- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанға гуманитарлық көмек...
Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсеткен елдер
Жер жаһанды жаулаған коронавирус індеті тек адамдарды ғана емес, мемлекеттерді де біріктірді. Ортақ жауға қарсы күресте кез келген қару қажет-ақ. Осындай қиын-қыстау уақытта мемлекеттер өзара көмек қолын созып жатыр.
Бүгінде Қазақстанға 15-тен астам ел гуманитарлық көмек көрсеткен. Алғаш болып көмек қолын АҚШ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы созды. Қазақстанға коронавируспен бірге наурыз айында гуманитарлық көмек те келді. Оның ішінде жеке басты қорғау құрал-жабдықтары болды.
Арада ұзақ уақыт өтпей , көрші Қытай Халық Республикасы медициналық құрал-жабдықтарды жіберді. Сәуір айының басында Қытайдан коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест, жеке басты қорғайтын құрал жабдықтар (қолғап, көзілдірік, халат) және тағы басқа заттар келді.
Қытай билігінің шешімімен Қазақстанға тек орталық үкімет қана емес, аймақтың билік те қолдан келгенше көмектесті. 4 сәуір күні Ақтөбеге басқа гуманитарлық көмек жүгі түсті. Жалпы саны 720 мың медициналық маска мен 3 мың қорғаныс костюмі жеткізілді.
Дәл осы күні Алматыға Оңтүстік Кореяның гуманитарлық көмек жүгі келді. Корей билігі коронавирустың бар-жоғын анықтайтын 1000 тест берді.
Сондай-ақ, Қытай алғашқылардың бірі болып Қазақстанға дәрігерлерін жіберді. Нұр-Сұлтанға ұшып келген 10 дәрігер 5,5 тонна медициналық құрал-жабықтарды бірге ала келген. Олар Қытайда үш айға созылған коронавирусқа қарсы күресте алған тәжірибелерімен бөлісті.
Біріккен Араб Әмірлігі болса елімізге бір реттік қолғап, медициналық маска, бахила, антисептигі бар 13 тонна болатын гуманитарлық көмек жіберді. Қажетті заттар еліміздің түпкі аудандарына үлестірілді.
13 сәуір күні Польшадан көп қолдануға болатын 10 мыңнан аса медициналық маска келді. Бұған қоса гуманитарлық көмектің ішіне қазақстандық оқушылар қашықтан оқу үшін ноутбуктер қосылды.
Үндістанда оқыған қазақстандық алты студент 18 сәуір күні Алматыға келді. Дәл осы ұшақпен үнді билігі коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын 30 мыңнан астам дәрі-дәрмек беріп жіберген.
Елімізде тек көрші елдер мен мемлекеттер ғана емес, жеке кәсіпкерлер де көмек қолын созып жатыр. Мысалы, сәуір айының орта тұсында Азияның ең бай адамы Джек Ма Қазақстанға 4,5 тонна болатын гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде 500 мың медициналық маска, 5 мың қорғаныш киімі, 50 мың медициналық қолғап пен термометр бар. Оған қоса Джек Ма қоры және Alibaba компаниясы елімізде коронавирустың бар-жоғын лезде анықтайын экспресс-тест пен медициналық құрал-жабдықтар жібереді.
Түркияның "Nobel Ilaç" фармацевтикалық компаниясы сәуір айында Алматыға медициналық құрал-жабдықтарды жіберді. Ал ,мамыр айында Түркия билігі 150 мың медициналық маска, бетті және көзді қорғайтын 150 құрал-жабдық, 300 комбинезон және дезинфекциялауға арналған құралды жіберді.
Коронавирусты емдеуде қолданылатын гидроксихлорохин дәрісінің 60 мың данасын 28 сәуір күні Пәкістан елі арнайы ұшақпен жеткізді.
Жапония мамыр айында коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын 12 200 дәрі-дәрмек жіберді. Гуманитарлық көмек арнайы рейспен жеткізіліп, жергілікті ауруханаларға үлестірілді.
Катар билігі 8,5 тонна болатын гуманитарлық көмек көрсетті. Оның ішінде жоғары сапалы N95 респираторлық маскалары, арнайы киімдер, қолғаптар, қорғаныс көзілдірігі мен халаттар бар.
Жаздың алғашқы айында көрші Өзбек елі көмек қолын созды. Көрші елден 150 мың медициналық бетперде, 2500 қорғаныс киімі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 термометр және 440 кереует келген.
Грузия Қазақстанға 10 дана жаңа жасанды тыныс алдыру аппаратын гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Құрылғылар Нұр-Сұлтандағы медициналық мекемелерге тапсырылды.
Вьетнам Социалистік Республикасы Ұлттық жиналысы (Вьетнам Парламенті) елімізде коронавирустың таралуына қарсы гуманитарлық көмек ұйымдастырды. Вьетнамдық парламентшілер гуманитарлық көмек ретінде жіберген жеке қорғаныс құралдары Атырау облысындағы медициналық мекемелерге жіберілді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың дерегінше, елімізге гуманитарлық жүк ретінде 5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, 98 өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі, 3000 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.
"Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс өте ауқымды.
Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни, дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүниежүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Сондықтан мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, ең алдымен ,ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Бірақ, ең үлкен жауапкершілігі жүгі Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге түсіп отырғаны анық", - деп келтіреді Ержан Ашықбаевтың сөзін coronavirus2020.kz сайты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елімізде Оңтүстік Корея, Жапония және Швейцария көмек қолын созуға әзір. Сондай-ақ, Израиль Қазақстан дәрігерлеріне бар білгенімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.