10 сәуірде Түркістанда Орталық Азиядағы ірі көпфункционалды туристік кешен – "Керуен-Сарайдың" ашылу салтанаты өтті.
Инвестициялық жобаны Turkistan Tourism City жүзеге асырды. Кешеннің құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында басталған. Нысан 20,5 гектар аумақта Әзірет-Сұлтан мәдени қорығының буферлік аймағында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Кешенде "Жібек жолы" дәуіріндегі көпестер мен қолөнершілер көшесі, "ұшатын театр", ат шоуына арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда орталықтары мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА мен фитнес орталығы, кинотеатр және отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Сонымен бірге барлық құрылымдарды су арнасы біріктіреді, мұнда суда "Қайықтар шеруі" атты театрландырылған шоу өтеді. "Керуен-Сарайдың" Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін туристерді қызықтыратын және аймаққа инвестицияларды тартудың басты орталығы болуға арналған.
Бұған дейін кешеннің видеосы Интернетте тараған болатын. Қазақстандықтар жаңа ғимарат туралы жағымды пікірлер қалдырған. Әлеуметтік желілерде Түркістандағы кешен – "Керуен Сарайдың" айналасында осындай каналдар мен онда жүзіп жүрген қайықтардың арқасында "Қазақстанның Венециясы" деген атқа ие болды.
"Керуен Сарайдың" ашылу салтанатына Премьер-Министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және инвестор компанияның өкілі Қуанышбек Құдайберген қатысты.