Қазақстанда "Ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және радиотехника" тақырыбында жоғары оқу орындары арасында студенттік олимпиада өтеді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Олимпиадаға қатысуға техникалық оқу орындарының 3, 4 курс студенттері мен магистранттары шақырылады. Өтінімді 2013 жылғы 2 сәуір мен 4 сәуір аралығында https://olimpiada.ctsat.kz сайтында беруге болады", - делінген таратылған ақпаратта.Шара ұйымдастырушылары Мемлекеттік техникалық қызмет РМК және Қарағанды техникалық университеті.
Олимпиада «Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік», «Радиотехника және телекоммуникация» атты екі секция бойынша өтеді. Сайыс екі кезеңнен тұрады: алғашқысы – дистанциялық түрде, екінші кезеңі практикалық түрде өткізіледі. Олимпиадаға қатысу арқылы болашақ мамандар күрделі теориялық тапсырмаларды шешуде өз күштерін сынға салып, тәжірибе алмасады. Сонымен бірге, олимпиадаға қатысушылар ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК қызметкері атануына әлеуетті үміткер болып табылады. Зияткерлік сайысқа қатысу тегін, ал жеңімпаздар смартфон және планшет секілді бағалы сыйлықтарға ие болады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: kpravda.com