“Қазгидромет” алдағы көктем маусымына арналған ауа райы болжамын ұсынды.
Көктемде, ауа температурасының оң аномалиясы бар күндер, көбірек болады деп болжануда. Мәселен, наурыз айында ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтілуде.
Ал сәуір айында еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында болса, норма шамасында.
Алайда, көктемгі ауа райы қысқы тосынсыйлар тудыруы мүмкін. Себебі өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз.
Солайша, суық ауа массаларының ағындары кезінде, қарлы боран көбінесе солтүстік аймақтарда, ал арктикалық антициклондардың кіруімен оңтүстік аймақтарда аяз болуы мүмкін.
Мамыр айында республиканың басым бөлігінде, ауаның орташа айлық температурасы көп жылдық нормаға жуық болады деп күтілуде. Алайда бірқатар облыстарда мамыр күндері ауа температурасы климаттық нормадан 1°С төмен болады деп болжануда. Әсіресе, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде. Бұл Сібірдің аудандарынан суық ауа массаларының ағып кетуіне байланысты болады деп болжануда.
Наурыз айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжануда.
Ал сәуірде жауын-шашын мөлшері, республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болмақ.
Мамыр айында болса, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады деп болжанады.