Кез келген мемлекеттің өзін дербес ел, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын төлқұжаты болады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1995 жылы 30 тамызда тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Бүгін – жалпыхалықтық мереке.
Қазақстан Республикасы Конституциясының кiрiспесiнде Ата Заңды қабылдаудың себептерi мен мақсаттары былай түсiндiрiлген: "Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүз. қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз".
Кез келген істе шикілік болатыны заңдылық. Еліміздің Конституциясын қабылдар кезде де бірнеше қателіктер орын алды. Бұл туралы мемлекет басшысы: Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», - деп жазады. Елбасы 20-дан астам дамушы елдердің конституциясын саралап, 1994 жылы Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырды. Осы үлгі бүгінгі Ата Заңымыздың негі болатын. Олай болса, 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы елбасы Н.Әбішұлы деп айтуымызға болады.
Конституцияны талқылауға отандық беделді заңгерлерден бөлек, Францияның, Ресейдің онституциялық кеңесінің өкілдері ат салысты. Сонымен бірге халықтың пікірі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі келтірілген деректерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллион, 345 мың адам қатысқан. 31 мың 886 ұсыныстың 1100-і конституция жобасына енгізілген.
1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.
Міне, кез келген жетістік түрлі қиындықтармен келетіні сықылды, біздің де мемлекеттік Конституциясыз оңай қабылдана салған жоқ. Ол қабылданбас бұрын мамандардың талқысына салынып, халықтың пікірі ескеріліп барып қана қабылданған еді.
Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады. "Конституция тәуелсіздігіміздің берік тірегіне, табысты дамуымыздың және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі биік беделінің кепіліне айналды. Ол еліміздің басты құндылықтары ретінде қоғамдық-саяси бірлікті, келісім мен тұрақтылықты қалыптастырды. Конституциямыз Қазақстанның әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуы жолында жаңғыру үдерісін одан әрі іске асырудың, демократиялық бастамаларымызды нығайтудың, азаматтардың әл-ауқатын көтерудің және қоғамды біріктірудің маңызды факторы болып саналады. Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбіт өмір, табыс және құт-береке тілеймін!", - деді Елбасы.