- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстанда сайғақтар саналып...
Қазақстанда сайғақтар саналып жатыр
1 сәуірден бері Қазақстанның бірнеше облысында Білім және ғылым министрлігінің мұрындық болуымен сайғақтарды әуеде жүріп санау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы "Зоология институты" РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Санақ Бетпақдала, Орал, Үстірт аймақтарында, яғни, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының территориясында өтеді. Анализ нәтижесінде олардың санымен қатар, орташа жасы, жынысы, миграциялық траекториясы, қыстайтын орындары белгілі болады. Әуе санағы 200 сағат көлемінде өтеді.
Сайғақтар Қазақстанда жойылып бара жатқан жануарлардың түріне жатады. Сол себепті олар Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген.
“Қазақстанның Қызыл кітабы” – Қазақстан Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің сипаттамасы берілген арнайы басылым. 1978 жылдан шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып 1978 ж. жарық көрді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” екінші бөлімі 1981 ж. өсімдіктерге арналып шығарылды.
Жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алғашқы тізімін 1963 жылы Халықаралық табиғат және табиғат ресурстарын қорғау одағының (ХТҚО) арнайы комиссиясы құрастырды. Бұл комиссияға әлемдегі әр түрлі елдердің ғалымдары енді. Тізім жарияланып, «Деректердің Қызыл кітабы» («Red Date book») деген атау алды. Қазіргі кезде көптеген елдерде Қызыл кітап жарық көреді. Қазақстанда Қызыл кітап жасауға құлшынушылардың бірі белгілі ғалым-зоолог A. А. Слудский болды. Оның еңбектері Қазақстан жануарлар әлемін қорғауға арналды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: banar.uol.ua, centrohotkontrol.ru
Материалды дайындау кезінде Қазақстанның балалар энциклопедиясындағы ақпараттар пайдаланылды