Қоңыр әулие үңгірі Шығыс Қазақстан облысыАбай ауданы аумағындағы Шағанөзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Тау ішінде үңгір, үңгір ішінде көл бар. Және ол көлдің түбі жоқ десе сенер ме едіңіз? Сырт көзден әдейі жасырылғандай әсер қалдыратын сол көлдің емдік қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Жыл он екі ай іші адамнан босамайтын Қоңыр әулие үңгірі туралы ел ішінде аңыз-әңгіме көп-ақ. Оның ішінде ауыз әдебиетінде сақталған деректердің дені жоңғар шапқыншылығымен байланысты болып келеді. Бұл үңгір атауы Қабанбай батыр мен Шәкер Әбеновтің Тоқтамыс батыр дастанында жиі кездеседі. Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метрді құрағанымен оның көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Ал 2000 жылдардың ортасында қазақстандық С. Кистанов, К.Миляев пен В.Волошин есімді туризм саласының маманы әлгі көлдің түбіне сүңгіп, көл астында көлемі 10х10 метр болатын қара қуыс бар екенін және оның арғы жағы шегі жоқ теңізге жалғасып кететін айтқан еді. Осыған қарағанда, бұл көлдің жер асты суларымен тікелей байланысы бар болу ықтималдығы жоғары күйінде қалуда. nationalgeographic.kz