1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланды. Қазақстан Республикасының Президентінің "Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы" Жарлығына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілгені айтылды: Алғыс айту күні − 1 наурыз, Геолог күні - сәуірдің бірінші жексенбісі.
2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мәңгілік Ел: бір ел − бір тағдыр" сөзімен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. "Сталин режимінде әр жылы өздеріңіз білетіндей халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді. Олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді", − деді Президент.
Назарбаев отбасының жер аударылғандарды қабылдап алғанын еске алды. "Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін. Олар қорқып тұрды. Киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сұрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым", − деді ол.
"Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде − 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады − барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді", − деді Қазақстан Президенті.
Дереккөз: tengrinews