Қазақстанның экологиясы нашар 10 қаласы

Қазақстанның экологиясы нашар 10 қаласы
Фото: digitalphotoacademy.com

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланы атады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес қырық бес (45) елді мекен ішінде он (10) қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі.

Қалдықтарды өңдеудің төмен деңгейі мәселесін жүйелі шешу үшін заңнамалық деңгейде "Waste to energy" технологиясы енгізілуде. Бұл дегеніміз, қоқысты жағу арқылы электр энергиясы өндіріледі, сосын ол жалпы электр желісіне сатылады. Жақында ғана Мемлекет басшысы тиісті заң жобасына қол қойды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған пилоттық жобалар бірінші кезенде алты (6) қалада жүзеге асады. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент. Бүгінгі күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жер учаскелері, инфрақұрылым және зауыттардың қалдықтармен кепілді жүктелуі мәселелерін пысықтап жатыр. Пилоттық жобалар сәтті іске асырылған жағдайда зауыттар басқа қалаларда да салынады. Осы технологияның арқасында 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейі отыз пайызға (30%), яғни орта еуропалық деңгейге жетеді. 

А. Рысдәулет