Қазақстандағы ең бай бес адам

Forbes журналы 2015 жылдың әлемдегі ең бай адамдарының тізімін жаңартты. Тізімді бұрынғыша Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс бастап тұр. Бұл бай тұлғалардың қатарында біздің қазақстандықтар да бар. Сонымен сіздердің назарларыңызға биылғы жылдың Forbes бетіне жарияланған ең бай қазақстандықтарды ұсынамыз.

Қазақстандық капиталы қомақты тұлғалардың көшін Қазақстан теннис Федерациясының басшысы, ҚР Президентінің бұрынғы іс басқарушысы Болат Өтемұратов бастап тұр.

57 жастағы іскер азаматтың байлығы 2,6 млрд.долларға бағаланған. (2014-2013 жж. 2,2 млрд. АҚШ доллары). Ол – еліміздің құрылыс саласында көп еңбек сіңірген тұлға. Мәселен, елордамыздағы Бейбітшілік пен келісім сарайының, «Хан-Шатыр» ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығының бой көтеруіне сеп болған. Марал шаруашылығын дамыту саласында көп тер төккен. Алматы және Астана қалаларындағы Haileybury жалпы білім беретін мектептерінің негізін қалаған. Табысты азамат бүгінде Forbes-тің жалпы тізімінде 714-орында тұр.

Қазақстандық миллиардерлер тізімінің екінші орнында Әлижан Ибрагимов  тұр. Ол – ENRC компаниясының үлескері, «Еуразиялық банк» АҚ президенті.

60 жасар Әлижан Ибрагимов осыған дейін «Невада-Семей» АҚ президенті болған. Forbes оның байлығын 2,2 млрд. АҚШ долларына бағалап отыр (1,7 млрд. АҚШ доллары – 2014ж, 2,1 АҚШ доллары – 2013ж). Басылым жариялаған тізімде ол 847-орынға көтерілген.

Тимур және Динара Құлыбаевтар бұл басылымда 894-орында тұр. Жұбайлардың әрқайсысының дәулеті 2,1 млрд. АҚШ долларына бағаланған.

Бұл отбасы – "АЛМЭКС" Холдинг тобының құрылтайшылары. Тимур Құлыбаев еліміздің спортшылары мен жаттықтырушыларын керек жабдықтармен қамтамасыз ету үшін тұрақты инвестициялар салып, Қазақстанның кей қалаларынадағы спортзалдарды да жабдықтап отырады. Ол – Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының төрағасы, «Газпром» РАҚ-ы директорлар кеңесінің мүшесі. Ал Динара Құлыбаева білім беру жүйесіне көп еңбек сіңірген. Н.Назарбаев атындағы Білім Ұлттық қорын басқарады және «ҚБТУ» АҚ директорлар кеңесінің төрайымы. Көптеген әлеуметтік жобаға да қолдау білдіріп отырады. 

Владимир Ким – еліміздің бесінші миллиардері. Forbes тізімінде 1054 орында тұр. Ол – «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы басшысы.

Владимир Ким еліміздегі 90-ға жуық әлеуметтік жобаға қолдау көрсетіп жүр. Қарағанды облысында көптеген мектеп, аурухана құрылыстарын және жол жөндеу жұмыстарын атқарып, елдің алғысына бөленді. Ал Forbes оның қорын 1,8 млрд. АҚШ долларымен бағалады.

Forbes жариялаған бақуатты адамдардың тізімінде қазақстандық азаматтардың деңгейі былтырғы жылға қарағанда алға қарай жылжыған.

Cурет: zpravda.kz,vk.com, agencyrating.kz, kaz.gazeta.kz, asylmiras.org, kp.ru