ҚазҰУ студенттері Harlem Shake үшін дауға қалды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің студенттері Harlem Shake №5 Жатақханада билегені үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Бұл туралы ең бірінші болып ұйымдастырушылардың бірі vk.com әлеуметтік желісінде блог жазған. Kiwi.kz атты қазақстандық видеопорталға енгізілген видео 650 рет көрілген.

Әлеуметтік желідегі блогқа 80-ге таяу «лайк» қойылған. Дәл осы «лайк» үшін студенттер жазаға тартылуы мүмкін екендігі белгілі болған. Сонымен қатар, жатақханадан шығарып жібереді деген сыбыс та жеткен.

Ал аталған оқу орнының Журналистика факультеті басшылығы ешкімді де жатақханадан шығарып жібермейтінін хабарлаған. «Бұл тек тәрбие сағаты ретінде өткен әңгіме болған. Біз әлі де ештеме шешкен жоқпыз. Мен тек оларға айғайлап ұрыстым, біраз қорқыттым» дейді декан орынбасары Алмагүл Құрманбаева.

Еске сала кетсек, қарағандылық студенттер Harlem Shake билегені үшін оқудан шығарылып, кейіннен қайта қабылданған болатын.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай