Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл – Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі Бейнеу ауылының халық саны – 53286 адам. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша адам саны ең көп ауыл есебінде тіркелген.
Бейнеу ауылы – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының орталығы. Облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан елді мекен облыс орталығынан 470 км қашықтықта орналасқан. Тарихы 1916 жылдан бастау алатын бұл мекен 1960 жылға дейін теміржол стансасы болды. 1960 жылдан бері ауыл статусына ие болды. Ал 1973 жылы аудан орталығына айналды. Бұрынғы "Ұлы Жібек жолының" бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу ауылы – Қазақстанның Орта Азияға шығатын негізгі қақпасы.
Бұл елді мекенде орта білім беретін 11 мектеп, 10 балабақша, 1 кешкі мектеп, 1 өнер мектебі, 1 спорт мектебі, кәсіптік білім беретін 2 колледж және 1 аурухана бар. Одан бөлек, мешіт, кітапхана, мұражай, қазпочта, байланыс үйі, банк бөлімшелері сияқты халыққа қызмет көрсетуге арналған орындар жұмыс істеп тұр.
Халықтың басым бөлігі бюджеттік салада жұмыс істейді. Атап айтсақ, темір жол саласында, шағын кәсіпкерлікте, өндірістік мекемелерде, мысалы, мұнай және газ, ұлутас карьерлерінде қызмет атқарады. Сондай-ақ, қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысады. Бейнеуде Орта Азия – Ресей газ құбырының компрессорлық станциясы, магистральдық мұнай құбырының және су құбырының мұнай және су айдау станциялары, т.б. тұрмыстық қызметтердi көрсету орындары бар.
Маңғыстау облысы әулиелер мекені деп бекер айтпайды. Өткеннен сыр шертетін аңыз әңгімелер де аз емес. Бүгінгі Үстірт даласы жайлы мына бір әңгіме жергілігті жұрт ауызында жиі айтылады.
Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен бұл өлкеге бір замандарда аламандары әлекедей жаланған, жолындағы ел біткенді қырып жойып талаған маңғыт қалмақтар келіп тоқтапты. Қыр үстінің кеңдігі жауыққан жендеттің пейілін кеңейтті ме, әлде соғыса беруден мезі болды ма, осы өңірдің қожасы – қазақ ауылының басшысына елші жіберіпті. "Осы жаулап алған жеріміз де жетер. Сендердің жеріңе көз алартпай-ақ қоялық. Арамыз тыныш, тату көрші боламыз десе кепілдікке өзінің ұлын берсін. Әйтпесе соғысамыз". Осылай талап қойыпты. Қазақ басшысы елдің тыныштығы бұзылмасын деп, ұлын аманатқа беріп, көрші болуға қарсы болмай пәтуа жасапты. Аз уақыттан соң қалмақ басшысы қазақ ханына жаңа талабын қояды. Олардың дәстүрінде келген қонағына сол жердің иесі өзінің ең сүйікті әйелін сыйлайды екен. "Біздің осы салтымызды ескермедің. Демек, сыйламағаның. Осы шартымызды орындайсың, болмаса соғысамыз". Халқының амандығын ойлаған қазақ ханы қалмақтың бұл шартын да орындауға келісіп, өзінің ең сүйікті сұлу әйелін жаттың қойнына салуға мәжбүр болыпты. Арада келісім орнап, біраз уақыт өткен соң қалмақ тағы хабар салады. "Мал-жанымыз көбейді, бізге құдық керек, бәрібір ешкім пайдаланбай ел шетінде жатыр ғой, "Шүңкілдек" деген құдықты бер. Бермесең соғысамыз". Бұл хабарды естіген хан қалмақтың шартымен келіспейтінін, соғысуға дайын екенін айтып атқа қонатын болып, әскер басыларын жияды. Ел басшысының мұнысына ауыл ақсақалдары қайран қалған.
– Қалмақтың бірінші шартын орындап, аманатқа ұлыңды бердің, екінші талабына да келісіп, ең сүйікті жарыңды жаттың қойнына салдың. Енді ешкім барып қасына қонып пайдаланып жатпаған "Шүңкілдек" құдықты қимай, өзіңнің, халқыңның басын қатерге тігіп соғыспақсың. Сонда жан дегенде жалғыз ұлыңнан, сүйікті жар дегенде сұлу тоқалыңнан көне құдықтың қадірі артық болғаны қалай?
– Ұл да, сұлу тоқал да, маған тиесілі адам. Екеуінің тағдырын өзім шеше аламын. Бұл екеуін жауға бергеннен өз жаным қиналар, бірақ еліме келер зиян жоқ. Ал "Шүңкілдек" құдықты қазған мен емес. Ол бабалардан ұрпаққа қалған көне құдық. Дүйім жұртқа ортақ баба мұрасын жеке-дара билеп-төстеп өзгеге бере алмаймын. Оған менің еңбегім сіңген жоқ, билігім келмейді. Сол үшін соғысамыз!, - депті. Бұл қазақ ханының соңғы шешімі еді.