Қазақстандық генетиктер туберкулезға қарсы вакцинасы бар сәбіз өсіріп шығарды. Бұл туралы Tengrinews.kz Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловқа сілтеме жасай отырып хабарлды.
Ғалымдар өсімдік тамырына туберкулез қоздырғышының антигенін енгізе отырып, осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Осы орайда Раманқұлов: "Трансгендік өсімдіктер негізіндегі вакцина бар әлемде үлкен сұранысқа ие. Неге дейсіз бе? Себебі бұл қолданылып жүрген қарапайым вакциналардан біршама есе арзан әрі тиімді. Әдетте қолданылатын вакциналардың ағзаға тигізетін кері әсерінің де болатындығы белгілі. Ал біздің жағдайда өсімдік ақуыздардың биофабрикасы ретінде жұмыс жасап тұр", - деп сұхбат берді.
Орталық қызметкерлері сәбізден эмбрионалдық клеткаларды алып, оны трансформацияға ұшыратқан екен. Осылайша трансгендік өсімдікке қол жеткізіпті. Айта кетерлігі көкөністің формасы қарпайым сәбізге ұқсамайды. Бұл сәбізді сатылы түрде отырғызу процесімен байланыстырылады.
Барлық жұмыстар аяқталған соң ғалымдар сәбізде аталған геннің бар екендігін дәлелдеуге тырысты. Тәжірибе объектісі ретінде тышқан таңдалып, нәтижесінде өсіп шыққан сәбіздің туберкулезға таяқшаларына деген иммунитетті жоғарылататындығы анықталған.
"Әрине, бұл өнертабысты нарыққа шығаруға әлі ерте. Алдымен көкөністің терапевттық эффектісіне зерттеу жүргізу керек. Дегенмен бұл жұмыс үлкен қаржыны талап етеді", - деді сөз соңында директор.
Ғалымның айтуынша, гендік инженерия әлемде біршама деңгейде дамыса да, генетикалық модификацияланған өнімдерді көпшілікке тарату туралы шешім шығару өте қиын. Бұл қадам өте тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Tiktok парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!