Алматы маңында орналасқан көрікті жерлердің тізімінде Қайыңды көлі алғашқы қатардан орын алады. Керемет көрінісімен көз баурайтын Қайыңды – Қазақстандағы ең жас көл. Ол Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым қашықтықта орналасқан. Көл айналасында қарағай мен қайың қалың өскендіктен, жергілікті жұрт су айдынын Қайыңды деп атап кеткен. Көз тартар көрініске ие танымал туристік орынның пайда болу тарихының өзі өзгеше. Көл XX ғасырдың басында Алматы маңында болған табиғи апат салдарынан пайда болған. Мақалада осы оқиға жайын, көлдің өткен және бүгінгі жағдайын баяндаймыз.
Қайыңды – Алматы облысы Райымбек ауданында, Күнгей Алатауының баурайында орналасқан. Теңіз деңгейінен 1867 метр биіктіктегі көлдің ұзындығы – 600 метр, ені – 300 метр, тереңдігі – 30-40 метр. Көлді толығымен тау қоршап жатқандықтан мұндағы ауа райы бірқалыпты. Жаз мезгіліндегі орташа ауа температурасы – 23 градус.
Қайыңды қалай пайда болды?
1911 жылдың 3-нен 4-не қараған түні сағат 4:26-да Алматыда алапат апат болды. 9-10 баллдық күшпен жер сілкініп, тербеліс әсерінен қала қирай бастады. Қуатты күштің әсерінен жер екіге жарылып, батыстан шығысқа қарай 200 шақырымға созылған тілімдер пайда болған. Ресми деректерге сүйенсек, осы оқиға кезінде Алматыда 390 адам қаза болған. Бұл апат тарихта «Кемін оқиғасы» деген атаумен қалды. Жер сілкінісің дүмпуі Алматыдан 280 шақырым қашықтықтағы Күнгей Алатауында да сезілді. Соның салдарынан тау көшіп, сел жүрді. Тау баурайында ағып жатқан өзеннің арнасы жабылып қалғандықтан қарағайлы сайға су жыйылып, нәтижесінде көл пайда болды.
Қайыңдының басқа көлдерден ерекшелігі, көл ортасында су астынан найзаға ұқсас ұзын ағаштар шығып тұрады. Мұнда келген немесе суретін көрген адам ең бірінші осының сырын айтуды сұрайды. Бұл – 1 ғасыр бұрын осы сайда өскен биік қарағайлардың ұштары. Тамыры жер қабатында, кеудесі су астында қалған күнсүйгіш қарағайлардың ұштары көл бетінен 15 метр биік тұр. Қайыңдыға көрік беріп тұрған су бетіндегі көріністің сырын білдік. Су айдының астында не құпия барын білеміз бе?
Көл түбінде не бар?
Көлдің беткі бөлігі көз жауын алар керемет көрініске ие. Ұсынған видеоға қарап судың ішкі әлемінен әдеміліктен көрі қорқыныш пен үрей оятатын көріністі байқаймыз. Жапырағы түсіп жалаңаштанып, бойын балдыр басқан бұталардың бейнесі қараған жанға көңілсіз күй кештіретіндей. Дегенмен көл түбіндегі шөптер, ұсақ тастар, қарағай мен шыршаның діңдері бұрын су астында емес сыртқы әлемде өмір сүргенін айғақтап тұр. Қайыңды көлінің тағы бір ерекшелігі, мұнда балық түрлері өте аз. Тіпті балық санын артыру мақсатында басқа өңірден әкелген балықтардың өзі көп уақыт өтпей өліп қалады екен.
Қайыңдының фаунасы мен флорасы
Қайыңды көлі аумағында жеміс-жидектің 70-тен астам түрі (шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш т.б.) өседі. Сонымен қатар мұнда сусын дайындауға таптырмайтын қалақай, қымыздық, шайқурай сынды өсімдіктер де бар. Көл аумағында дәрілік шөптің 47 түрі өседі екен. Олардың кейбіреуі қазір ұлттық фармацияда қолданылуда. Сонымен қатар Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің 12 түрі кездеседі.
Қайыңды көлінің маңында аң-құстың 197 түрі, оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі бар. Қызыл кітапқа енген сүт коректілердің 6, құстардың 13 түрі кездеседі. Олардың арасында аң атаулыдан Тян-Шаньның қоңыр аюы мен әйгілі арқарын, тау сусары, қар ілбісі, түркістан сілеусінін, құстардан қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, құмай, үкі, жүнбалық байғыз, жапалақ, шымшық сияқты құстарды кездестіруге болады.
Қайыңдыға қандай қауіп төніп тұр?
«Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің тамызда таратқан ақпаратына сүйенсек, Қайыңдыға 2018 жылы 40 мыңнан астам турист келген. Ал биыл бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Бұл қуанарлық жағдай, дегенмен өкінішті тұсы да бар. Бұл туралы парк қызметкерлері хабарлаған еді.
«Қайыңды көлі 2010 жылдан бері 9 жылдың ішінде 10 метр төмендеді. 2011 жылдан бастап мемлекетке, Үкіметке, Парламентке талай мәрте хат жолдадық. Егер Қайыңды көліне шұғыл шара қолданып, тоспа салынбайтын болса, Қайыңды көлінен біраз жылдардан кейін ажырап қалуымыз мүмкін», - деді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туризм бөлімінің бастығы Хамит Ахметов.
Демалушылар үшін жағдай жасалмаса да Қайыңдының сұлу табиғатын көруге келетін туристер саны жыл өткен сайын артып жатыр. Көл көркі, саф таза жұпар ауасы, қарағайлы орманы жанға ерекше жайлылық сыйлайды.