- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қ.Тоқаев: «Судың 40...
Қ.Тоқаев: «Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр»
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауында «ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр» деді. Себібі, еліміздегі экономиканың басым бөлігі суға байланысты дамиды.
Ол су тапшылығы қазіргі күнде ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын тілге тиек етті.
«Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта бұл сала бойынша қажетті мамандар даярлау керек екенін баса айтты.
«Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», - деді Президент Жолдауында.
Стратегиялық бастамалар орталығының мәліметінше, еліміздегі судың 44 пайызы көршілес мемлекеттерден ағып келеді. Ал, ауыл шаруашылығына судың 63 пайызы жұмсалады. Егіндер мен бау-бау бақшаны суғару кезінде ағып баратын судың 40 пайызы құмға сіңіп кетеді.
Стратегиялық бастамалар орталығының мәліметінше, суды тиімсіз пайдалану салдарынан ел жыл сайын 206 миллион доллар жоғалтады.
Су тапшылығын арттыратын тағы бір дәлел – климаттың өзгеруі. 2030 жылға қарай климаттың өзгеруіне байланысты елдегі су 14-тен 40 пайызға дейін азаяды.
Қазақстан жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында, құрғақ климаттық белдеуде орналасқан мемлекет. Ал жыл сайын климаттың өзгеруінің салдары су ресурстарының жағдайына әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта суды үнемді пайдалану өзекті тақырыпқа айналады.
Айта кетейік, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір бағыты «Үнемді Қазақстан» деп аталады. Бұл бағыт бойынша суды үнемді пайдалану жоспарланған. Және алдағы уақытта су қоймасы салынады. Суды дұрыс пайдаланбау, қажет жеріне жұмсамау табиғаттың тозуына әкеледі. Аталған бағыт аясында 212 арнаны цифрландырып суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту көзделген және 401 арнаны қайта жөндеу жоспарланған.
Т. Раушанұлы