Қоңыр аю: Алатауда таралуы, адамнан қорқуы мен қорғану амалдары

Қоңыр аю: Алатауда таралуы, адамнан қорқуы мен қорғану амалдары
Фото: twitter.com

Қазақстанда аюдың екі түрі мекендейді. Оның бірі – сібір қоңыр аю, екіншісі – Тянь-Шань тауларында кездесетін қоңыр аю. Әсіресе, Тянь-Шань аюы тек Қазақстан мен оған шекаралас жатқан елдерге ғана тән жыртқыштың түрі. Алатаудың бөктерінде тараған да – осы Тянь-Шань аюы. Бес жылда саны әжептәуір өсіп қалған қоңыр аю қазір Алматы қаласының етегіне дейін келетін болған. Ендеше жануармен кездесіп қалсаңыз, онымен "тіл табысуды" да білгеніңіз жөн.

"Аюсай" визит орталығында Халықаралық тау күніне орай өткен шарада қоңыр аю жайлы лекция оқыған зоолог, ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері Санжар Қаңтарбаевтың дәрісін қысқартып назарларыңызға ұсынамыз.

Аюдың таралуы аймағы

Бұл аю Тянь-Шань мен Памир тауларында таралған. Қазір Өгем, Піскем, Қоржынтау, Кетпен, Талас, Іле, Күнгей, Теріскей, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында кездеседі. Аюдың бұл түрі 1826 жылы анықталған.

Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда, Түрікменстанда Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан қазір бұл аюды атуға болмайды. Бірақ сібір қоңыр аюын аулауға болады.

ХХ ғасырдың басында тянь-шань қоңыр аюының саны көп болатын. Алайда 70-жылдарға дейін күрт азайып, небары 300-дейі ғана қалған. Ал 90-жылдары мүлде 40-50-дейі ғана қалған екен. Бірақ қазір аулауға тыйым салынғандықтан саны біршама өскен.

Зоолог В.Шнитниковтың 1936 жылғы деректерінде тянь-шань қоңыр аюының Үлкен және Кіші Алматы көлдерінің маңында жиі ұшырасқаны айтылған. Бірақ 1960-жылдары ол маңайдан құрып кеткен. Бірақ Түрген, Талғар, Ақсай және Қаскелең өзені мен сайларында біршама кездескен көрінеді.

Қазіргі таңда қоңыр аю аталған аумақтың бәрінде кездеседі. 2015 жылы зоолог Санжар Қаңтарбаев Аюсай мен Прохлодная шатқалдарында аюдың іздері мен тезегі көбейгенін аңғарған. Тіпті, Қырғауылды өзені маңайынан да іздері табылған. Қорықшылардың айтуынша, Тянь-Шань тауының қазақстандық бөлігінде шамамен, 460-560 қоңыр аю мекендейді.

Биометриясы

Тянь-Шань қоңыр аюын кейде сүйір тырнақты ақ аю деп те атайды. Табанының тырнағы ұзын келеді. Басқа қоңыр аюларға қарағанда ірі емес. Мәселен, Аляска мен Сібірде мекендейтін қоңыр аюдың салмағы 750-800 келіге дейін жетсе, тянь-шандық аюдың салмағы 200 келіден асығып жығылады. Тіпті, Алтайда өмір сүретін аюлардың өзі бұлардан ірі.

"Тянь-Шань аюы негізінен жеміс-жидекпен, шөптің тамырымен қоректенеді. Алатау мен Тянь-Шаньда жабайы алма, өрік өседі. Кездесіп қалса, суыр, тышқан аулайды. Ал Сібір мен Алясканың аюлары балықпен қоректенетіндіктен ірі келеді. Бірақ соған қарап тянь-шандық аюды кіші екен, қауіпсіз екен деп ойлауға мүлде болмайды. Кез келген аю әлемдегі ең ірі жыртқыштар санатына жатады", - дейді зоолог, ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері Санжар Қаңтарбаев.

Аталығының дене ұзындығы 2,55 м, бойының биіктігі 1,35 м. Памирдегі ірілері 600 келіге дейін жетуі мүмкін. Үңгірге қазан-қараша айларында жатып, наурыз-сәуір айларында шығады. Тауға қар түскен уақытта үңгіріне кіреді. Үңгірі көбінесе шатқалдың түбінде, тасты-ағашты жерде болады.

Аю 30 жасқа дейін өмір сүреді.

Аю мен адам

Санжар Қаңтарбаевтың айтуынша, соңғы кезде аю мен адамның кездесіп қалуы, кейде аюдың ауыл не елдімекен маңына жақындап келуі, сондай-ақ адамға тиісуі жиіліген. Әсіресе, Шығыс Қазақстан өңірінде көбейген көрінеді.

"Алатау мен Тянь-Шанға шығып жүріп қоңыр аюды көп көретін болдым. Жақында ғана осы Аюсайдың шатқалында жүрген қонжығы бар аюды көріп таңқалғаным бар. Өйткені бұл мекен Алматының дәл тұсында жатыр. Канада, Аляска мен Сібірде аюдың адамға шабуы жиі кездеседі. Ондай үрдіс бізге де келе жатқан сыңайлы. Өйткені аюдың да саны көбейді, тауға шығушы туристтер де көп. Сондықтан аюдан қорғану мен одан алшақ жүруді есте ұстау қажет", - дейді маман.

Қазақстанда 5 жыл бұрын аюды атуға тыйым салынғаны белгілі. Бірақ мұның кері тұсы бар көрінеді.

"Бес жыл салыстырмалы түрде аюдың көбеюіне жеткілікті уақыт. Аю қонжығын өзімен бірге екі жылдай ертіп жүреді. Үшінші жыл қонжық жеке кетеді. Тағы екі жылда ол өзінің ұрпағын өмірге әкеледі. Сонда бес жыл бір буынның алмасуына жетерлік уақыт. Алайда ұрпақ алмасуымен бірге оның табиғи инстинкт жүйесі де өзгереді. Егер бұрынғы аюлар адамнан қорқатын халде болса, кейінгі жас буын – жас аюлар адамнан қорықпайтын болып өседі. Олар адамды көрген, білген емес", - деп түсіндіреді Қаңтарбаев.

Оның айтуынша, аюдың адамнан қорқуы заңды. Бірақ адамнан қорықпауы – өте қауіпті.

"Жалпы аю адамнан қорқады. Оның табиғи инстинктісі – сол. Адамды көрсе қашып кетеді. Бірақ аю адаммен жиі ұшырасса, одан қауіп сезінбесе, тіпті, етін жеуге дейін барса, онда оны тоқтату қиын. Аю азықты табиғаттан іздеуді доғарады. Одан да оңай олжаға жүгіріп, ауыл шетіне, малға жүгіреді. Туристтер тауда қалдырып кеткен азықтармен қоректеніп, оған үйреніп алады. Сөйтіп келесі жолы адамды іздеумен жүреді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары АҚШ-та сондай жағдай жиілген еді. Йеллоустоун саябағына келуші туристтер де көбейіп, мұның соңы аюдың адам етіне жерік болуына әкелді. Сондықтан бұған жол бермеген жөн. Меніңше, аю мен адамды қорғаудың басқаша бір бағдарламасын қолға алу керек", - дейді ол.

Аюдан қорғану амалдары

Тауға шығып, тынығып қайтуды бәріміз қалаймыз. Кейде алысқа кетуіміз де мүмкін. Көкке шығуды әдетке айналдырғандар да көп. Ендеше жабайы табиғатта жүріп аюдан қалай қорғанамыз – соны біле жүргеніміз абзал.

Зоологтың айтуынша, аюдан қорғанудың мынадай қарапайым амалдары бар. Соны істеу арқылы өмір бойы аю көрмей өтуге болады.

Біріншіден, тағам, косметика, басқа да иістенгіш заттарды тығып ұстаған жөн.

"Аю – өте иіс сезгіш. 1,5 шақырымнан сезіп қояды. 3 метр тереңде жатқан тағамның иісін сезеді. Оның үстіне, аю – "токсикоман" жануар. Ацетон сынды заттарды (косметикада кездеседі) жақсы көреді. Сондықтан тағам мен косметиканы иіс шықпайтындай жерге салып, тығып қойған абзал", - дейді ол.

Екіншіден, көбінесе жазық, шолуға ыңғайлы жерде жүрген жөн. Палатканы жа жазық жерге құрыңыз. Қоңыр аю аршалы, ағашы мен жеміс-жидегі мол жерде жүреді.

Үшіншіден, күн бұлтты, жауын-шашын, тұманды кезде тауға көтеріліп қажет емес.

"Өйткені бұл мезгіл – аюдың, жалпы көптеген жануарлардың жайылатын кезі. Одан да ашық, шуақ күнде шыққан жөн", - дейді Санжар Қаңтарбаев.

Төртіншіден, тауға мамыр айының аяғы мен шілденің соңына дейін шықпаңыз. Бұл уақыт – аюдың "той тойлайтын" кезі.

"Яғни, аюдың шағылысатын уақыты. Бұл кезде матай (аталық) аюлар өте агрессивті болады. Тестостерон буырқанатын шақ. Аталық аюлар аймақты шолып, өз мекенін қорғауға көшеді. Бейтаныс тіршілік иесімен кезігіп қалса, бірден шабуылға барады", - дейді зоолог.

Бесіншіден, аюға тамақ беруге болмайды. Оны тамақтандыруға тырыспау керек. Жоғарыда айтылғандай, аюдың адамға үйренгені дұрыс емес.

"Сондықтан барған жеріңізді жинастырып жүріңіз. Тағам қалдығын қалдырып кетуге болмайды. Мүмкіндік болса, тоқтаған, қонған жеріңізді өртеп кетіңіз", - дейді ол.

Сөз соңы...

Санжар Қаңтарбаевтың айтуынша, аюдың өте қауіпті жануар екенін есте ұстау қажет. Бірақ аюдан қорқып тауға шықпай қоюға да болмайды.

"Мен мұның бәрін туристтер біліп жүрсін, есте ұстасын деп айтаймын. Өмір бойы тауға шығып жүріп, бірде-бір аю көрмеуіңіз де мүмкін. Не бір шығып, көріп қалуыңыз да ғажап емес. Бірақ аюдың қауіпті жыртқыш екені есте болсын", - дейді маман.

Аюсай визит орталығы

Айта кеткен жөн, алматылық туристтер тауға шығу мен қоңыр аю жайлы толығырақ мәлім алғыларыңыз келсе, "Аюсай" визит орталығына келіп көмекке жүгінулеріңізге болады. Орталық таулы аймақ пен жабайы табиғатты қорғау, сондай-ақ ақпараттық қолдау шараларымен айналысады.

Қ. Слямбек