- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанның сәулет өнеріндегі...
Қазақстанның сәулет өнеріндегі бүгінгі жетістіктері
Уақыт ізін айшықтауға келгенде сәулет өнерінен асқан құдіретті дүние жоқ. Қара жерге қазық болып қағылып, тау боп төселген ғимараттар салынған дәуірінің тыныш-тіршілігі мен арман-мұратынан, қилы тағдырынан сыр мен шежіре шертер нағыз дерек. Сол дәуірдің ғимаратына қарап-ақ, уақыт лебі мен тарих желісін, өркениет мәнін түсінуге болады.
Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында құрылыс ерте дәуірлерде басталған. Жетісу мен Шу бойы, Сыр жағалауы, Арыс пен Талас өзендерінің бойы, Ұлы Жібек жолының өн бойында өркениет пен ежелгі қала мәдениеті дамып, бірегей сәулет өнерінің туындылары бой көтерді. Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Қарахан кесене-күмбездері, Сыр бойында жатқан қалалар соның дәлелі.
Архитектуралық нысандар Қазақстанда негізі Кеңес одағы кезінде көптеп салынды. Алматы қаласы ұзақ жылдар Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанның ең ірі әрі ең әсем қаласы болды. Ел тарихындағы күрделі кезең саналатын тоқсаншы жылдардың өзінде де Алматы күрт өсіп, кемелдене түсті.
Алайда архитекторлардың бір ауыздан келісетін нәрсесі – бұл елорданы ауыстыру идеясы қазақстандық сәулет өнері мен құрылысының дамуына үлкен үлес қосып, заманауи өзгеріс әкелді. "Архитектура мен құрылыс елдің тұрақтылығы мен ілгерілеуге байланысты қуат көздерінің молдығын танытатын ең басты көрсеткіштердің бірі ретінде басымдыққа ие болды", - дейді өнер зерттеушісі Халима Труспекова.
Ұлттық мәдениет және қазіргі архитектура
Қазіргі қазақстандық архитектураның да ерекшелігі сол – заманауи сәулет ғимараттарына ұлттық нышан мен нақыштың келбетін беруге назар аударуы. Алайда бұл ерекшелік құрылыс пен архитектурада басқа да басым бағыттар жоқ дегенді білдірмейді. Қазір негізгі басымдық архитектура ісіне инновациялық шешімдердің, жаңа технологиялардың көптеп енуіне беріліп отыр.
Есімдері әлемге танымал архитекторлар Қазақстанның жаңа астанасына келіп, заманауи келбетке сай ұлттық нақыштарды сәулет өндірісіне енгізіп, ғаламдық жаңалықтарға қол жеткізді.
Мәселен, елордада Хан-Шатыр кешенін салған Норман Фостер құрылыс бастамас бұрын көшпенділердің тарихын зерттеп, тарих жылнамаларында хан ордаларында шатырлардың сән-салтанат құрып, асқақтап тұратынын дәл тапқан. Содан киіз үй бейнесін кешеннің бейнелік шешімі ретінде алды.
Сондай-ақ, елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайының (Пирамида) құрылысын жобалау кезінде енгізген жаңалығының арқасында Норманның есімі архитектура тарихына жазылды. Бұл – ғимараттың тарих пен мәдени құбылыс болудан өзге, Арқа төсіндегі астананың ауа-райы мен климаттық жағдайына ыңғайланып жасалған техникалық шешімнің көрінісі. Арқа беліндегі қатты жел ғимараттың құрылысына да зиянын тигізе алмайды, сондай-ақ арқаның құбылмалы темпетурасына да төтеп бере алады.
Ал Самұрық құс жұмыртқа басар ұя мифтік желісінен бой көтерген Бәйтерек монументалды бейнесі бүкіл Қазақстанның символына айналды.
Бір қызығы, ұлттық мәдениетпен еш байланысы жоқ құрылыстардың өзі елдің қандай да бір ұлттық символикасына айналғанын да байқауға болады. Мәселен, Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінің сырт келбетінде ұлттық реңк жоқ, тек ішкі интерьерінде ғана көшпенділердің белгілері байқалады. Алайда бұл ғимарат Қазақстанның да, Алматының да символына айналған.
Қазақстанға шақырылған шетелдік сәулетшілер архитектуралық жоба мен құрылыстың дамуына жан-жақты пайда әкелді. Қазақстандық қалалар әлемдік даму бағытына ілесті. Бұған дейін қазақ сәулет шеберлері кезеңдік кезеңде де, қазірде киіз үй, шаңырақ, кереге сынды ұлттық белгілерді ғана түрлі нұсқада түрлендіріп қолданып қана келді. Ал шетелдік сәулетшілер бұл бағытқа біршама жаңалық әкеле алды.
"Қазақстан қалаларындағы ғимараттардың ұлттық түрге енуі мәселесіне келсек, жаңа заман ұрпақтарының ұлттық кодының түп-тамырын іздестіруді барлық өнер салалары өкілдері арасында нақ архитекторлар бірінші болып бастады, неғұрлым терең этникалық дәстүрлерге сүйену қажеттігін алғаш сезінген де сәулетшілері еді" дейді Халима Труспекова.
Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының архитектурасында соңғы отыз жыл көлеміндегі барлық стильдік бағыттар көрініс тауып отыр. Жаңа астанада социалистік реализм бағытынан бастап постмодернисттік архитектураның ең бір жоғары үлгілеріне дейінгінің бәрі бар. Егер І Петр Санкт-Петербургте ерекше символдық реңкі бар, салтанаты жарқырап көрінетін барокко-классикалық бірыңғай пішінді қалыптастырса, астанадағы әртүрлі текшефутуристикалық пішіндер қалыптасты.
Елордада ғимараттар ғана емес, көше мен қаланың құрылыс салу жобасы да ұлттық мәдениет белгілерімен байланыстырылып құралды. Мәселен, Президенттік мәдениет орталығы түркі мәдениетінде жүздеген жылдар бойы келе жатқан "төртқұлақ" принципімен жобаланған. Ең ұзын жолдың бойында, қос көшенің қиылысында орналасқан бұл ғимарат құрылысына төрт құлақ пішініндегі ұлттық мәтіннің енгізілді.
Қазақ сәулетшілері және заманауи архитектура
Архитектураны сөз ету – архитекторды сөз етумен бірдей. Қазақстанның заманауи архитектурасын сөз еткенде, сәулет өнерін тудырған дарын иелері жайлы айтпауымыз мүмкін емес. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басы қазақ сәулетшілері үшін жемісті жылдар, ақыл-ойдың дәуірі болды. Қазіргі Қазақстан архитектурасының алтын бастауы күні кешеге дейін ел астанасы болып келген Алматы қаласының сәулеттік келбетінен басталады. Алматы мен астананы жобалауға атсалысқан қазақ архитекторлары жүздеп саналады. Солардың арасынан есімі елге танылған сәулетшілерге тоқталып өтуді жөн көреміз.
Тәуелсіздік жылдарында Алматы мен Елордада бой көтерген көптеген ғимараттардың авторы – Тоқтар Ералиев.
"KazGor" академиясының бірінші вице-президенті және бас сәулетшісі, Шығыс елдері архитекторлары Халықаралық академиясының академигі, Халықаралық архитекторлар академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген және Құрметті архитекторы Тоқтар Ералиев қазіргі Нұр-Сұлтан мен Алматының архитектурасының белсенді ұйымдастырушысы саналады.
Ол қазіргі Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы), Арыс ауданы, Байырқұм ауылында 1946 жылы дүниеге келген. 1965 жылы Алматыдағы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының сәулет факультетіне оқуға түседі. "Казгор" жобалау академиясында жүріп, "Достық" даңғылын, Республика сарайын жобалауға қатысты. Кейін Алматыдағы округтік Офицерлер үйін жобалады, бұл ғимарат кейін ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық Армия үйіне айналды.
Юрий Ратушныймен бірігіп, Ресейдегі "Сочи" санаторийі мен Алматыдағы "Алатау" шипажайын, Париждегі Тет Дефанс халықаралық конкурсын, Атырау қаласының бас жоспарын, Құлсары қаласын салу, Байқоңыр ғарышты зерттеу және игеру мұражайының, тағы бірнеше институт пен бизнес орталықтарын жобалады.
Кейін Алматыдағы "Нұрлы тау" көпқызметтік бизнес орталығын жобалауға кірісті. Бұл алып кешенге көне Түркістан қаласының белгілері мен құрылыстық шешімдерін қолданды.
"KazGor" жобалау академиясында жүріп бұрынғы Астана қаласының Бас сәулетшісі болды. АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Ұлыбританиядағы қаржы орталықтары мен әкімшілік ғимараттарды жобалауға атсалысқан.
Қазіргі Қазақстан архитектурасына жемісті үлес қосқан сәулеткерлеріміздің бірі – Адамбек Қапанов. 1927 жылы наурызда ШҚО, Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Мәскеу архитекторлық институтын бітірген. 1971 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы атанды.
Алматы қаласының орталығын қайта құруға, көрікті архитекторлық ансамбльдерді қалыптастыруға белсенді қатысқан жан. Оның жобасы бойынша Орталық мәдениет және демалыс қақпасы, Республикалық орталық стадион кешені, қазіргі Қазақ спорт және туризм академиясы кешені салынды. Д.Қонаев мүсіні, қазіргі Алматы қалалық әкімшілік ғимараты, Республика алаңы авторларының бірі болды. Алматы қаласының 1978, 1989, 2000 жылдары бас жоспарын жасауға қатысты.
Кеңестік кезеңдегі Алматы архитектурасында Владимир Кацевтің қайталанбас тамаша қолтаңбасы бар. Медеу мұз айдыны, Динамо жүзу бассейні, Цирк үйі ғимараттары осы сәулетшінің қолынан өткен. Әсіресе, Цирк үйі сол кездегі өлшеммен қарағанда өте күрделі жоба болатын. Өйткені цирк ғимаратын жобалау мен жүргізуге қатысты ортақ ереже мен қағида жоқ еді. Цирк труппасының ерекшеліктері көп: арыстан, ешкі, маймылдарды көрші орналастыруға болмайды. Арыстан есінесе, бәрі бұғып қалатыны белгілі. Жыртқыштар мен өсімдікқоректілерді бөлек-бөлек орналастырып, бөлек тамақтандыру қажет. Содан Кацев Алматының пейзажына лайықтап, ұлттық ерекшеліктері қосып, бірегей, ғажайып ғимаратты жобалап шықты.
Ал Кацтың қиялы мен нәзік талғамынан шыққан Медеу мұз айдыны тау ішінде адам қолымен емес, табиғат қалауымен тұрғызылған құрылыстай әсер қалдырады.
Сондай-ақ, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы мен Шымбұлақ тау шаңғысы кешенін де Кац жобалаған.
Едәуір жылдарын Алматыдағы архитектуралық жұмысқа арнаған, кейін Нұр-Сұлтан қаласының бас сәулетшісі болған Шоқан Матайбековтың Қазақстан сәулет өнеріндегі алатын орны ерекше.
Ол – елордадағы "Нұржол" бульвары, "Солтүстік шұғыласы" тұрғын үй кешені, Ақ-Орданың жанындағы Министрліктер үйі тәрізді бірегей ғимараттардың авторы. Ал оңтүстік астанада "Алматы Таэуерс" тұрғын үй кешенін жобалау арқылы Қазақстандағы тұрғын үй кешенінің жаңа үлгісін жасады.
Шоқан Матайбеков өзінің архитектуралық еңбек жолында миллионнан астам шаршы метр тұрғын үйдің жобасын жасаған екен. Бірақ бұлардың арасында 200 шаршы метрлік Мұхтар Әуезов мұражайының жобасын жасап шыққанына сәулетшінің өзі де ерекше мақтан тұтады. Алматы қаласының Назарбаев даңғылы – Төлебаев көшесі – Абай даңғылы – Құрманғазы көшесі қиылысында орналасқан бұл ғимарат қазір тарихи орынға айналып үлгерді.
Осы мұражай жобасы үшін 2000 жылы Софиядағы бүкіләлемдік сәулет трианналесінде арнайы сыйлыққа ие болды.
ҚР Архитекторлар одағының президенті Ақмырза Рүстембеков қазіргі Қазақстан сәулет өнерінде белгілі тұлға саналады. Бәйтерек монументімен-ақ Қазақстан архитектурасында өз есімін қалдырған жан. Сондай-ақ, Алматы метрополитені мен "Жібек жолы" бекетін, Әл-Фараби даңғылы бойындағы қаржы орталығын, Наурызбай көшесі бойындағы World Class кешенін жобалаған.
Ал қазақтағы тағы бір белгілі архитекторы Сағындық Жанболатов елордада бес жыл бойы бас сәулетші болған. Бас сәулетші бола жүріп, "Хазірет Сұлтан" мешіті, Триумфальді арка, Қазақ ұлттық өнер университеті тәрізді ғимараттардың жобасын жасады.
Триумфальді арка еуропалық үлгімен салынған ғимарат көрінгенімен, ол – нағыз ұлттық бағыттағы сәулет нысаны. Арканың төменгі жағында мәңгілік күн бейнесі тұр. Бұл – Ұлы даланың таза символикалық белгісі саналады.
Қазіргі Қазақстан архитектурасына үлес қосқан сәулеткерлердің бірі Алмас Ордабаев кеңес сәулет өнерінің шеберлерінің көбі түлеп ұшқан Ленинград инженерлік-құрылыс институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Оқу бітірген соң, Алматы қаласына оралып, Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Әулие Вознесенскі кафедральді соборын қайта жаңғырту, "Самал" ықшамауданының жобасын жасау сияқты құрылыс жұмыстарын аяқтады.
Ал архитектор Болат Ахметов Алматыдағы Республика Сарайын реконструкциялауға, "Алматы" шипажайын жөндеуге, Оқушылар сарайын салуға атсалысқан.
Материалды дайындауға
Халима Труспекова мен Төлеу Бәсеновтің еңбектері
қолданылды