд қызғалдақтарының түп атасы саналады.
Қазақстанның да, Ресейдің де Қызыл Кітабына енгізілген.
Баданамен емес, гүлі дәнімен көбейеді. Сондықтан мұндай қызғалдақты жұлып алсақ, оның қайтып өсіп шығуына он жыл уақыт кетеді.
Кауфман қызғалдағы
Қаратау, Талас Алатауы мен Өгем жотасында тараған қызғалдақ түрі. Жапырағының саны 2-3-тен аспайды, ұзынша немесе эллипс сияқты. Гүлі қызыл және күлгін түсті.
Наурыздың аяғы мен сәуірде гүлдейді. Сәндік өсімдік. Селекцияға көп пайдаланады. Тұқымынан көбейеді. Әлемде 200-ден астам сорты бар.
Альберт қызғалдағы
Екігүлді қызғалдақ
Біргүлді қызғалдақ
Зинаида қызғалдағы
Колпаковский қызғалдағы
Корольков қызғалдағы
Қысқааталық қызғалдақ
Леманновский қызғалдағы
Островский қызғалдағы
Кеш гүлдейтін қызғалдақ
Регель қызғалдағы
Көк қызғалдақ
Қызғалдақты неге жұлуға болмайды?
Қызғалдақ – өте нәзік гүл. Өсуі мен тарауы, жеміс беруі мен тұқым тастауына ұзақ уақыт кетеді. Қызғалдақ гүл тұқымдастары сияқты баданамен көбемейді. Көбінде дән мен тұқым арқылы тарайды. Ал дән жерді жарып өсіп шыққанша 4-7 жыл уақыт кетеді.
Ал енді өсіп келе жатқан не өсіп тұрған қызғалдақты жұламын деп, тамырын мүлде құртып жіберуіміз мүмкін. Ол жерден енді қызғалдақтың өсіп шыға қоюы қиын.