Қазақстандағы әйгілі тау асулары

Асу деп тау жотасының салыстырмалы түрде аласа, табаны жалпақ келетін, екінші жағынан асып өтуге қолайлы жерді атайды. Олар тау арасындағы кезеңдердің биіктігіне сәйкес болады. Асулар пайда болуына қарай:

эрозиялық (өзендердің тау басындағы аңғарының қарама-қарсы беткейлеріндегі кері эрозиялық әрекет нәтижесінде жақындасуынан пайда болады);

тектоникалық (қатпарлардың майысуы, яғни, өз осі орнында шөгуінен немесе күмбезді қатпарлықтың жарықты бойлай төмен түсуінен пайда болған);

ықтық (қардың бір-бірімен қосылуы және одан әрі тапталуы нәтижесінде пайда болған) болып бөлінеді.

Табаны тарлау асулардан жаяу адам немесе салт атты адам өтеді. Кең, табаны жалпақ асулар арқылы автокөлік өте алады. Қазақстандағы белгілі тау асуларын атап өтейік, олар: Абай (Іле Алатауы), Ақсу (Күнгей Алатау), Алтынемел (Жетісу Алатауы), Арқарлы (Айгүл тауында), Күйік (Қаратау жотасы), Қордай (Шу, Іле тауларында), Күрметі (Күнгей Алатауы) т.б. Ал енді әлемге әйгілі асуларға жеке тоқталып көрелік...

Қордай асуы

Қордай асуы Шу-Іле тауларының оңтүстік шығысындағы Кіндіктас және Жетіжол жоталары аралығында орналасқан. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданында, Мұзбел ауылынан 12 шақырым жерде жатыр. Асу теңіз деңгейінен 1233 метр биіктікте (асудың шоқтығы) жатыр. Мұнда қыста солтүстік-шығыстан Қордай желінің әсерінен бұрқасын борап, асудан автокөліктердің өтуіне қолайсыз жағдай туындайды.

Басқан асуы

Басқан асуы Жетісу (Жоңғар) Алатауында орналасқан. Бұл асуды кейде Қараүңгір деп те атайды. Ол Қазақстан мен Қытай шекарасында теңіз деңгейінен 3801 метр биіктікте жатыр. Асуда жыл бойы мұз бен қар жатады. Солтүстік беткейінен Басқан өзені, оңтүстік беткейінен (Қытай аумағында) Қараүңгір өзені бастау алады. Асудан мамыр-қараша айларында салт атпен өтуге болады.

Есектартқан асуы

Есектартқан асуы Алматы облысының Райымбек ауданында жатыр. Ол Кетпен (Ұзынқара) жотасының оңтүстік-батыс сілемі Қаратаудан орын тепкен. Теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Жаз айларында асуда қар болмайды. Оның оңтүстік беткейі жалаңаш, терең жыралармен тілімделген. Солтүстік  беткейінде қылқан жапырақты орман өскен. Жергілікті халық Есектартқан асуын ертеден-ақ пайдалаған екен. Асу Текес өзенінің аңғарының жоғары жағынан тауаралық Кеген аңғарына, одан әрі Іле аңғарына өтетін төте жол саналады.

Жүзасу асуы

Жүзасу асуы Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік бөлігіндегі Матай және Шолақтау таулары аралығында орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 1714 м биіктікте жатыр. Аласа асулар қатарына жатады. Асу арқылы өтетін жол солтүстігінде Қоянкөз ауылынан басталып, Матай тауының шығысындағы Қарақасқа өзенінің бас жағына қарай өтеді. Одан әрі Іле өзенінің аңғарына шығады.

Мақпал (Мақбел) асуы

Мақпал асуы Талас Алатауында (Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы) мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі – 3006 метр. Асудың солтүстік етегінен Мақбел өзені бастау алады. Өзенді бойлай оңтүстік беткейіндегі Талас өзенінің бастауына қарай соқпақ жол өтеді. Сәуір қыркүйек айларында ғана салт атты адам өтеді.

Хабарласу асуы

Хабарласу асуы Шығыс Қазақстан Облысының Тарбағатай және Үржар аудандары жерінде орналасқан. Тарбағатай жотасының шығыс бөлігінде, теңіз деңгейінен 2370 метр биіктікте жатыр. Жотаның оңтүстік беткейіндегі Ақшоқы ауылынан шыққан соқпақ жол Қарақитат өзенінен басталып, солтүстік беткейіндегі Томар ауылына дейін жетеді.

Абай асуы

Абай асуы Іле Алатауындағы Азутас жолынан өтеді. Оның теңіз деңгейінен биіктігі – 3650 метр. Бұл асу Кіші Алматы шатқалының орталық бөлігін Богданович мұздығымен жалғастырады. Асу жолы Медеу шатқалынан басталып, «Тұйықсу қақпасы» стансысына дейін автомобиль жолы, одан әрі Шайтан шатқалы арқылы өтетін жаяу жол арқылы өтеді. Жылдың басым бөлігінде қар жатады.

Алтынемел асуы

Алтынемел асуы Алтынемел жотасы мен Матай тауы аралығында, теңіз деңгейінен 1711 метр биіктікте орналасқан. Көне тау жыныстарынан түзілген асудың жер қыртысы қиыршық тасы келген. Оның бетін қызғылт қоңыр және қара топырақ басқан. Биіктігі орташа асуларға жатады. Сондықтан жер бедері бұта аралас бозды, бетегелі, шалғынды  болып келеді. Қыс айларында қар жатып, суық болғанымен, асу өте қолайлы. Ш. Уәлиханов 1858 жылы Қашқарияға сапарында осы асу арқылы құрамында 43 адам, 101 түйе, 65 салт және тиеген аты бар керуенмен өткен. Асудың солтүстік батысында Қоғалы тауаралық ойысынан оңтүстік-шығыстағы Қоңырөлең тауаралық ойысына қарай Алматы – Сарыөзек – Жаркент автомобиль жолы өтеді.

Алматы асуы

Алматы асуы Алматы қаласының оңтүстігінде орналасқан, Іле Алатауында, 3559 метр биіктікте орналасқан. Ол Үлкен Алматы өзенінің бастауы мен оңтүстігінде Шоң-Кемін (Қырғызстан жерінде) өзенінің оң саласы –  Алматы өзенінің басталу аралығын да қосып жатыр. Жол 1850 метр биіктіктен өтеді. Асу орманды белдеммен, ал ең жоғарғы шегінде альпілік шалғынды жазықпен ұласады. Оңтүстігінде шыңдарын қар мен мұз басқан Күнгей Алатау орналасқан.

Аманжол асуы

Аманжол асуы Іле Алатауының солтүстігіндегі Кіші Түрген өзенінің жоғары ағысында орналасқан. Теңіз деңгейінен 3115 метр биіктікте жатыр. Кіші Түргеннің жоғары ағысында Аманжол өзені аңғары мен Асы жайлауынан басып өтеді. Асу маңынан Шілік өзенінің салалары – Аманжол және Жіңішке өзендері ағып жатыр.

Материалды дайындау барысында "Сен білесің бе?" кітабы пайдаланылды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: geolocation.ws, putevoditel-altai.ru, oskemen.info, myfoto.kz