- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстания деген қандай...
Қазақстания деген қандай құрлық болған?
Ғылыми гипотеза бойынша, Жер шарындағы құрлықтар миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан. Сол гипотезалық тұжырымдарға сенсек, Қазақстания деген құрлықтық өңір болған екен.
Құрлықтар ұзақ уақытты қамтитын эволюциялық дамудың нәтижесінде пайда болған гетерогенді дене саналады. Ол фиксизм теориясы бойынша геосинклиналдардың дамуы барысында ертедегі ядролардың бірігіп ұлғаюы нәтижесінде пайда болған. Ал мобилизм теориясы бойынша, қазіргі құрлықтар бір уақыттарда бүтін болған Пангея континенті бөлшектеніп, алдымен Лавразияға және Гондванаға бөлінген. Құрлықтардың нобайы мұхиттардың ашылуынан және литосфералық тақталардың соқтығысуынан өзгеріп отырған.
Бұл ежелгі құрлықтар әзірге ең негізгі ғылыми теориялар саналады. Алайда олардан өзге басқа теорияларға негіз болған суперконтиненттер және құрлықтық өңірлер болған. Мысалы Кенорленд, Нуна, Лавруссия, Зеландия, Қазақстания сияқты қазіргі құрлықтардың қалыптасуына әсер еткен континенттер, құрлықтық өңірлер болған. Әрине, мұның барлығы тек гипотезалық деңгейдегі тұжырымдар. Бұл құрлықтардың барлығы бірдей болмауы мүмкін, бірақ Жер шарында қатпарлануы ықтималдығы өте жоғары.
Кенорленд – геофизиктердің пікірінше, шамамен 2,75 млрд жыл бұрын неоархей дәуірінде болған гипотезалық суперконтинент. Палеомагнит зерттеулері көрсеткендей, бұл гипотезалық континент төмен ендіктерде орналасқан.
Нуна (Колумбия, Хадсонленд) — 1,8-1,5 миллиард бұрынғы жылдар аралығында болған гипотезалық суперконтинент. Дж.Роджерс және М.Сантош 2002 жылы аталған континенттің болғаны туралы мәлімдеген еді. Олар Нуна құрлығын палеопротерозой дәуіріне жатқызады, бұл болжам Нуна құрлығын ең көне суперконтинент етіп тұр.
Лавруссия (Еврамерика) – каледон орогенезі кезіндегі Солтүстік Америка (Лаврентия ежелгі континенті) және Шығыс Еуропалық (Балтық ежелгі континенті) платформалар коллизиясы нәтижесінде пайда болған палеозой дәуірінің суперконтиненті. Пангея ыдырағанда Лавразия құрамына еніп кеткен.
Зеландия – қазіргі уақытта толықтай дерлік су басқан гипотезалық континент. Австралиядан 60-85 миллион жыл бұрын, Антарктидадан 130 немесе 85 миллион жыл бұрын ажыраған. Шамамен 23 млн жыл бұрын толықтай су басып кеткен.
514 миллион жыл бұрынғы кейінгі Камбрия дәуірі
Қазақстания (немесе Қазақстан блогы) — ерте палеозойда құрылған кіші құрлықтық өңір. Бұл Арал теңізі солтүстігі мен шығысында, Сібірия кратонының оңтүстігінде және Алтай мен Балқаштың батысында орналасқан.
425 миллион жыл бұрынғы кейінгі Силур дәуірі
Аталған құрлықтық өңір көбінесе жанартаулы аралдар доғаларының және террейндердің жиынтығы болған. Бұлар бір-біріне ордовик кезеңінде қосылды. Сол кезде Қазақстания оңаша құрылық болды. Бор кезеңі мен карбонда Қазақстаниямен Сібірия кратоны түйісіп Алтай тауларын құрды, сосын Балтық құрылығы Орал тауларымен қақтығысып қазіргі күндегі Еуразияны құрды.
Massaget.kz