Күз келіп күн суытып, қаһарлы қыстың келе жатқанынан хабар бере бастады. Жуық арада ауа райы қалай болады? Қыс қандай болады? Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында гидрометеорталықтың директоры Марина Шмидт хабарлады. Алдын ала жасалған болжамдар бойынша қараша айында ауа райы құбылмалы болады. Себебі синоптикалық процестер жиі алмасады. Күн райы бірде жылып, бірде суытады. Кей өңірлерде жауын-шашын көп болады. Тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. - Қараша айының бірінші, екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа райы айтарлықтай төмендейді. Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -10...-20 аязға дейін болса, күндіз -5...-10-ды көрсетеді. Оңтүстік жартысында түнде -5...-10 суық, күндіз 0...-5-ке төмендейді, - деді Марина Шмидт. Түрлі антициклондарға байланысты желтоқсан айында ауа температурасы 1 С-тан төмен болады. Дегенмен қар аз жауады. Қардың мөлшері солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік облыстарының кей жерлерінде, сонымен қатар оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың тау және тау-бөктерлі аймақтарында нормаға жуық жауады. - Қаңтарда сібір антициклондарының әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы жылдағыдан 1 градусқа төмен болады. Қар аз жауады. Алайда батыс пен оңтүстікте ауа температурасы нормаға сай болады. Батыста, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы кейбір таулы және тауға жақын орналасқан аудандарда жауын-шашынның мөлшері нормаға сай болады, - деді гидрометорталық директоры. Ақпанда ауа температурасы жылдағыдан 1-2 градусқа төмен болады деп күтілуде. Тек оңтүстік-шығыста климаттық нормаға сай болады. Батыста, оңтүстік-шығыста, оңтүстік пен шығыстағы кейбір таулы және тауға жақын орналасқан аудандарда жауын-шашынның мөлшері нормаға сай болады. Көктемнің басында суық пен жылы күндер және қатты жауын-шашын кезектесіп отырады. Бұл айда орташа есеппен ауа температурасы жылдағыдан 1 градусқа жоғары, тек батыста, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста нормаға сай болады. Наурызда жауын-шашынның мөлшері нормадан жоғары болады, тек оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығыстың кей жерлерінде нормаға сай болады. Марина Шмидттің айтуынша, 2018 жылдың қарашасы мен 2019 жылдың наурызы аралығына арналған ауа райы болжамы алдағы қысқа дайындалу үшін жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ қызметтеріне жолданған. Спикердің сөзіне қарағанда, болжамның ықтималдығы 55-60 пайызға тең, кейін бір айға, онкүндікке және одан да қысқа мерзімге жасалған болжамдар бойынша нақтыланып отырады.