- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қонаев қаласының бас...
Қонаев қаласының бас жоспары желтоқсанда бекітіледі
2022 жылдың 3 мамырында Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласының атауы Қонаев деп ресми түрде өзгертілді. Қазіргі таңда қаланың бас жоспары әзірленіп, келешекте даму жайы саралануда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары аясында Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы "ақылды" шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақпараты бойынша, қаланың бас жоспарын Урбостиль» компаниясы әзірлеуде. Бұл тараптағы жұмыстар биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталмақ. Содан кейін заңнамаға сәйкес облыс әкімдігі жобалық шешімдерді қала тұрғындарымен ашық талқылауды ұйымдастырады.
Жаңа жоспарда облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар құру да қарастырылған. Болашақта қала Қапшағай су қоймасының оң және сол жағасын бойлай дамиды. Қазір мұнда Шеңгелді және Заречный ауылдық округтерінің тұрғындарын қоса есептегенде 62 мыңнан астам адам тұрады. Алдағы бірнеше жылда Қонаев қаласы тұрғындарының саны 200 мың адамға жетеді деген болжам бар.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, Қонаев қаласы 4 – тұрғын үй, абаттандыру-көгалдандыру, туризм және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша дамып жатыр. Жаңа бас жоспар дайын болғаннан кейін индустриялық-инновациялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басары анық.
Қазіргі қала әкімі Нұрлан Құматаевтың басшылығымен өндірістік аймақты жандандыруға баса мән берілмек. Егер индустрия және инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сай салынып басталса, 40 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар қалаға туристерді шақырудың да жолдары қарастырылуда. Биыл осы бағытта қызмет көрсететін 126 нысанға 1,2 миллионнан астам демалушы келген. 2023-24 жылға қарай туризм саласына келетін инвестиция көлемі 12 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр.
Жаңа бас жоспар бекітілгенге дейін біршама істің жүзеге асатыны жайлы ақпараттар айтылып үлгерді. Алдағы уақытта Қонаев қаласынан Жоғарғы оқу орындары мен колледждердің филиалдары ашылады. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, республикалық физика-математика мектебі, су шаруашылығы академиясы және т.б. бар.
Қонаев қаласында жаңа заманауи мектептер де салынатын болады. Бұл туралы тұрғындарымен кездесу барысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айта кеткен болатын. «Жайлы мектеп» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен жаңа заманауи мектептер облыс аумағында бой көтеретін болады.
Қала шағын аудандарындарында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, балаларға арналған алаңқайлар мен спорт алаңдары салынады. Жолдары ауыстырылып, көлік тұрағының орындары белгіленеді.
Айта кетейік, 11 қараша күні Алматы мен Қонаев арасында қатынайтын пойыз ісі қайта жанданды. Қонаев қаласынан сағат 06.00-де шығып, Алматы қаласынан кешкі сағат 19.00-де жөнелтіледі. Жол жүру уақыты – 1 сағат 17 минут. Ал билет құны бір бағытқа 450 теңгені құрайды.
Н. Үсенова