Қазақстандағы туристік базалар

Қазақстандағы туристік базалар
Фото: vk.com

Білген адамға қазіргі нарық заманында туризм мемлекеттің жарнамасына айналып отыр. Қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болған бұл сала тек көркем табиғатымен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, ел мен жердің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен ерекшеленетіні шындық.

Осы тұста еліміздің нағыз туристік шаңыраққа айналуына себептің мол екені баршаға аян. Себебі, әр аймақтың өзіне тән тарихы, археологиялық қазбалары, табиғаты, елі және салт-дәстүрі бар. Дәл осы тәрізді біздің көркем де, әсем жеріміздің түкпір-түкпірінде өзіне ғана тән жаухарларын табуға болады. Олар бүгінгі таңда туристік базаларға айналып үлгерді.

Республиканың әсем де әдемі жерлерінде бірнеше туристік базалар орналасқан. Оларға Іле Алатауындағы “Шымбұлақ” шаңғы базасы, Павлодар облысы Жасыбай көлі жағасындағы “Баянауыл”, Қарағанды облысындағы таулы-орманды “Қарқаралы”, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасындағы “Алтай мүйісі”, Орал қаласы Жайық өзені маңындағы “Орал”, Қостанай облысындағы орманды-тоғайлы Наурызым алқабы, Оңтүстік Қазақстан облысы Бадам жазығындағы “Оңтүстік”, Көкшетау таулы аймағындағы “Золотой бор” базалары жатады.

Қазақстанда белгілі туристік маңызы бар зоологиялық, ботаникалық қорықтар да жеткілікті. Оларға кешенді Алматы қорығы, Іле атырауы, Тарбағатай, Жалтыркөл, Ұлытау, Бетпақдала, Қарақия-Қаракөл, Зеренді қорықшалары, ландшафты-палеонтолық Шарын каньоны және Шарын өзеніндегі ботаникалық “Шетен тоғайы”, ботаникалық Күміс қылқанды орман, геморфологиялық Жаманшық тауы, Айғайқұм, геоморфологиялық Әншіқұм, ботаникалық Жаңғақ тоғайы, Бүркіттау шоқысы және гидрологиялық Тұма бастаулар жатады.

Өкінішке орай, туристердің көпшілігінің әуелі танысып өтетін интернет беттерінде Қазақстанның барлық туристік жерлері туралы біліп, танысуларына мүмкіндік жоқтың қасы. Қызығушылық тудыратындай айтылмаса, жазылмаса, көрсетілмесе шетелдік емес, жергілікті азаматтардың да жеріміздің әсем жерлеріне баруы қиын-ақ.

Бірақ, соңғы жылдары туризм саласында жасалып жатқан ілгері қадамдар мұндай олқылықтың жойылып, еліміздің туристік базалары туралы ақпарат көздерінің молаюы жолында жұмыстар жасалып жатыр.  

А. Оралқызы