Қазақтың сөз теңізі

Қазақтың бейнелі сөздері кейде таңдайыңды қақтырмай қоймайды. Бүгінде қолданыста жоқ немесе азайып бара жатқан осындай сөздерді назарларыңызға ұсынамыз.

Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді – сапасы жақсы, хош иісті шайдай көңіл жадырататын кісі.

Ақпан соқса өлмейтін, тоқпан соқса өлмейтін – шыдамдылық, төзімділік туралы айтылған сөз.

Ақпар су – ағын су.

Ақ пен қызыл арасында – күн ұясына кірген шақ.

Ақ сазандай бұлқынсын – сылаң қақты. "Толған айдай толықсып, ақ сазандай бұлықсып, бұралып кетіп барады" деген суреттеулер кездеседі.

Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылды – жай-жапсарын білдірмей, жалғанның қисынын келтірді.

Ақ сұпыдай – әсем, ақ торғынақ сұпыдай бет біткен, оймақ ауыз, күлім көз, ақ шыныдай ет біткен, қайың сынды мүсінді деп келеді.

Ақ табан – мал-мүліксіз, сорлы, кедей.

Ақ тұш, ақ сиырдың сүтін іш – қазақта кісі түшкіргенде осылай әзіл-қалжыңмен айтылатын тілек болған.

Тілазар – тыңдаусыз, жалқау бала.

Тісқаққан – айлакер, кәнігі.

Тышқан тірлік – ептеп-септеп күн көру.

Тек серік – балама сауда, затпен есептесу.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: masa.kz