Қазақстанда қымыз өндірісін реттейтін заң немесе мемлекеттік бағдарлама қабылдау керектігін парламент мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл ұсынды.
«Кейбір елдер қымыз жасауды үйреніп алған, тіпті оны қалай дайындау жөнінде ақыл айтады. Ұлттық экономикалық саясатымызға қымыз өндірісін енгізуіміз керек деп ойлаймын» деді Алдан Смайыл.
Оның айтуынша, мысалға, Саха (Ресей федерациясы) республикасында бұл жағдай бөлек заңмен реттеледі. Қымыз өндірушілерге бұл елде үлкен жеңілдіктер мен субсидиялар бар және оларға қуат көзі мен тасымалдау жұмыстарының салығы төмендетіледі екен. Сонымен қатар, өкпе ауруларына шалдыққан азаматтар, ота жасатқан адамдар, жазғы лагерьлерде демалатын балалар және Балалар үйлеріндегі жасөспірімдерге мемлекет тарапынан қымыз жеткізіледі.
Ал Германияда 50-ге таяу қымыз фермасы бар екен. Олар қымыздан бүйрек, асқазан, өкпе, жүрек ауруларына қарсы дәрілік препараттар жасауға болатынын әлдеқайда дәлелдеп шыққан. Тіпті бұл елде әлемдік деңгейге көтерілген косметикалық заттар мен балмұздақ та жасалған көрінеді.
Алдан Смайыл мысалдарының ішінде Чехия мен Франция да бар. Бұл елдер қымыз сусынын шығару туралы ізденіс үстінде екен.
Депутат отандық қымыз өндірушілерден хат алғанын айтты. Хатта Ресейдегі қымыз туралы арнайы заң секілді жоба керектігі жазылған екен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: newsland.ru