- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстандық қалыңдықтар рекорд...
Қазақстандық қалыңдықтар рекорд орнатпақ
8 маусым күні Алматы қаласында тек қазақстандық қалыңдық қыздар ғана қатысатын ерекше шара өтпек.
Отыз шақты болашақ жарлар қалыңдық гүлін лақтырудан бақ сынап, Гиннестің рекордтар кітабынан орын алуды көздеп отыр.
Ұйымдастырушылар мен шараның авторы Виталия Дорцтың сөзінше, қалыңдық гүлін қай ару бәрінен де оза шауып, алысқа лақтырса, оған бас жүлделік сыйлық бар екен. Басты сыйлық – Оңтүстік астанамыздағы үздік қонақ үйінде неке түнін өткізуге жолдама.
Бұдан басқа барлық қазақстандық қалыңдықтар «Бақытты қалыңдық гүлі» атты теңдессіз шараның арқасында Гиннестің рекордтар кітабында есімдері қалуы үшін жеңіске ұмтылатын болады. Өйткені мұндай шара Гиннестің рекордтар кітабында мүлде тіркелмеген. Ал жеңімпаз қалыңдықты әділ-қазылар алқасы анықтайтын болады. Олар гүлді лақтырған орыннан гүлдің түскен жерін есептеп, ара-қашықтықты белгілейді де, ең ұзақ ұшқан қалыңдық гүлінің иесін жеңісімен құттықтайды.
Айтпақшы, бұл шараның басталуына түрткі болған жағдай жоқ емес. Қалыңдық гүлін теріс қарап тұрып лақтыру дәстүрі Еуропада орта ғасырдан бері бар. Бастауын батыстан алған шара уақыт өте басқа өңірлерге де тарай бастаған. Осыған байланысты гүлді тосып алған қыз келесі тойдың иесі атанады деген түсінік қалыптасқан. Ал бұған дейін батыста тұрмыс құрмаған қыз қалыңдықтың той көйлегінен кішкене ғана кесіп алу дәстүрі бар-тын.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: А. Кузнецов
А. Әбілхан