Қазақстанда халық саны бір жылда қанша адамға өсті?

Қазақстанда халық саны бір жылда қанша адамға өсті?
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының санын есептеді.

Қазақстанда халық саны қанша?

Елдегі халық саны 2021 жылдың 1 маусымында 18 миллион 984 мың 800 адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 миллион 237 мың (59,2 пайыз), ауылдықтар – 7 миллион 747 мың 800 адам (40,8 пайыз).

2020 жылдың 1 маусымымен салыстырғанда халық саны – 249 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті.

Республика халқының табиғи өсімі 2021 жылдың қаңтар-мамырында 2020 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда (106,8 мың адам) 4,4 пайызға өсіп, 111,5 мың адамды құрады.

2021 жылғы қаңтар-мамырда елге келгендер саны 3662 адам, елден кеткендер саны – 9862 адам, осылайша көші-қон сальдосы 6200 адамды құрады.

Ұлттық статистика бюросы туралы қосымша ақпаратты мына жерден таба аласыз.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының санын есептеген болатын. Сол кездегі есеп бойынша, елдегі жалпы халық саны – 18 миллион 962 мың 892 адамға жеткен. Ал, жыл басында Қазақстанда 18 миллион 879 мың 552 тұрғын болған.

Т. Раушанұлы