- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанның премьер-министрі болып...
Қазақстанның премьер-министрі болып Серік Ахметов тағайындалды
Қазақстанның жаңа премьер-министрі болып Серік Ахметов тағайындалды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Үш депутаттық фракция да (107 депутат) Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидатты қолдап дауыс берді.
Ахметов Серік Нығметұлы 1958 жылдың 25 маусымында Қарағанды облысында дүниеге келді. Жоғары білімді. Қарағанды металлургия зауыты жанындағы зауыт-ЖТОО-сын, Ресей Басқару Академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург. Экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын Қарағанды металлургия комбинатында бастаған. 1983-1990 жыл аралығында партия және комсомол органдарында, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған, Орталық Қазақстандық «Кең дала» тауар биржасының президенті болған.
2001 жылдан бастап Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2009 жылдың қараша айынан бастап, Қарағанды облысының әкімі болды. 2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және тағы басқа мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ҚР үкіметі баспасөз қызметі