Қазақстан кітапханалары жайлы дерек кімге болсын, қызық. Әсіресе, еліміздегі ең ірі, тарихы бай, кітап қоры көбірек жинақталған кітапханалар жайлы біліп жүргеніміз артық емес. Ендеше елдегі кітапханалар жайлы жинаған деректерімізді ұсынамыз.
2019 жылдың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 4 мыңға жуық кітапхана бар. Оның 21-і – ғылыми кітапханалар. Ал 3915-і – әмбебап, яғни, көпшілік кітапхана.
Кітапханалардың көпшілігі Түркістан облысы (390), Батыс Қазақстан облысы (370), Ақмола облысы (365), Қостанай облысы (350) мен Солтүстік Қазақстан облысы (323), Қарағанды облысы (317), Шығыс Қазақстанда (305) орналасқан. Алматы қаласында 31 кітапхана, Шымкентте 41 кітапхана, Нұр-Сұлтан қаласында 24 кітапхана орналасқан екен.
Қазақстандағы кітапханалардың барлық кітап қорын қосқанда – 112 млн кітап қоры шығады. Оның ішінде 28 миллион кітап қазақ тілінде, қалған 70 миллионы – орыс, ағылшын, француз және неміс, қытай тілінде жазылған кітаптар.
Еліміздегі кітап қоры көп, беделді кітапханаларды назарларыңызға ұсынуды жөн көреміз.
Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы
Құрылған уақыты: 1910 жыл
Кітап қоры: 7 млн
Орналасқан жері: Алматы қаласы
ҚР Ұлттық кітапханасы 1910 жылы 31 желтоқсанда құрылған. Бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласында шағын оқу залы ретінде ашылып, 1931 жылы Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып құрылып, мемлекеттік мәртебе алады.
Ал 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кітапханаға "Ұлттық" атауы беріліп, ерекше құнды мәдениет объектісі ретінде мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие болды.
Жалпы кітапхананың қазіргі ғимараты 1970 жылы салынған. Ал 2015 жылы еліміздегі маңызды мәдени ескерткіштердің тізіміне енді.
Қазіргі уақытта кітапханаға жылына 1 миллион адам келеді, жылына 2 млн дана кітап беріледі. Келушілерге 1,5 мың орындық, сондай-ақ арнайы 14 оқу залы қызмет көрсетеді.
Кітапхананың жеке ғаламтор ресурсы бар. Электрон каталог пен ақпараттық ресурсқа кіріп, кітап қорын, мерзімді басылымдар тізімін іздеуге болады.
Орталық ғылыми кітапхана
Құрылған уақыты: 1932 жылы
Кітап қоры: 5,7 млн
Орналасқан жері: Алматы қаласы
ҚР Ғылым және білім министрлігіне қарасты Орталық ғылыми кітапхана 1932 жылы КСРО Ғылыми академиясы негізінде құрылған. Алматы қаласының Ғылым орда кешенінде орналасқан. Бұл ғылыми кітапхананың міндеті – елдің ғылыми кітаптар қорын құру мен ғылыми жаратылыстану бағытындағы ағартушылық қызметтерді атқару.
Кітапхана қоры ұлттық және шетелдік басылымдар, диссертациялар, ғылыми еңбектер және Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының аса бай жиынтығынан тұрады. Қолжазба түпнұсқадан бастап электронды ақпарат нұсқаларына дейін деректермен қамтылған. Сирек кітаптар қоры – 91 мың дана, қолжазбалар қоры – 22 мың дана, шығыс әдебиеттері қоры – 10 мың дана.
Ең ескі қолжазба ХІІ ғасырда жазылған кітап. ХVІ-ХХ ғасырларда басылған кітаптар бар.
Ұлттық академиялық кітапхана (ҚРҰАК)
Құрылған уақыты: 2004 жылы
Кітап қоры: 400 мың
Орналасқан жері: Нұр-Сұлтан қаласы
Тәуелсіздік жылдарында құрылған академиялық басылымдарды сақтаушы әрі халықаралық кітапханалармен, ұйымдармен байланыс орнатқан ұлттық кітапхана. 2004 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен құрылған.
Кітапхана сандық технологияларды қолдануға көңіл бөледі. Қазіргі уақытта электронды католог пен электронды кітапхана құру, кітап қорының 3D үлгісін жасау жолға қойылған. "Қазақстан кітапханаларындағы сирек қолжазбалар" атты каталогта XIX ғасырдан 1940 жылға дейiнгі жалпы мәдениет пен ғылыми маңызы бар араб және орыс тілдерінде жазылған қолжазбалар сақталған. Олардың саны 1200-ден астам.
Қазіргі таңда шетелдік қолжазбалардың сандық нұсқасын қазақстандық кітапхана тарту, орналастыру бойынша жұмыстар жасалуда. Академиялық кітапханада отырып Ресей Мемлекеттік кітапханасына виртуальды қосылуға болады. РМК-да 650 мыңнан аса диссертация мен авторефераттар бар.
Ғылыми-педагогикалық кітапхана
Құрылған уақыты: 1984 жылы
Орналасқан жері: Алматы қаласы
Кітапхана 1984 жылы Қазақ ССР Ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасын құру туралы бұйрығына сәйкес құрылған. Кейін 1999 жылы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне беріліп, білім жүйесін үйлестіруші және ғылыми-әдістемелік орталық құру мақсатында ғылыми-педагогикалық кітапхана мәртебесі берілді.
Ғылыми-техникалық кітапхана
Құрылған уақыты: 1960 жылы
Кітап қоры: 400 мың
Орналасқан жері: Алматы қаласы
Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана 1960 жылы Қазақстан орталық компартиясының қаулысымен құрылған. Қазақ КСР кезінде облыстық ғылыми-техникалық кітапханалардың барлығы осы республикалық кітапханаға қарайтын.
Қазіргі уақытта Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында филиалы бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы
Құрылған уақыты: 2013 жылы
Кітап қоры: 2 млн
Орналасқан жері: Алматы қаласы
Қазақстан университет кітапханалары арасында әрі Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қоры бар мекеме.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 2012-2013 жылдары кітапханасын қайта құрып, жаңа ғимаратқа көшірді. Жаңа кітапханаға Әл-Фараби есімі берілді. Жоспар бойынша, бұл кітапханаға 5 млн кітап қоры жиналуы тиіс. Қазіргі уақытта 2 миллионнан астамы жиналды.
Бұдан бөлек, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің ғылыми кітапханасы, Қарағанды Техникалық Университетінің Ғылыми кітапханасы, М.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің ғылыми кітапханасы белді жоғары оқу орны кітапханалары бар.
Мемлекеттік балалар кітапханасы
Құрылған уақыты: 1971 жылы
Кітап қоры: 500 мың
Орналасқан жері: Алматы қаласы
Бұл тізімге балалар кітапханасын қоспау ағаттық болар. С.Бегалин атындағы балалар кітапханасы 1951 жылы құрылған. Кейін Қазақстанның Мемлекеттік балалар кітапханасы мәртебесі беріліп, Алматы қаласының тарихи ғимараттарының бірінде орналасты. 1996 жылы қазақ балалар әдебиетінің классигі Сапарғали Бегалин есімі берілді.
Кітапхана алғаш ашылғанда 16 мың кітап қоры мен 5 бөлімі болған. Қазір қоры 500 мыңға жеткен. Мектеп бағдарламасына көмекші құралдар, ғылыми және анықтамалық әдебиеттер, әлемдік классика және балаларға арналған қазіргі көркем әдебиеттер жинақталған. Қазақ, орыс және шет тіліндегі кітаптар.