Дәстүрге айналып үлгерген "Қазнет Аруы" сұлулық байқауының биылғы жылғы 12 финалисі анықталды, деп хабарлайды Тotal.kz порталы.
2013 жылдың басында-ақ, Miss.kz сайтында оқырмандардың дауыс беруімен айдың ең үздік аруы таңдалған болатын. Осы жылдың 15-17 қаңтар аралығында 300 мың теңге көлеміндегі сыйақының иегерін анықтау үшін тағы да дауыс беру науқаны басталады.
Сонымен қатар, қаңтардың оныншы жұлдызында "Miss.kz-2014" байқауы басталып кетеді, оқырмандар дауыс беру арқылы "Қаңтар Аруы-2014" иегерін таңдай алады. Дәл осындай номинация жыл он екі ай бойы анықталып, 12 бойжеткен басты жүлде үшін бақ сынасады.
Қазір финалистердің ішінде көш бастап тұрған – былтырғы жылғы "Алматы Аруы" атанған және "Жаһан Аруы" байқауына қатысушы Айгерім Қожахан екен. Бұл бойжеткен шілде айының үздігі ретінде таңдалған болатын.
Ал финалистердің ең соңғы қатарында 21 жастағы алматылық Кристина Оболенская тұр.
Басқа да қатысушылардың суреттері мен олар туралы жеке ақпараттар байқаудың арнайы сайтында жарияланған. Ал байқау ережелері мен шарттарында мынадай ерекшеліктер бар:
"Қазнет Аруы" байқауы 2011 жылдың 1 қаңтарында пайда болды, яғни, биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Ғаламтор-байқауға модельдік қасиеті бар және 18 жасқа толған, тұрмыс құрмаған, баласы жоқ кез келген қыз қатыса алады. Басқа жылдары финалға шыққан арулар екінші рет қатысу мүмкіндігінен айырылады. Байқауға тіркелу үшін email адресіңіз анықталады. Бір қатысушы бірнеше рет тіркеле алмайды. Әдепсіздік танытқан қыздар байқаудан бірден шеттетіледі. Және қатысушылар кез келген уақытта өздері туралы мәліметтерді өөзгертіп, суреттерін ауыстыра алады.
"Miss.kz-2013" жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 1 ақпан күні өтеді.
Айта кетейік, былтырғы жылдың "Қазнет Аруы" болып ақсулық Гүлдана Жұмабаева танылған еді.
2012 жылдың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінде болып өтті.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: time.kz,vk.com, yvision.kz,miss.kz