Қазақстанда он төртінші ұлттық саябақ құрылды. "Ұлытау" атты табиғи ұлттық саябақтың құрылғаны жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов хабарлады.
ҚР Үкіметі қаулысына сәйкес, "Ұлытау" ұлттық саябағы Қарағанды облысынан ашылған. Жалпы ауданы – 58,9 мың шақырымға тең.
"ҚР Үкіметінің 2021 жылғы № 867 Қаулысына сәйкес, "Ұлытау" Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі құрылды. Бұл еліміздегі 14-ші ұлттық парк. Еліміздің экожүйесін қорғау жолындағы елеулі жетістік деуге болады. ҚР ЭГТРМ табиғатты қорғау жолындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра береді", - деп жазды министр Серікқали Брекешов өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Саябақты құрудағы мақсат – мемлекет аумағындағы құнды табиғи ландшафтілерді қорғау мен сақтау, оны экологиялық және ғылыми мақсатта қолдану.
Министрліктің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда мемлекет тарапынан қорғау шарасына алынған жалпы аумақтың ауданы 174 мың шаршы шақырымға жетіп жығылады. Бұл жойылып бара жатқан жабайы аңдарды сақтап қалуға сеп болады.
Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Қазақстанда 13 ұлттық саябақ бар.
Катон-Қарағай ұлттық саябағы
Қазақстандағы ең ірі ұлттық саябақ. Аумағы – 643 мың гектар. 2001 жылы құрылған. Шығыс Қазақстанның Алтай өңірінде орналасқан.
Баянауыл ұлттық саябағы
Қазақстанда құрылған ең алғашқы ұлттық табиғи саябақ. 1985 жылы құрылған. Алғаш құрылған саябақ болғанымен, әзірше құрылған парктердің арасында ең кішісі. Ауданы – 68 мың гектар. Баянауыл тауларынан бастап Сарыарқа жазығына дейін созылып жатыр. Мұнда құстардың 54 түрі, сүтқоректілердің – 54, балықтың – 8, өсімдіктің – 438 түрі таралған.
Іле Алатауы саябағы
1996 жылы Іле Алатауының солтүстік беткейінде құрылған табиғи саябақ. Түрген шатқалынан бастап батыста Қаскелең асуына дейін созылып жатыр. Ауданы 200 мың гектарға жуық.
Табиғи парк аумағында аңның 43 түрі, құстың – 138, балықтың – 8, өсімдіктің – 1282 түрі қорғауға алынған.
Қарқаралы саябағы
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 1998 жылы құрылған саябақ. Ауданы – 90 мың гектардан асады. Қарқаралы мен Кентау сілемдерін алып жатыр.
Танымал Шайтанкөл осы саябақта жатыр. Мұнда аңның 39 түрі, құстың – 55, балықтың – 11, өсімдіктің – 68 түрі қорғауға алынған.
Алтынемел табиғи саябағы
1996 жылы құрылған. Алматы облысының Кербұлақ, Панфилов аудандары жерінде орналасқан. Әрі Алтынемел тауына дейін созылып жатыр. Ауданы – 161,1 мың гектар. Мұнда аңның – 6 түрі, құстың – 231, балықтың – 30, өсімдіктің – 1800 түрі қорғауға алынған.
Көкшетау саябағы
Ол 1996 жылы ұйымдастырылған. Ауданы – 182 мың гектар. Мұнда аңның – 305 түрі, құстың – 223, балықтың – 22, өсімдіктің – 800 түрі қорғауға алынған.
Бурабай саябағы
2000 жылы құрылған. Ақмола облысында, Оқжетпес тауы мен Әулиекөл көлін алып жатқан, демалу мен туризмге арналған алып саябақ. Аумағы 130 мың гектарға жуық.
Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатыр.
Шарын саябағы
Ұлттық парк 1964 жылы құрылып, республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш ретінде қорғалып келген. Ресми түрде саябақ ретінде құрылғаны жылы – 2004 жыл.
Қазіргі жалпы аумағы – 127 мың гектар. Өсімдіктің 914 түрі, сүтқоректінің – 60, құстың – 300, балықтың 10 түрі таралған.
Сайрам-Өгем саябағы
2006 жылы Түркістан облысында құрылған. Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты ең көрікті жерлері енеді. Жер аумағы – 149 мың гектар.
Өсімдіктің 1635 түрі, омыртқасыз жануарлардың 346 түрі кездеседі. Саябақтың ерекшелігі – аршаның үш түрі де қатар өсуі.
Көлсай көлдері
2007 жылы құрылған. Теңіз деңгейінен 1800-3500 метр биіктікте жатыр. Үш көлден құралған. Жоғарғы Көлсай теңіз деңгейінен 3000 метрге жуық, Орта Көлсай (Қайыңды) 2600 метр және Төменгі Көлсай 2130 метр биіктікте орналасқан.
Жоңғар Алатауы саябағы
2010 жылы құрылған. Ауданы – 356 мың гектардан асады. Жоңғар тау жүйесінің солтүстік және солтүстік-батысқа қарай жалғасып жатыр.
Бұйратау саябағы
2010 жылы құрылған. Ауданы 89 мың гектарға жуық. Ақмола мен Қарағанды облысының аумағын алып жатыр.
Тарбағатай саябағы
2018 жылы құрылған. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында Тарбағатай тауының күнгей тұсын алып жатыр. Ауданы 144 мың гектарға жуық.