Қазақстанда қай мамандық иелері жоғары еңбекақы алады?

Қазақстанда қай мамандық иелері жоғары еңбекақы алады?
Фото: rbc.ru

Мектеп бітірушілер мен мектеп қабырғасында жүрген оқушылар үшін мамандық таңдаудың маңызы зор. Ал мамандық таңдауда түрлі факторлар әсер ететіні сөзсіз. Соның бірі - маман иесіне төленетін еңбекақы.

Кімде болсын еңбекақы аз алатын маман атанғысы келмейді. Ол үшін еңбекақы жоғары төлейтін мамандықты таңдайды. ҰБТ-да жинаған балы жетсе, бағы жанғаны, жетпесе тағысын тағы болар.

Еңбекақысы үшін мамандық таңдаудың мәні жоғары емес. Себебі өз ісіңнің маманы болсаң, саған артылар сенім де, саған берілер еңбекақы да жоғары болары даусыз.

Бүгінде елімізде қай мамандық иелері ең көп еңбекақы алады? Бұл туралы бүгін Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айта кетті. Сондай-ақ вице-министр республиканың жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларының рейтингісінің бірінші кезеңін қорытындылады.

- Елімізде ең көп айлық алатын "Мұнай-газ ісі" мамандығы иегерлері. Жұмыспен қамтылу деңгейі де жоғары. Соған байланысты бұл мамандыққа сұраныс артуы ықтимал. Сонымен қатар ең аз жұмыспен қамтылу "Журналистика" мамандағы болып шықты - 63 пайыз", - деді Талғат Ешенқұлов.

Сонымен қатар вице-министр "Мұнай-газ ісі" мамандығында оқығандар 900 мың теңге айлық алатынын айта кетті. 

- Жоғары жалақы алатын мамандықтың бірі - "Мұнай-газ ісі" деп атауға болады. Орташа жалақысы - 202 мың теңге, "Көлік техникасы және технологиясы" мамандығы бойынша орташа жалақы - 174 мың теңге, "Тау-кен " - 174 мың теңге, "Автоматтандыру және басқару" - 159 мың теңге. Бұл қосымша табыс табу мүмкіндігі бар мамандықтар, - деді Талғат Ешенқұлов.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі мен Атамекен ҰКП білім беру бағдарламаларының рейтингін түзуде. Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов бұл рейтинг жайлы да айта кетті.

- Ұйымдастыру басында 2000 бағдарлама арасында рейтинг жүргізу міндеті тұрды. Біз 33 мамандық бойынша, негізінен техникалық, экономика және бизнес, әлеуметтік мамандықтар бойынша 784 бағдарламаны зерттедік. Бұл рейтинг ҰКП және ҚР БҒМ сайтында жарияланады. Онда мамандықтардың рейтингісін, ұпай, жалақы мөлшерін, сондай-ақ жұмыспен қамтудың орташа пайызы көрсетіледі. Бұл рейтинг талапкерлер үшін керек. Онда қай университет жақсы немесе жаман екені көрсетілмейді. Мұнда жұмыс берушінің білім беру бағдарламаларына берген бағасын көрсеткіміз келеді. Мүмкін, бір жоғарғы оқу орны белгілі бір мамандық бойынша алда, ал басқасынан артта қалатын шығар, - деді.

Н. Үсенова