- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанның көмір кен...
Қазақстанның көмір кен орындары
Көмір – Қазақстаннан өндіріске шығарылған алғашқы пайдалы қазба. Сондықтан ел тарихымен етене жатқан өндіріс көзі десек болады. Қазақстанда 300 көмір кен орны мен 10 көмір бассейні табылған. Назарыңызға шетелді де, Қазақстанды да көмірмен қамтамасыз етіп отырған кен орындарын ұсынамыз.
Қарағанды көмірі. Қазақстанда ашылған тұңғыш көмір кен орны. Көмір қоры 1833 жылы табылған, 1855 жылы өндіріс іске қосылды. Қарағанды көмір бассейні ТМД-да ірі кеніш саналады. Қоры жағынан Кузбасс мен Донбастан кейін үшінші орында. Мұндағы көмірдің бәрі – кокс көмір. Әлемдегі сапалы көмірлердің бірі.
Кен орындары – Қарағанды, Саран, Шахты және Абай. Көмір бассейнінің жалпы ауданы – 3600 шаршы шақырым. Тереңдігі 600 метрге дейін. Кей жері 800-900 метрге жетеді.
Жабық әдіспен өндіріледі. Сондықтан бағасы қымбат. Қазақстан мен Ресейдің, Украина мен Орталық Азияның металлургиялық зауыттарына жіберіледі.
Қазіргі уақытта жылына 30 млн тоннадан аса көмір өндіріледі. Кеңес одағы кезінде жылына 50-52 млн тонна көмір өндірілетін.
Екібастұз көмірі. Павлодардың Баянауыл ауданында орналасқан. Қоры жағынан Қарағандыдан кейін екінші орында. Бұл – энергетикалық көмір. Сондықтан көбіне жылу электр стансаларына жеткізіледі. 1995 жылы Екібастұз алабынан шыққан көмір Қазақстандағы энергияның жартысына жуығын өндірген.
Кен орындары – Богатырь, Орталық, Шығыс және Оңтүстік кен орны.
Екібастұз көмірінің қалыңдығы – 160-180 метр.
Бұл жерде көмір 1899 жылы өндіріле бастады. Басында көмірі сапасыз, өндірудің шығын көп болғандықтан, сұранысы аз еді. 1903 жылы жабылып қалып, шахтасын су алып кетті. Ал 1913 жылы ағылшындар келіп, кен орнын қайта ашып, сапалы көмір шығара бастады.
1916 жылы 64 мың тонна көмір өндірілді.
Қазір Екібастұз көмір бассейні жылына 55 млн тонна көмір өндіреді. Оның 40 пайызы Ресейге жіберіледі.
Екібастұз маңындағы Майқұба көмір бассейнінің болашағы зор. Мұнда жыл сайын 20-25 млн тонна көмір өндіріледі.
Қаражыра көмірі. Семей өңірінде орналасқан ірі кеніш. 1967 жылы Семей полигоны аумағында ашылған. 1968-69 жылдары геологиялық экспедиция ұйымдастырылып, полигон аймағына жақын болғандықтан кен орнын ашу мен зерттеуге тыйым салынды.
Тәуелсіздік жылдары Семей полигоны жабылып, кен орны Қаражыра (бұрынғы атауы – Юбилейное) деген атауға ие болып, көмір өндірісі қолға алынды.
Көмір қалыңдығы мен тереңдігі – 300 метр. Кейбір жерінен 1-3 метрден көмір табуға болады. Көмірі Өскемен мен Семейдің, Моңғолия мен Ресейдің, Қырғызстанның жылу станцияларына тасымалданады.
Торғай көмірі. Қостанай өңірінде орналасқан кен орны. Ресейдің Орал аймағы мен Қостанай өңірін қамтамасыз етеді. Көмір алабы шамамен 52 млрд тонна, барланғаны 7 млрд тонна.
Мұнда қоңыр көмір өндіріледі. 1942 жылы ашылған. Ауданы – 150 мың шаршы шақырым.
Торғай көмір алабында Обаған көмір бассейні орналасқан. Оның геологиялық қоры – 50 млрд тонна. Болашағы зор, ашық әдіспен өндіруге болады. Бірақ гидрогеологиялық қабаты біраз күрделі.
Қазақстанда шағын көмір кен орындары жетерлік. Оны елдің әр өңірінен табуға болады. Шығыс Қазақстанда Кендірлік (жылына 300 мың тонна), Алакөл кен орындарының, Батыс Қазақстанда Мамыт кен орны (жылына 300 мың тонна), Алматыда Ойқарағай (жылына 500 мың тонна), Жамбылда Құлан Кетпес (500 мың тонна), Ленгер кен орындары, Ақмолада Сарыадыр (жылына 1 млн тонна) кен орны орналасқан.
Қ. Слямбек