- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанға қоныс аударған...
Қазақстанға қоныс аударған түркі халықтары
Қазіргі түркі халқының географиялық орналасуына қарасақ, Қазақстанда өмір сүріп жатқан түркі тектес халықтардың шеттен көшіп келгенін, қоныс аударғанын байқаймыз.
Дегенмен түркі əлемі мен қазақ тарихын зерттеушілердің еңбектеріне жүгінсек, бір кезеңдерде пайда болып, қайтадан ыдырап кеткенін есепке алмағанда, ұлы дала аумағында скиф, сақ, ғұн мемлекеттік бірлестігінен кейін Ұлы Түрік қағанаты, Батыс жəне Шығыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Ұйғыр қағанаты, Қарлұқ мемлекеті, Қараханит, Қарақытай, Қимақ, Қыпшақ бірлестігі, Жошы ұлысы, Алтын Орда хандығы, Əбілқайыр хандығы (Өзбек ұлысы), Моғолстан, Қазақ хандығы деген ірі мемлекеттер мен мемлекеттік бірлестіктер болды. Бұл мемлекеттердің барлығы қазіргі Қазақстан жерінде құрылып, этникалық негізі көне қазақ жерінде қалыптасқан.
Қазіргі уақытта әлемдегі түркі тілдес халықтар мен ұлыстар Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Əзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы сияқты жеті тəуелсіз мемлекетпен қатар, ҚХР-дың Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасы мен Ганьсу провинциясының Сунань уезінде (сары ұйғырлар), РФ-ның Тува автономиялық республикасы, Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Алтай автономиялық республикасы, Қарашай-Балқар автономиялық республикасында, Астрахан, Орынбор, Омбы облыстарында, Чувашия, Якутия (Саха), Хакасияда, Украина құрамындағы Қырым автономиялық республикасында, Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда, Молдова Республикасы құрамындағы Гагаузияда, Əзірбайжандағы Нахичеван автономиялық республикасында, Моңғолияның Баян өлгей аймағында тұрады.
Олардың санын əр түркі ұлтына қарай көрсетсек, түріктер – 85 млн., əзірбайжандар – 50 млн., өзбектер – 30 млн., ұйғырлар – 20 млн., қазақтар 15 – млн., татарлар – 9 млн., түрікмендер – 8 млн., қырғыздар – 5,5 млн., ноғайлар – 4 млн., башқұрттар – 2,5 млн., шуаштар (чуваштар) – 2 млн., қашқайлар – 1,7 млн., ахыскалар – 1 млн., қарақалпақтар –1 млн., қырым татарлары – 500 мың, сахалар (якуттер) – 500 мың, құмықтар – 420 мың, хорасандар – 400 мың, тувалар – 350 мың, қарашай-балқарлар – 300 мың, гагауздар – 300 мың, афшарлар – 300 мың, алтайлар – 75 мың, хакастар – 65 мың, саларлар – 55 мың, шорлар – 10 мың. Осыған қоса саны мыңға жетпейтін жəне жойылып бара жатқан онға тарта түркілік ұлттар бар.
Қазіргі уақытта әлемде мемлекеттік мәртебесі бар алты түркі тілі бар. Олар – қазақ тілі, әзірбайжан тілі, қырғыз тілі, түрік тілі, түрікмен тілі және өзбек тілі. Қалған түркі тілдері өзге мемлекеттер құрамындағы халықтар тілі. Оның ішінде кейбірінің әдеби жазба тілі қалыптасқан. Мәселен алтай, башқұрт, гагауыз, долған, қарайым, қарақалпақ, қарашай-балқар, қырым татары (қырымшақ тілі), құмық, ноғай, салар, саха, татар, тофа, тыва, ұйғыр, сары ұйғыр, хакас, чуваш, шор тілдері әдеби тіл дәрежесіне көтерілген.
Қазақстан елі де түркі ұлттарын жинақтаған мемлекет саналады. Оның үстіне, соңғы социолингвистикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда славян текті ұлттардың орнын түркі тектес ұлттардың саны басып келе жатыр. Яғни, Қазақстан біртектес түркі текті ұлттардан құрылған елге айналып келеді. Бұған ішкі де, сыртқы да миграция әсер етіп жатыр.
Өзбек, қырғыз, түркімен, ноғай, қарақалпақ сынды түркі этностары қазақтармен ежелден қонысы бір, өрісі тең халықтар болғандықтан, қазіргі Қазақстан территориясында бұл ұлттар өзара аралас-құралас жатты. Ал ұйғыр, түрік, өзбек, әзірбайжандар көршілес елдерден қоныс аударылды. Мұның ішінде түркі халықтары Кавказ бен Шығыс Түркістаннан, Орта Азиядан көшіріліп әкелінді.
Қазақстанда қазіргі таңда 25-тен аса түркі тектес халық тұрып жатыр: қазақтар, ұйғырлар, түріктер, әзірбайжандар, татарлар, өзбектер, қырғыздар, балқарлар, қарақалпақтар, ноғайлар, қырым татарлары, башқұрттар, шорлар, түркімендер, мордвалар, қарайымдар, чуваштар, хакастар, гагауыздар, қарашайлар, алтайлар, сахалар, құмықтар, қырымшақтар.
Ал Қазақстанға алғаш қоныс аударылған түркі тілдес халықтың бірі – ұйғырлар. Ұйғырлар мен дүнгендер Қазақстанға күштеп қоныс аударылған алғашқы халық болатын. Бұл екі халық Қазақстанның Жетісу жеріне ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары қоныс аудара бастады. Қытайдың Шығыс Түркістан аймағында Іле өлкесінде қоныс тепкен бұл халықтар Іле сұлтандығын құрып, маңайдағы халықтарды осы ұлысқа біріктірген болатын. Сұлтандыққа қазақ халқы да енген. Алайда XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында ұйғырлар, дүнгендер Қытай үкіметіне қарсы бірнеше рет көтеріліс ұйымдастырып, аяусыз жаншылған еді.
Шығыс Түркістанда болған мұндай алауыздықты пайдаланған Ресей әскері 1871 жылы Іле аймағына басып кіреді. Патша үкіметі мен Қытай үкіметі 1881 жылы өзара келісімге келе отырып, ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға көшіруге шешім шығарады. Ұйғырлардың қоныс аударуы 1881 жылдан басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Белгілі бір аймаққа ғана қоныстануды ойлаған ұйғырлар Жетісу аймағын, Жаркент уезін таңдаған. Үш жылдың ішінде Қазақстанға 100 мыңға жуық ұйғыр мен дүнген Қазақстан аумағына қоныс аударады. Кейін 1877 жылы Қытай әскерінен қашқан дүнгендер де Жетісуға қоныс аударып, ұйғырлар мекендеген жерге келіп тұрақтайды. Қазірде бұл халық, негізінен, Алматы облысында қоныстанған.
Күштеп қоныстандырылған түркі халықтарының келесі бір тобы – месхет түріктері. Бұл – Түркияның түріктері емес, Кавказдың оңтүстік-батысында орналасқан Грузиядағы Ахыск патшалығына енген түріктер. Бұл ахыск түріктері де қырым татарлары сияқты Осман империясының құрамына енген халық.
Қырым татарлары сынды месхет түріктері де 1829 жылы түрік-орыс соғысынан кейін өзінің тамырлас халқы Түркия түріктерінен ажырап қалады. Өйткені соғыстан кейін Грузия территориясы Ресей империясының қарамағына өтіп, шекара жабылып қалады. Содан бастап бұл түріктер өздерін ахыск түріктері деп атап, өзі жеке халық ретінде қалыптаса бастайды. Дегенмен месхет түріктері өзінің түпкі тегі Түркияның түріктері екенін мойындайды.
1937-1944 жылдары Кавказ халықтары Қазақстанға қоныс аудара бастады. 1944 жылы Грузия жерінен 94 955 адам күштеп көшірілген. Олардың арасында месхет түріктері мен әзірбайжандар да бар болатын. Күштеп қоныс аудару 1944 жылдың қараша айынан бастап, 1945 жылдың қаңтар айына дейін жалғасты. Қазақстанның әр түкпіріне 86 мың мұсылман жұрты көшірілу жоспарланғанымен, барлығы 96367 адам күштеп қоныс аударылған. Бұлардың ішінде 66823 ахыск түріктері, 8843 күрд, 14 мың хемшин жұрты болды.
Қазіргі таңда ахыск түріктері Қазақстанның оңтүстік аймағында шоғырланған. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қоныс тепкен. 1991 жылы ақпанда Алматы қаласында түрік мәдени орталығы құрылған. Ал бұл орталық 1996 жылы Қазақстан Республикасының түрік қоғамы деген атқа ауысты. Алматы мен Тараз, Шымкент қалаларында түрік тілін үйрету курстары ұйымдастырылған.
Өзбек халқы да Қазақстанға күштеп қоныстандырылған. Өзбек диаспорасының Қазақстанға қоныс аударуына Өзбекстандағы қуғын-сүргін себеп. Олар Қазақстанға 1910-1940 жылдар аралығынан бастап қоныстана бастаған. Алғашқы толқыны Шымкент, Қызылорда жақтарға қоныс аударған.
1897 жылы өзбектердің саны 29 564 адам болған. Ал 1926 жылы 129 399 адам, 1939 жылы 120 655 адам, 1959 жылы 136 570 адам, 1970 жылы 207 514 адам, 1979 жылы 263 295 адам, 1989 жылы 332 017 адам, 1999 жылы 370 663 адам, 2009 жылы 456 997 адам, 2010 жылы 467 455 адам болса, 2017 жылы 563 103 адамға жеткен. Яғни, Қазақстандағы өзбек этносы жыл сайын тек көбейіп қана отырған. Статистиканың бірде-бір жылында өзбек диаспорасының азайғанын байқамаймыз. Ал 1987 жылдан 2009 жылғы халық санағына дейін өзбектердің саны 14 есеге, 2017 жылға дейін 19 есеге жуық өскен. 2009 жылы Қазақстандағы халық санының 2,85 пайызын өзбектер құраса, 2017 жылы 3 пайызын құраған.
Қ. Слямбек