"Қазнет Аруы" анықталды

Санаулы күндер бұрын оқырмандарымызға 2013 жылғы Қазнеттің ең сұлу бойжеткені анықталады дегенді хабарлаған болатынбыз. Көп ұзамай, яғни, 15-17 қаңтар аралығында 300 мың теңге көлеміндегі сыйақының иегерін анықтау үшін дауыс беру науқаны басталып кетті.

Енді міне интернет-байқаудың нәтижесі жарияланып отыр. Қазнеттің ханшайымы – 20 жастағы алматылық Салтанат Бекжігітова екендігі анықталды.


Байқау ұйымдастырушылары таяуда ғана бұл атаққа басты үміткер ретінде былтырғы жылғы "Алматы Аруы" атанған және "Жаһан Аруы" байқауына қатысушы Айгерім Қожаханды атаған болатын, алайда, жерлесіміз Салтанат 12 финалистті басып озды. Ол 2273 дауыс жинаған екен. 

Ал "Қазнеттің вице-аруы" атағына ие болған Салтанат Тыныбаеваға 1863 дауыс берілген.

Салтанат қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының бірінде менеджер мамандығы бойынша біліп алып жүр. Ол осы күнге дейін "Алматы Аруы – 2010", "ІІ Қазақстан вице-аруы – 2010" лауазымдарын иемденіп, "Top Model Asia-2009", "Miss Fashion TV-2012" сынды сұлулық байқауларына қатысқан. HitTV арнасында өзін жүргізуші ретінде танытса, қазір НТК телеарнасында "Ревю" бағдарламасын жүргізеді. 

Салтанат Бекжігітова тілшілерге берген сұхбатында: "Мамандық бойынша, болашақ менеджермін. Менеджмент өзіңді ұйымдастыруға, мақсаттарыңды жоспарлауға, басқаруға мүмкіндік береді. Осының бәрін есепке алғанда, өзімді ұйымдасқан адам деп санаймын. Уақыт деген өте бағалы, кеткен уақытты қайтару да мүмкін емес, сондықтан бәрін жоспармен жасаймын. Өмірімнің әрбір сәтін лайықты өткізуге тырысып жүрмін. Мен Мәскеуде туылдым, Алматыда өстім" деген екен. Қазнет аруы өзін сән саласында сынап көргеніне өкінбейтіндігін жеткізді.

Интернет қолданушылары таяуда 2014 жылдың "Қаңтар аруын" таңдайды. Және 12 айға созылатын дауыс беру нәтижесінде тағы да бір Қазнет сұлуы анықталады. Сіз де бағыңызды сынап көріңіз! Байқау ережелері мына жерде жазылған.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Салтанат Бекжігітованың vk-дағы жеке парақшасынан