Көктемнің алғашқы күніндегі мереке

Көктемнің алғашқы күніндегі мереке

Қалың қазақ жұрты бүгін қос бірдей мерекені қарсы алып отыр. Бірі - жер-дүниені дүр сілкіндіріп, қуаныш сыйлай келген "жаңа күн", яғни көктемнің алғашқы айының алғашқы күні болса, екіншісі - дүниежүзілік азаматтық қорғау/қорғаныс күні.

Дүниежүзілік азаматтық қорғау/қорғаныс күні 1991 жылы ХАҚҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілді және жыл сайын 1 наурызда аталып өтеді. Бұл дата 39 жыл бұрын, халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы құрылған күні күнтізбеге енгізілген. Оған 50-ге тарта ел кіреді. Қазақстан 1996 жылы ұйымға мүше болды. 

Дүниежүзілік азаматтық қорғау күнін мерекелеу екі басты мақсатты көздейді:
- азаматтық қорғау маңызына әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару және зілзалалар немесе апаттар болған жағдайда халықтың өзін-өзі қорғауға дайындығын арттыру;
- азаматтық қорғау саласының ұлттық қызметтерінің ерен еңбегін бағалау;

Елімізде бұл күнді алғаш рет 1998 жылы атап өтті, ХАҚҰ-ға кіргеннен кейін, дәстүрлі мерекеге айнала шықты. Бұл күндері еліміздің барлық өңірлерінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Азаматтық қорғаныс қызметтерінің рөлі мен міндеттері туралы кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізуден басқа, оқу орындарының оқушыларымен оқу-жаттығулар, «Ашық есіктер күні», конкурстар, интерактивті сабақтар, жабдықтар, жарақтар мен авариялық-құтқару техникаларының көрмелері өткізіледі.

Өзге жанды құтқару үшін өз өміріңді тәуекелге тігу оңай емес. Құтқарушының әрбір жұмыс күні ерлікке пара-пар. Дегенмен, бұл жерде көзсіз батылдықтан гөрі кәсіби біліктілік қажет. Ендеше, көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мереке құтты болсын! Елім дейтін айбынды азаматтарымыз қашанда аман болсын!

Суреттер:azattyq.org

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева