Қазақстанда саны 100 мыңнан асатан негізгі 10 этнос бар. Олар – қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, неміс, кәріс, әзербайжан, түрік. Ал бұлардың ішінде алтауы түркі тектес этностар – қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, әзербайжан, түрік. Бұл алты этнос елдің 73,9%-ын құрайды.
Түркі тектес ұлттар
Еуропалық, яғни, славянтектес ұлттардың ішінде орыс пен украин ғана алғашқы ондыққа енген. Бұл екі славян ұлты елдің 21,8%-ын құрайды. Осы салыстырудан-ақ, Қазақстанда түркі тектес этностардың саны басымдығын аңғаруға болады. Егер титулды ұлт ретінде қазақты алып тастап өзге түркі тектес ұлттар мен славянтекті орыс, украин, белорус диаспораларының санын салыстырар болсақ, онда славян ұлттары түркілерден үш есеге асып түседі.
Қазақстанда қазақтан өзге басымдығы жоғары алты этностың санын есептер болсақ, онда олардың саны 1,26 млн адамды құрайды (елдің 7,02%-ы). Есесіне, славянтектес үш ұлттың саны 3,96 млн адам құрайды (елдің 22,09%-ы).
Одан өзге, азиялық кәрістер мен еуропалық немістердің саны да 100 мыңнан асады.
Егер Қазақстан тарихында жүргізілген ұлттық санақ есептеріне жүгінсек, 1897 жылдары елде ұйғыр, өзбек, татар, башқұрттар болған. Кейінгі санақ жылдарында түріктер мен әзербайжандар, қырғыз бен чуваштар жайлы мағлұматтар кездеседі. Түріктер мен әзербайжандар жайлы 1939 жылы санақта тіркелсе, 1959 жылдары олардың саны біршама өскенін, ал 1970 жылғы санақта қырғыздар жайлы деректер ұсыныла бастағандығын көруге болады.
Қазақстанда қазақтардан басқа жиырма бес түркі халқы өмір сүреді: алтайлықтар, әзербайжандар, балқар, башқұрт, гагауыз, долған, қарайым, қарақалпақ, қырғыз, қарашай, қырымшақ, құмық, ноғай, саха, татар, қырым татарлары, тофа, тыва, түрік, түрікмен, өзбек, ұйғыр, хакас, шор, чуваш.
Аталған халықтардың ішінде ең ірі этностарға – өзбектер, ұйғырлар, татарлар, түріктер, әзербайжандар, қырғыздар, башқұрттар, чуваштар. Осы сегіз түркі тектес этнос Қазақстандағы ірі түркі халықтары саналады. Дегемен, башқұрттардың саны 20 мыңға, чуваштардың саны он мыңға да жетпейді. Ал гагауыз (493 адам), қарайым (218 адам), қырымшақ (35 адам), шор (96 адам), тува (37 адам) сынды түркі тілдес халықтар жоғалудың аз алдында тұр.
Қазақстандағы түркі тілдерінің сипатын қарастыру барысында олардың белгілі бір аймаққа ғана толығымен қоныстанып, сол аймақтың қолданысына тән тілді басымырақ пайдаланатындығы байқалады. Ең алдымен, түркі халықтарының көбі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан аймақтарында қоныстанған. Өзбектердің көбі Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында қоныстанса, ұйғырлар тек Алматы облысы мен Алматы қаласында шоғырланған. Ал қалған түркі этностары біршама шашыраңқы жатыр. Мәселен, татарлардың 16 пайызға жуығы Қарағанды облысын қоныстанса, 12 пайызы Алматы қаласында, 9 пайызы Оңтүстік Қазақстанда, 8 пайызы ШҚО-да, 8 пайызы Қостанайда қоныс тепкен. Сол сынды әзірбайжандардың 33 пайызы ОҚО-да болса, 16 пайызы Алматы облысында, 11 пайызы Алматы қаласында, тағы да 11 пайызы Жамбылда орналасқан. Ал түріктердің 34 пайызы Алматы облысында, 30 пайызы Жамбылда, 20 пайызы Оңтүстік Қазақстанда қоныс тепкен.
Қазақстан Республикасы халқының этникалық құрамы жағынан қарағанда шығыс және батыс аймақтағы облыстар көбіне моноэтносты болып келсе, елдің солтүстік, оңтүстік және орталық аймақтары полиэтносты.
Қазақстандағы түркі тілдері
Қазақстанда түркі тілдерінің қаншалықты кең таралғанын, алдымен, сол тілде сөйлейтін ұлттардың санымен, сапасымен өлшенеді. Қазақстандағы түркі халықтарын саны жағынан былайша орналастыруға болады: өзбектер, ұйғырлар, татарлар, түріктер, әзірбайжандар, қырғыздар, башқұрттар, чуваштар.
Сондықтан Қазақстандағы түркі тілдерін олардың халық санымен байланыстыра отырып, түркі тілдерінің таралуын мынандай ретпен орналастырсақ болады:
Өзбек тілі
Ұйғыр тілі
Татар тілі
Түрік тілі
Әзірбайжан тілі
Қырғыз тілі
Башқұрт тілі
Чуваш тілі
Өзбек халқы
Өзбек тілі – түркі тілдерінің бірі; этносішілік қарым-қатынасты қамтамасыз ететін тіл. Кейде этносаралық қарым-қатынас тілі де бола алады. Мұнда қазақтар мен өзбектердің, қарақалпақ, тәжік, түркімен, қырғыз сынды этностардың бір-бірімен қатынасу құралы. Өзбек тілі түркі тілдерінің оңтүстік-шығыс (ортаазиялық) тармағы қарлұқ тілдері тобына жатады. Бұл этносқа біршама тән қостілділік типі - өзбек-қазақ және өзбек-орыс қостілділігі. Дегенмен, өзбек-қазақ қостілділділігі өзбек-орыс қостілділігіне қарағанда кеңірек тараған.
Өзбекстандағы өзбек тілі негізгі 3 диалектіден тұрады: қарлұқ, қыпшақ, оғыз диалектілері. Олардың ең үлкені оңтүстік-шығыс пен қала тұрғындарының тілдік ерекшелігін қамтитын қарлұқ диалектісі, ол қазіргі ұйғыр тіліне ұқсас келеді. Өзбек тілі қарлық диалектісінің негізінде қалыптасып дамыған. Ол көне өзбек тілі (шағатай тілі) жəне қазіргі өзбек тілі деп бөлінеді. Өзбек тілінің көне жазба əдеби тілі XIV-XVI ғасырда қалыптасқан. Қазіргі əдеби тілі Қазан төңкерісінен кейін Ташкент-Ферғана диалектісі негізінде дамыды онда барлық халық сөйледі.
Аталған үш диалектінің ішінде өзбек халқының қазақ және қарақалпақ халықтарымен араласуының негізінде, шекаралық эволюциялық тіл қалыптасып өрбіген. Бұл – Өзбекстанның терістік, солтүстік-батыс өңірін қатитын қыпшақ диалектісі, қазақ және қарақалпақ тілдеріне жақын.
Өзбек тіліне үндестік заңы (сингармонизм) тəн емес, лексикалық жағынан араб, парсы тілдерінен ауысқан сөздер көп кездеседі, грамматикалық құрылымы тұрғысынан жалғамалы (агглютинативті) тілге жатады. 1927 жылға дейін араб, одан кейінгі он жылдықта латын (1927-1938), 1939 жылдан кирилл (орыс) əліпбиін қолданса, қазіргі жазуы қайтадан латын əліпбиіне көшкені (1994) белгілі.
Салыстырмалы түрде, өзбек халқы кеңес кезінде де орыс тілін жетік білетін халық саналмаған. Өзбектердің ауылды елді мекендерде тұратын бөлігі тек өзбек тілінде ғана сөйлейді. Себебі ауылдық жерде тұрғындар моноұлтты, тек бір тілді өзбек əдеби тілін қолданады. Сол себепті Өзбекстанда ауылд елді мекендерде әлеуметтік лингвистикаға қатысты сауалнамалар аса көп жүргізілмейді. Тек қалалы аймақтар мен Қазақстан, Тәжікстан елдерімен шекара аумақтар ғана көптеп сауалнама жүргізіліп, қостілділік ахуалы назарда ұсталады.
Мәселен, 1970 жылы Бүкілодақтық санақ қорытындысы бойынша, өзбектердің қостілділікке қарағанда монотілді сипатқа жақын екендігі анықталған. Социолингвистикалық шкала бойынша өз ана тілін білетіндердің үлесі 80 пайыздан асса, онда бұл халыққа біртілділік жағдаят тән деп шешілген. Ал біртілділік жағдаяттың ең көп кездесетін түрі – бұл аналық сипат, яғни, өз ана тілін жетік меңгеру. Нәтижесінде қарақалпақтардың 86 пайызы, түрікмендердің 83 пайызы, өзбектердің 82 пайызы, әзірбайжан халқының 80 пайызы өз ана тілінде сөйлейтін болып шыққан. Ең көп нәтиже көрсеткен бұл – орыстар. КСРО-ның басым бөлігін құраған орыстардың 99,8 пайызы ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілін ана тілім деп таныған. Ал қалған 150 ұлт екітілді не көптілді деп танылған [25].
Өзбекстанның өзінде де өзбек тілі мемлекеттік тіл деп көрсетіліп, орыс тіліне Қазақстан не Қырғызстандағы сынды ресми тіл мәртебесі берілмеген. Өзбекстан 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңын 1995 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, Заңның 1-бабында: «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі – өзбек тілі» деп нақты көрсетілген. Ал алғашқы қабылданған заңның аталған бабында «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі болып өзбек тілі танылады. Өзбекстан Республикасы өзбек тілінің саяси, əлеуметтік, экономикалық жəне мəдени өмірінде жұмыс істеп, дамуын қамтамасыз етеді» дей келе: «Өзбекстан Республикасы КСРО халықтарының ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілінің дамуы мен еркін пайдаланылуы үшін бар жағдай жасайды» деп көрсетілген болатын. Яғни, өзбек елінде орыс тіліне «КСРО-ның ұлтаралық қатынас тілі», «тəуелсіз республиканың ұлтаралық қатынас тілі», «ресми тіл» статус бермеген. Бұл да өзбек халқының монотілді болуына ықпал етті. Өзбекстанда қала халқында ғана өзбек-орыс билингвизмі қалыптасқан.
Қазақстандағы өзбек тілі этносішілік қарым-қатынас құралы ретінде қолданылады. Оның негізгі тірегі – өзбек диаспорасы. Өзбек этносы бұл тілді күнделікті тұрмыста қолданады. Сонымен қатар, Қазақстанда өзбек тілінде оқытатын орта білім беру (мектеп, лицей, гимназия) мен мектепке дейінгі дайындық мекемелерінің (балабақша) болуы өзбек әдеби тілінің де қолданыс аясы бар екендігін аңғартады.
Білім беру саласындағы өзбек тілі. Қазақстанда өзбек этносы қазақ пен орыстан кейін саны жағынан үшінші орында тұрған халық. Сондықтан Қазақстанда бұл тілдің дамуы мен өркендеуіне жағдай жасалған. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен орта білім беру жүйесінде өзбек тілі тәрбие жұмыстары мен оқыту процестеріне қолданылады. Статистикаға сүйенсек, өзбек тілінде оқитын балалардың саны жыл сайын өсіп отырған. Негізінде, мұндай тенденция Қазақстанда бірнеше тілге ғана тән құбылыс. Ол – қазақ тілінде, орыс тілінде және өзбек тілінде оқитындар.
Мектепке дейінгі білім беру. Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру жүйесінде алты тілде тәрбие жұмыстары жүргізіледі: қазақ тілі, орыс тілі, өзбек тілі, кәріс тілі, ұйғыр және неміс тілі.
Білім беру жүйесінің тағы бір белді буыны – бұл орта білім беру. Бұған орта мектептер мен гимпаниялар, лицейлер мен мамандандырылған мектеп-интернат, кәсіби біліктілікті қалыптастыруға бағытталған мектептердегі оқу процестері жатады.
Мектеп – тілдерді жəне бірінші кезекте ана тілін дамытудың басты тірегі. Тілдік дайындықты қамтамасыз етуді ұйымдастыруда үшін барынша үлкен жауапкершілік жалпы білім беру мектептеріне жүктеледі. Түрлі ғылымдар бойынша, соның ішінде тіл меңгеру негіздері дəл осы мектептерде қаланады. Лингвистикалық бағдар беруді, тұлғаның қоғамдағы тілдік іс-əрекетін көп жағдайда мектеп айқындайды. Осы жағдайды ескере отырып, кез келген мемлекет білім беру жүйесін басқаруға, қоғамдағы жүріп жатқан тілдік үдерістерге саналы түрде білім беру мекемелері арқылы ықпал етуге ұмтылады. Тілдік саясатты жүзеге асыруда билік мектепті алға қойылған мақсаттарды шешудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде белсенді пайдалануға тырысады.
Жалпы Қазақстанда өзбек тіліндегі балабақшалар қазақ және орыс тілінде тәрбие беретін балабақшалардан кейін үшінші орында тұр. Соңғы жылдары ағылшын тілі де білім беру жүйесіне енгізіле бастағаннан кейін, үшінші позицияны ағылшын тілі иемденді. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өзбек тілінде тәрбие беретін балабақшалардың да жыл сайын көбейіп, қамтитын балалардың саны артқаны байқалады.
Өзбектер – Қазақстанда саны көп ең үлкен түркі диаспорасы әрі саны жағынан елдегі үшінші этнос. Бұл этносқа біршама тән қостілділік типі - өзбек-қазақ және өзбек-орыс қостілділігі.
Өзбектер Қазақстанда алғашқы санақ жүргізілген жылдары да болған. Ол кезде өзбектердің саны ұйғырлар мен татарлардан аз болғанын аңғаруға болады. Ал 1926 жылғы санақ кезінде ұйғырлардың саны азайып, өзбектердің бес есеге дейін өсіп кеткенін көруге болады.
1897 жылы олардың саны 29 564 адам болған. Ал 1926 жылы 129 399 адам, 1939 жылы 120 655 адам, 1959 жылы 136 570 адам, 1970 жылы 207 514 адам, 1979 жылы 263 295 адам, 1989 жылы 332 017 адам, 1999 жылы 370 663 адам, 2009 жылы 456 997 адам, 2010 жылы 467 455 адам болса, 2017 жылы 563 103 адамға жеткен. Яғни, Қазақстандағы өзбек этносы жыл сайын тек көбейіп қана отырған. Статистиканың бірде-бір жылында өзбек диаспорасының азайғанын байқамаймыз. Ал 1987 жылдан 2009 жылғы халық санағына дейін өзбектердің саны 14 есеге, 2017 жылға дейін 19 есеге жуық өскен. 2009 жылы Қазақстандағы халық санының 2,85 пайызын өзбектер құраса, 2017 жылы 3 пайызын құраған.
2017 жылғы статистика бойынша, өзбектердің ең көп шоғырланған аймағы – Оңтүстік Қазақстан облысы. Мұнда 491382 өзбек өмір сүреді. Яғни, өзбек ұлттың 87,26 пайызы Оңтүстік Қазақстанда тұрады.
Оңтүстік Қазақстаннан кейін өзбектер Жамбыл облысында (27834 адам, 4,94%), Алматы қаласы (11108 адам – 1,97% ) мен Астана қаласында (10238 адам – 1,82%), Алматы облысында (4908 адам – 0,87%), Қарағандыда (4398 адам – 0,78%), Маңғыстауда (2253 адам – 0,40%) тұрады.
Соңғы санақ деректеріне сүйенсек, өзбек халқының 95,4 пайызы өзінің ұлттық тілін ана тілім деп таныған. Ал қалған 4,6 пайызы басқа ұлттың тілдерін ана тілім деп көрсеткен. Яғни, 456997 өзбек ұлтының 435833 өкілі өзбек тілін ана тілім деп санайды да, 21 мыңнан астамы өзге ұлттың тілі ана тілім деп атағанды құп көреді. Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстандағы өзбектер өзінің ұлттық тілін жетік білетін этнос санатына жатады. Ұлттық тілін «ең жетік білетін» халықтарға – қазақтар (98,9%), орыстар (98,8%), дүңгендер (96,3%), өзбектер (95,4%) жатады. Бұдан өзбек халқының өз ана тілін жетік меңгергендігі байқалады. Ал ана тілін жетік меңгерген ұлт оны күнделікті өмірде көп қолданады деген сөз.
Өзбектердің ауылды жерде тұратын азаматтары қалалы жердегілерге қарағанда біршама жоғары меңгерген. Ауылдағы өзбектердің 97,5%-ы, қаладағы өзбектердің 91,9%-ы өзбек тілін ана тілім деп таниды. Ал өзбектердің 61,6%-ы ауылда тұрады.
Өзбектердің 95,5%-ы қазақ тілін түсінсе, 92,9%-ы орыс тілін, 10,7%-ы ағылшын тілін түсінеді. Өзбектер басқа ұлттармен салыстырғанда қазақ тілін «жетік» меңгерген этносқа жатады. Ал ұлттық санақ деректері бойынша, орыс тілін ең аз түсінетін ұлт – бұл тәжіктер. Олардың 85,2%-ы орыс тілін түсінемін десе, өзге халықтардың орыс тілін түсіну көрсеткіші 95%-дан жоғары. Сол сынды өзбектер де өзге халықтармен салыстырғанда орыс тіліне «нашар» түсінеді. Яғни, өзбектердің көрсеткіші 92,9%-ға тең.
Ұйғыр халқы
Ұйғыр тілі. Ұйғыр тілі алтай тілдері жанұясының түркі тобының батыс ғұн тармағының қарлұқ тобына жатады. Этносішілік қарым-қатынас құралы.
Ұйғыр тілі – Қазақстан ұйғырлары этностық тобының эндогенді тілі. Эндогенді тіл дегеніміз – белгілі бір ұжымда ана тіл ретінде ғана қолданылатын тіл. Қазақстан аумағында республикалық, облыстық ұйғыр этномәдени бірлестіктері, қалалар мен аудандарда олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Қазақстанда мектепке дейінгі дайындық мекемелері 5 тілде жүргізіледі, соның бірі ұйғыр тілі болып саналады (қазақ, орыс, ағылшын, өзбек тілдерімен қатар). Сонымен қатар орта білім беру жүйесінде, мектептерде оқыту тілдері бойынша 7 тілдің бірі (қазақ, орыс, тәжік, ағылшын, өзбек, ұйғыр, неміс) болып отыр. Ұйғыр этносының Қазақстанда ең көп қоныстанған мекені дәл осы Алматы облысы болып табылады.
Ұйғырлардың 83,7 пайызы өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 16,3 пайызы өзге ұлт тілін ана тілім деп қабылдаған.
Білім беру жүйесіндегі ұйғыр тілі. Білім беру жүйесінде ұйғыр тілі мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта білім ұйымдарында және кәсіптік білім беруде қолданылады. Ұйғыр тілі тек Алматы облысы мен Алматы қаласында ғана таралғандықтан, ұйғыр тіліндегі білім беру ұйымдары да дәл осы аумақтарда орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ұйғыр тіліндегі білім беру ұйымдарының бірқалыпты екендігін, ұзақ жылдар бойы басты көрсеткіштеріне ешқандай өзгерістер енбегенін байқауға болады. Егер өзбек тіліндегі білім беру ұйымдары халық санының өсуіне байланысты біршама көбейгенімен, ұйғыр тілінде мұндай құбылыстар байқалмайды.
Мектепке дейінгі білім беру. Ұйғыр тілі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын жүргізетін жеті тілдің қатарына кіреді. Егер өзбек тілінде тек бір тілде ғана тәрбие жұмыстары жүргізілетін балабақша ұйымдары бар болса, ұйғыр тілінде ғана тәрбие жұмыстарын жасайтын мұндай ұйымдар жоқ. Ұйғыр тілі тек аралас тілде тәрбие жұмысын жүргізетін балабақшалардың құрамында ғана бар. Яғни, екі не одан көп тілде тәрбие жұмысын жасайтын ұйымдардан ұйғыр топтарын ашып, соған бала тәрбиеленушілер қабылданады.
Ұйғырлар – Қазақстандағы саны жағынан көп екінші түркі тектес этнос әрі елде саны жағынан бесінші боп орналасқан диаспора. Ұлттық санақ есептері бойынша, ұйғырлардың саны 1987 жылы 55 815 адам болса, 1926 жылы 62 313 адам, 1939 жылы 35 409 адам, 1959 жылы 59 840 адам, 1970 жылы 120 784 адам, 1979 жылы 147 943 адам, 1989 жылы 185 301 адам, 1999 жылы 210 365 адам, 2009 жылы 224 713 адам болған. 2009 жылғы санақ бойынша елдің 1,4%-ы – ұйғырлар. 2017 жылы ұйғырлардың саны 261 048 адамға жетіп, 1,46 пайызды құраған.
Ұйғырлар 18 ғасырдың соңына таман Қазақстанға қоныс аударды. Соған орай, 1897 жылғы халық санағына тіркелді. Мұнда көрсетілген есеп бойынша, ұйғырлар қазақтардан кейінгі саны жағынан басым екінші түркі тектес ұлт болған. Алайда 1939 жылғы санақ бойынша ұйғырлардың саны күрт төмендеп, 1959 жылғы санақ кезінде өзінің бастапқы қалпына келгенін көруге болады. Ал одан кейінгі санақтарда ұйғырлардың саны динамакалық үрдіс бойынша тек өсіп отырғаны байқалады. Ұйғырлардың саны 1897 жылдан 2009 жылға дейін бес есеге, ал 2017 жылға дейін алты есеге өскен.
Ұйғырлар, негізінен, Алматы облысы мен Алматы қаласында көптеп шоғырланған.
Алматы облысында саны жағынан үшінші ірі этнос. Облыс тұрғындарының 7,8 пайызын ұйғырлар құрайды. Бұл этностың Алматы облысындағы негізгі жинақталған аумағы – Ұйғыр ауданы. Мұнда ұйғырлардың үлесі – 56,6%. Одан бөлек, Панфилов, Еңбекшіқазақ ауданындары мен Талғар қаласында да бұл этностың жоғары үлестік салмағы байқалады: Панфилов – 28,2%, Еңбекшіқазақ ауданында – 17,9%.
Ұйғыр этносы Алматы облысымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысында және Алматы қаласында шоғырланған. 2016 жылғы мәліметтер бойынша Алматы облысы тұрғындарының 5,3%-ын, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 0,13%-ын ұйғырлар құрайды.
Соңғы санақ деректері бойынша, ұйғырлардың 85%-ы ұйғыр тілін ана тілім деп таныған. Ал қалған 15%-ы өзге тілдерді ана тілім деп көрсеткен. Яғни, Қазақстанда тұрып жатқан 224 713 ұйғырдың 190956-сы ұйғыр тілін ана тілім санайды. Ұйғырлар өз ана тілін «жақсы» деңгейде меңгерген этносқа жатады. Ұйғырлардың қала да, ауылда да тұратын азаматтары ана тілдерін, салыстырмалы түрде, бірдей деңгейде білетін болып шықты. Қала жерде тұратын ұйғырлардың 86,5%-ы, ауылды жерде тұратын ұйғырлардың 83,8%-ы ұйғыр тілін ана тілім деп көрсеткен. Ал ұйғырлардың 42,7%-ы қалада, 57,3%-ы ауылда тұрады.
Ұйғырлардың 93,7%-ы қазақ тілін түсінсе, 95,8%-ы орыс тілін, 15,7%-ы ағылшын тілін түсінеді. Ұйғырлар қазақ тілін жетік меңгерген ұлтқа жатады. Егер өзбектердің 95,5%-ы қазақ тілін түсінсе, ұйғырларда бұл 93,7%-ға тең. Ал қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін түсінемін деп көрсеткен.
Түркілер
Түрік тілі – Алтай тіл ұясының батыс оғыз тілдеріне жататын жалғыз тіл. 2009 жылғы Ұлттық санақ бойынша, түріктердің 91,7 % өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 8,3 % ғана өзге тілді ана тілім деп есептейді.
Қазақстанда жыл сайын республика мектептерінде білім беру бағдарламасы аясында, сонымен қоса, факультативті және дербес пән ретінде ұлт тілдерін оқыту ұйымдастырылды. Аталған бағдарлама аясында 2009/2010 оқу жылында 3127 оқушы түрік тілін оқып шықса, 2012/13 оқу жылында 2194 оқушы, 2013/14 оқу жылында 1786 оқушы түрік тілін оқыған.
Түріктердің (өздерін месхат түріктеріміз деп атайды) Қазақстандағы жалпы саны 1999 жылы 78 711 адам, 2013 жылғы мәліметтер бойынша 103 049 адамды, 2016 жылғы мәліметтер бойынша 107 944 адамды құраған. Республикадағы түрік этносының көп мөлшері Алматы облысында шоғырланған. 2016 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстандағы барлық түріктердің 33,8%-ы Алматы облысында, 30,6%-ы Жамбыл облысында, 21,2%-ы Оңтүстік Қазақстан облысы, 8,2%-ы Алматы қаласында жинақталған.
Әзербайжан халқы
Әзербайжан тілі алтай тілдері семьясының түркі тобының оңтүстік-батыс оғыз тармағына кіреді. Зерттеушілердің айтуы бойынша, əзербайжан тілі сөздік құра мы мен грамматикалық құрылысы жағынан түрік, түрікмен, гагауз тілдеріне өте жақын. Əзербайжан тілі – басқа да түркі тілдері сияқты жалғамалы (агглютинативті) тіл.
Əзербайжан тілі (өз атаулары: Azərbaycan dili, , ﯽﻠﯾد نﺎﺠﯾﺎﺑرذآ Азəрбајҹан дили) – түркі тілдерінің оңтүстік-батыс бұтағының оғыз тобына жатады, бірақ қыпшақтық тілдерге тəн белгілері де бар; сөздік құрамы мен дыбыстық жүйесі парсы мен араб тілдерінің үлкен ықпалына ұшыраған. Кашкай сөйлеу тілі (наречие) де əзербайжан тілінің диалектісі болып табылады.
Әзербайжан тілі облыста, сондай-ақ жалпы республикада бүгінгі күні этносішілік қарым-қатынас қызметін дамыту тенденциясына ие. Этникалық әзербайжандар үшін «Ватан» ұлттық мәдени орталығында ана тілін, ұлттық әдебиетін, мәдениетін оқытып-үйретуге арналған арнайы сыныптар бар.
Ал əзербайжан жазба тілінің тарихы зерттеушілердің деректері бойынша, қолда бар материалдарға сүйенсек, əзірбайжан əдеби тілінің қалыптасып даму тарихы XIII ғасырдан басталады екен. Əлбетте, əзірбайжан əдеби тілінің қалыптасу тарихына бүкіл түркі жұртына ортақ тарихи жазба мұралар болып есептелетін Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік (Құтты білім)» (1069 ж.) атты дастанының, Махмұт Қашқаридың «Дивану лұғат-ат түрік (Түрік тілі сөздігі)» (1072 ж.) атты еңбегінің, Ахмет Югнакидің «Һибат-ул хакаик (Ақиқат сыйы)» атты дидактикалық поэмасының (ХІІ ғасырдың соңында жазылып, 1444 жылы соңғы көшірмесі жасалған), Қожа Ахмед Ясауидің «Диуани хикмет (Даналық кітабы)» (1060-1063 жж.) шығармасының, «Кодекс куманикус (Қыпшақ сөздігі)» (1303 ж.) тарихи жазба ескерткішінің де қатысы бар. Əзірбайжан əдеби тілі өзінің ұзақ жылдық (1000-8000) даму тарихын үлкен екі кезеңге, яғни ежелгі жəне жаңа кезең деп бөліп қарастырады. Ежелгі кезең XIII-XVII ғасырларды қамтыса, жаңа кезең XVII ғасырдан кейінгі дəуірді қамтиды.
Этностық топтың шағын қоныстануы Оңтүстік Қазақстанда 33,04%, Алматы облысында 17,42%, Жамбыл облысында 12,1%. Әзербайжан тілі – Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тілі, Дағыстан Республикасының мемлекеттік тілі және Қазақстан әзірбайжандары этностықтобының экзогенді тілі.
Әзербайжандар да шешендер сияқты Қазақстанға кейін ғана қоныстанған. Мысалы, 1926 жылғы бүкілодақтық халық санағының деректерінде небәрі 46 әзербайжан тіркелген. 30-шы жылдардың соңында олардың саны шамамен 13 мыңға дейін артты. Әзербайжандардың көпшілігі елдің оңтүстігінде, негізінен Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында тұрады.
Қазіргі таңда (2009 ж) елде 85292 әзербайжан тұрса, олардың 82,0% республиканың оңтүстік және батыс аймақтарында және 18,0% (15387 адам) солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында қоныстанған. Зерттеліп отырған аймақта олардың 84% қалалық жерлерде тұрады
Қазақстандағы әзірбайжандар саны 1999 жылғы мәліметтер бойынша 78 295 адам, 2013 жылғы мәліметтер бойынша 96 179 адам, 2016 жылғы мәліметтер бойынша 103 514 адам болған.
Қазақстанда жыл сайын республика мектептерінде білім беру бағдарламасы аясында, сонымен қоса, факультативті және дербес пән ретінде ұлт тілдерін оқыту ұйымдастырылды. Аталған бағдарлама аясында 2009/2010 оқу жылында 157 оқушы әзірбайжан тілін оқып шықса, 2012/13 оқу жылында 339 оқушы, 2013/14 оқу жылында 316 оқушы әзербайжан тілін оқыған.
Татар халқы
Татарлар - Қазақстанда саны жағынан жетінші ұлт. Облыста бұл этнос саны жағынан сегізінші орында орналасқан.
Татар этносына татар-қазақ және татар-орыс қостілділігі тән. Татар тілі аймақта негізінен этносішілік және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында қолданылады. Татарлардың 72,5 % (126187 адам) қазақ тілін меңгерген, әсіресе ауылдер жерлерде тұратын егде жастағылар қазақ тілін этносаралық қатынаста, күнделікті тұрмыста жиі қолданады.
Қазақстанда жыл сайын республика мектептерінде білім беру бағдарламасы аясында, сонымен қоса, факультативті және дербес пән ретінде ұлт тілдерін оқыту ұйымдастырылды. Аталған бағдарлама аясында 2009/2010 оқу жылында 135 оқушы татар тілін оқып шықса, 2012/13 оқу жылында 42 оқушы,
1897 жылғы деректе Қазақстан мен Қырғызстанда олардың жалпы саны 55,9 мың адам болса, 1926 жылғы халық санағының мәліметінде татарлардың саны 79758 адамға жеткен. Солардың ішінде 41568 адам яғни елімізде қоныстанған барлық татарлардың 52,1 пайызы тұрғылықты жері ретінде солтүстік, орталық және шығыс аймақтарын таңдаған. Мысалы, Ақмола уезінде олар 2346 адам болса, Көкшетауда – 3181, Петропавлда– 11249, Семейде 11180, Өскеменде – 2133, Қостанайда – 4605, Павлодарда – 2160 және т.б.
Қазақстандағы татарлардың саны 1999 жылғы мәлімет бойынша 248 954 адам, 2013 жылғы мәлімет бойынша 203 111 адам, ал 2016 жылғы мәліметтер бойынша 202 934 адам.
Татар тілі алтай тілдері ұясының түркі тегінің батыс ғұн бұтағындағы қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар ішкі тобына жатады. 2016 жылғы мәліметтер бойынша халықтың шоғырланып қоныстанған жерлері Қарағанды облысында – 15,6%, Алматы қаласында – 11,6%, Оңтүстік Қазақстан облысында – 9,2%, Қостанай облысында – 8%, Алматы облысында – 6,2%.
Татар тілі – Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі, Қазақстан татарлары этностық тобының экзогенді тілі. Татар халқы Қазақстан территориясына ХІХ ғасырдың басынан бері қоныс аудара бастаған болатын, сәйкесінше ХІХ ғасырдың екінші жартысында татарлар саны айтарлықтай көбейіп, көлемі жағынан үшінші этностық топқа айналды.
Татарлардың жартысынан астамы, яғни 57,4 % өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 42,6 % ана тілін өзге ұлт тіліне ауыстырған.
Қырғыз тілі – түркі тілдерінің бірі. Қазақстанда 23 274 қырғыз тұрады. Ал Алматы облысында соның 2174-і қоныстанған. Олардың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтыны – 1537 адам (70,7%), ал қалған 637-сі (29,3%) өзге ұлт тілін ана тілім деп санайды. Санақ мәліметінде қырғыздардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының (барлығы - 1666 адам) 1562-сі (93,8%) қазақ тілін ауызша түсінемін десе, соның ішінде 1237 адам еркін жаза аламын (74,2%), 1111 адам (66,7%) еркін оқи аламын деп көрсеткен. Қырғыздар арасында қырғыз-қазақ және қырғыз-орыс қостілділігі тән. Қырғыз тілі этносішілік тіл болып табылады.
Қырғыз тілі – түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады, басқа анықтамасы бойынша – түркі тілдерінің шығыс-ғұн бұтағы болып табылады.
Қырғыздардың шамамен 4 млн. адамның 2,5 млн. Қырғызстанда, ал қалғаны Қытайда, Моңғолияда, Ауғанстанда, Пəкістанда, Қазақстанда, Өзбекстанда жəне Тəжікстанда тұрады. Қазіргі күнде қырғыз тілінде 3 диалект бар: солтүстік, оңтүстікшығыс, оңтүстік-батыс диалектілері. Қырғыздың батырлық дастаны «Манас». Осы дастан қырғыз əдеби тілінің қалыптасу кезеңдерін саралауға негіз бола алатынын көптеген ғалымдар айтып жүр. Зерттеушілердің айтуынша, қырғыз тілінің тарихы үш кезеңін қамтиды: көне қырғыз (VІІІ-ІХ ғғ.), орта қырғыз (Х-ХV ғғ.) жəне жаңа қырғыз (ХV ғасырдан бастап).
Қырғыздар арасында қырғыз-қазақ және қырғыз-орыс қостілділігі тән. Қырғыз тілі этносішілік тіл болып табылады.