Қазақстандағы Марсқа ұқсайтын мекендер

Қазақстандағы Марсқа ұқсайтын мекендер
Фото: vk.com

Күн жүйесінде төртінші тұрған Марсты адамзат ерте заманнан бері зерттеп келеді. Уақыт өтіп, телескоп, артынша ғарышқа ұшатын кемелер пайда болғаннан кейін де бұл планетаға қатысты ізденулер тоқтамай, әлі жалғасын табуда. Тіпті, болашақта адам баласының Марсқа қоныстану туралы жоспары да жоқ емес. Алайда, ол күн әлі алыс. Сол себепті, Қызылжұлдызды көремін деушілер әзірге арнайы аппараттар түсірген суреттермен шектелуге мәжбүр. Ғарыш туризмі де адамды өзге ғаламшарларға апаратын деңгейге әлі жеткен жоқ. Десе де, бұл мәселені шешудің тағы бір жолы бар, ол – пейзажы Марсқа ұқсайтын мекендерді Жерден іздеу. Алысқа бармай-ақ қоялық, біздің елде ондай мекендер жетерлік. Солардың бестігін назарларыңызға ұсынамыз.

1. Үстірт. Сайлар мен жыраларға толы құмды алқаптар, ойпаттар, кеуіп қалған көлдердің сазды және сортаң орындары, сұр құба түсті топырақ, бұл – көлемі 200 мың шаршы шақырымға жуық, жазы ыстық әрі ұзаққа созылатын шөлейтті Үстірт жазығы. Аталған жазықтың тек бір бөлігі ғана Қазақстан жеріне кіреді. Қалған бөліктері Өзбекстан мен Түркіменстан шекарасында орналасқан. Мұнда ежелде үлкен теңіз болған деседі, сол себепті де көне балықтардың қалдығы мен алып акулалардың тістерін тауып алуға болады. Жоғарыда айтылған сыртқы ерекшеліктеріне байланысты Үстірттің Марсқа аздап ұқсастығы бар. Әсіресе, күн қатты ысып, шөл қысқанда өзіңізді расымен басқа планетада жүргендей сезінетініңізге кепілдік береміз.

2. Шарын. Жер бетінде сирек кездесетін бұл шатқалдар еліміздің оңтүстік-шығысында – Шарын өзенінің бойында орналасқан. Ұзындығы шамамен 150 шақырымға созылып жатыр. Шарын шатқалдары желдің ғасырлар бойы жасаған туындысы. Құрамында мыңдаған жыл бұрынғы шөгінділер кездесетін жартастардың биіктігі кей тұрстарда 300 метрге дейін жетеді. Олардың арасымен жүріп өтудің өзі адам баласын бір ғанибетке бөлейді. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын шатқалдар түрлі кейіпке енетіндей. Келушілер олардың бірін аюға, бірін айдаһарға не қамалға ұқсатып жатады. Әсіресе, күн батарда Шарын қызғылт түске боялып, шатқал ішінде жүрген адамға Қызылжұлдызда жүргендей әсер береді. Аяққа шаң болып жабысқан жұмсақ топырақ пен алып жартастардың көлеңкесі ол әсерді күшейтпесе, еш кемітпейді.

3. Қиын Керіш. Геологтар мен археологтарды, суретшілерді байлайтын бұл жер Зайсаң көлінің солтүстік-шығысында орналасқан. Жақындаған сайын от шашқан сияқты көрінген Қызыл Керіш дөңдер қызыл түске боялған. Сол себепті де геологтар бұл араны кейде "балқып жатқан адырлар" деп атайды. Бұл керіштер миллиондаған жылдар теңіз бен көл түбінде жатқандықтан, әр түрлі химиялық құрамдағы қатпарлар қабаттаса беріп, әр дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырғаны нәтижесінде пайда болған. Қызыл түстес топырағына байланысты бұл жерді келушілер үнемі Марспен салыстырып жатады.

4. Ақтау. Түрлі түске боялған бордан тұратын бұл жоталар Іле өзенінің теріскейіндегі Алтынемел ұлттық саябағында орналасқан. Бірінші кезекте өзге жерлерде кездеспейтін көркем көріністерімен ерекшеленетін Ақтау осыдан мыңдаған жыл бұрын тартылған үлкен теңіздің орны болып есептеледі. Ол да шарын шатқалдары секілді қазіргі пішініне су мен желдің әсерінен ие болған. Атауына қарап, бұл жоталар тек ақ түсті деп ойламаңыздар. Аспан астындағы геологиялық мұражай есептелетін Ақтау алыстан қарағанда ғана ақ болып көрінеді. Ал жақындағанда алуан түске боялады. Түстердің алуандығын шөгінділердің түрлі кезеңдерге және түрлі жыныстарға жататындығымен түсіндіруге болады. Ақтаудың шатқалдары лабиринт секілді, адам адастыратындай күрделі. Бұл Қазақстандағы Марсқа ұқсайтын кезекті мекен. 

5. Ақжар. Табиғаттың бұл кереметі Қарағанды мен Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан. Саз топырақ пен гипстің бірнеше минералы араласуы әсерінен Ақжар түрлі түске боялған. Айта кетерлігі, бұл жоталарда шөп жоқ. Олардың үстіндегі тастар алыстан қарағанда жылтырап, құдды бір шыны шашылып жатқандай әсер береді. Алшақтығына байланысты мұнда туристер көп келмейді. Ол дұрыс та шығар, себебі бұл жердің топырағы кішкентай бала басқанда із қалдыратындай жұмсақ. Ақтау көрген сәтте кез келген жан бірінші кезекте ойына Марсты алатыны сөзсіз.

Бірін еске салып, біріне ұқсас болса да бұл мекендер өзіндік ерекшелігі бар табиғаттың қайталанбас кереметі екені анық. Әрі олар түнгі аспанда ғана көрінетін ғаламшарда немесе өзге материкте емес, өзіміздің киелі жерімізде орналасқан. Қазақ даласы таңғажайыптарға толы, тек оларды көре білуіміз керек.

Y. Almabek