Қазақстанда қалааралық байланыс арзандайтын болды. Бұл туралы Massaget.kz көлік және коммуникация министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Жаңа тарификация принципі Көлік және коммуникация министрлігінің байланыс және ақпараттандыру комитеті төрағасының бұйрығы бойынша 2012 жылдың 1 қазанынан бастап іске қосылады. Естеріңізге салайық, қазіргі кезде тарификация абоненттердің бір-бірінен қашықтығына байланысты 5 зона бойынша жүргізіліп жатыр", - деді министрліктің баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұдан былай тарификация екі зона бойынша жүргізіледі: ішкі аймақтағы (бір облыс ішіндегі) абоненттер бір-бірімен минутына 5,5 теңгемен сөйлесетін болса, қалааралық байланыстың құны минутына 7,7 теңгені құрайтын болады.
"Мысалы, қазір Атырау мен Астана абонеттерінің арасындағы байланыстың құны минутына 9,4 теңге. Бұдан былай бұл баға 7,7 теңгеге түсетін болады. Осылайша жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін байланыс құны сәйкесінше 17,98 және 17,63 пайызға төмендейді. Тарификация қадамы - бір секунд", - деді министрлік өкілдері.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет:talks.guns.ru