- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанның екі табиғи...
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары ЮНЕСКО-ның жаһандық биосфералық резерваттар желісінің тізіміне енеді.
"Бүгінгі таңда "Адам және биосфера" деп аталатын ЮНЕСКО-ның жаһандық биосфералық резерваттар желісінің бағдарламасы аясында Қазақстанда 12 биосфералық резерват бар. Бұл Орта Азиядағы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда көп көрсеткіш. Бұған қарап әлем елдерінің Қазақстан табиғатының алуандығын сақтап, оны болашақ ұрпақтың қолына табыстауға мүдделі екенін аңғаруға болады", - деп мәлімдеме жасады ұйымның үйлестіру кеңесінің өткен 32-ші сессиясында.
ЮНЕСКО-ның қарамағына Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтарынан бөлек әр елде орналасқан тағы 24 биосфералық резерват өтеді. Қазіргі таңда ұйымның әлемдік желісіне 129 мемлекет аумағында орналасқан 714 биосфералық резерват кіреді.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы – Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер , Зырян, Глубокое аудандарының аумағында орналасқан. Батыс Алтай қорығының аудандастырылуы Оңтүстік-Cібір тау елдерінің Алтай провинциясына жатады. Қорықтың ландшафтық кешеніне Иванов (2800 метр), Холзун (2500 метр), Көксін (2300 метр), Тигирецк (2300 метр), Линейск (1600 метр), Уба (2067 метр), Үлбі (2000 метр) жоталарының таулы жер бедерлерінің бөлігі қосылады. Қорықта бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, кәмшат, тиін, шұбар тышқан, суыр, түлкі және әртүрлі кеміргіштер мекендейді. Ал құстардың 100-ден аса түрі бар. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енген қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт бар.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығы – Іле Алатауының орталық бөлігіндегі табиғат байлығын қорғау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1931 жылы құрылған мемлекеттік корық. Ауданы 73,34 мың гектарды құрайды. Алматы қорығының құрамына теңіз деңгейінен 1400-5017 метр биікте орналасқан Талғар тау жоталары енеді. Оның орманды-дала белдеуінде (1300-2600 метр) алма, өрік, долана, қарақат, итмұрын, ұшқат өседі. Жабайы жеміс ағашты орман Тянь Шань шыршасынан тұратын қылқан жапырақты орманға (1400-2800 метр) ауысады.
А. Рысдәулет