Қазақстандағы туризм: Текелі қаласына сапар

Қазақстандағы туризм: Текелі қаласына сапар
Фото: zaleskiy.com

Моноқала атанған Текелі қаласы – Қазақстандағы туристік аймақты дамытуға бағытталған мекендердің бірі. Айналасын Алатау сілемдері мен Жоңғар Алатау қоршап жатқан, бау-бақшаға бай мекенге келген туристер қандай ерекшеліктерді көре алады. 

Ең ұзын көшемен танысады 

Жалпы ТМД елдері ішінде ең ұзын көше болып, осы қаладағы орналасқан Д.Қонаев атындағы, ұзындығы 33 км болатын жол жатады. Жол бойының екі жағын жағалай үйлер салынған. Көше қаланың кіреберіс тұсынан басталып, соңы таулы-қыратқа алып кетеді. Бұл қаланың мақтанышы деуге болады. 

Аю табан 

«Аю табан» деп аталып кеткен тауды қаланың орталығынан қарап көре аласыз. Туристер үшін бұл алып аюдың табаны секілді таудың сілемі ұнайтыны анық. Тау бойында қарағай тектес ағаштар, жеміс-жидек өседі. 

Бау-бақшаның мекені 

Қаланың тауында емес, көше бойларында да жеміс-жидектер күндіз төгіліп жатады. Қара өрік, сары өрік, алма мен алмұрт қала көшелерінің сәнін келтіреді. Жаз айында піскен жемістерден көз ашпайсыз. Халық таудан жабай бүлдірген, таңқурай, ит мұрын, сиыр бүлдірген, т.б. жемістерді теріп әкеліп, саудаға айналдырады. Қалаға кіре берістегі Сырымбет ауылымен қала арасында жатқан 6-10 км жердегі алқапта үлкен алма бағы бар. Ол алмалардың дені экспортқа кетеді. 

ТМД елдеріндегі ең үлкен жылыжайдың бірі бар 

Қалаға кіре салып, қолдың сол жағында жатқан сырты әйнекпен қапталған жылыжайға көзіңіз түседі. Бұл жерде әлемде кездесе бермейтін өсімдік түрлері өсіріледі. Таңғалатын ештеңесі жоқ, бұл ақиқат. 

«Бұрхан Бұлақ» сарқырамасын естіп пе едіңіз? 

Қаладан 55 км жерде орналасқан «Бұрхан Бұлақ» сарқырамасын арнайы шет елден іздеп келуші туристер көп. Биіктігі – 90 м болатын сарқыраманың көрінісі көз тартады. Тау ішінде, жылға ішінде орын алған сарқыраманың айналасы толған жеміс пен қарағайлы орман алқабы. 

Текеліге 250 млн доллар не үшін бөлінбек? 

Орталық Азия университеті қорының жетекшісі ханзада Карим Ага-Хан Алматы облысы, Текелі қаласында жоғары оқу орнын салу үшін 250 млн доллар бөлуді жоспарлап, жобасы жасалды. Оның басты мақсаты Текелінің табиғаты мен бай өлкесі. Университет тау бөктерінде бой көтеріп, онда арнайы турситік орындар ашылады. 

Аз ғана халықпен бай табиғаттың ортасында орналасқан Текелі қаласының туристік қалаға айналуына, жыл сайын жиһанкездерге керемет жағдай жасауы үшін қазірдің өзінде арнайы бағдарламалар мен орындар ұйымдастырылған. Мәселен еліміздің Олимпиада жеңімпаздары арнайы дайындықтан өтетін сауықтыру орталықтары мен спорт кешендері бар. 

Қаланың бау мен бақшаға орануына үлкен септігін тигізген, кеңес үкіметі кезінде өмір сүрген орыстар мен неміс халқының еңбегі. Олардың салған үйлері, демалыс орындары қазір туризм саласын дамытуға арналған аймаққа айналды. 

М. Ақан