Қазақстан өмір сүруге арзан елдердің бестігіне кірді. Сарапшылардың пікірінше, елімізде шет мемлекетпен салыстырғанда пәтер жалдау 90%-ға, азық-түлік құны 75%-ға арзан екен. Мұндай көрсеткіштер елімізге келетін туристердің санын арттырып, ішкі туризмді дамытуға сеп болған.
Теңге бағамы өзгергелі бері шет елде демалатын қазақстандықтардың қатары күрт азайыпты. Түрік жағажайында демалу үшін отандық туроператорларға алдын ала тапсырыс беретіндер қазір жоқтың қасы екен. Себебі Түркияға жолдама құны екі есеге қымбаттапты. Егер бұрын шет елге саяхаттаушылар қаңтар, ақпан айында тапсырыс беріп қойып, асықпай демалыс маусымын күтіп жататын болса, биыл көптеген туркомпанияларда мүлгіген тыныштық орнаған. Бұл құбылыс есесіне Қазақстанға ағылатын туристердің санын арттыруға ықпал етіпті. Бұрын Еуропа елдерінде демалуды жөн көретіндер доллардың курсына орай қалтаға қатты соққы болмайтын мемлекеттерге қызығушылық танытыпты.
"Девальвациядан кейін біздегі көптеген қызмет көрсету түрлері арзандап, шетелдік туристерге ыңғайлы бола бастады. Егер бұрын бізде бес жұлдызды қонақүйлер тәулігіне 150-200 доллар болса, қазір олар 70-80 доллардың төңірегінде. Осы жағынан біздің елге шетелдіктердің қызығушылығы арта бастады. Тамақтану орындары және басқа да орындар көрсететін қызмет түрлеріне тамыз айында жаңа баға қойып еді, қазір құнын түсірген",- деді Қазақстан турагенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева.
Қазір елімізге сырттан келетін туристердің саны артқан. Мәселен, Алматыға Америкадан келген Лиза мұнда өмір сүру бағасы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл екенін айтады.
"Америкамен салыстырғанда мұнда азық-түліктің де, киім-кешектің де бағасы өте арзан. Бір чемоданмен келіп едім, қазір өте көп киім-кешек сатып алдым. Енді оларды қалай алып қайтамын деп ойлап жүрмін. Ал, тағам бағасына келсек, мәселен мұнда бір бөлке нан бағасы 60 теңге тұрса, Америкада 4 доллар тұрады. Яғни, шамамен он есе қымбат", - деді Америка азаматшасы Лиза Крюгер.
Бағалардың бәз қалпында қалуы ішкі туризмнің де дамуына ықпал етіпті. Мәселен, бұрын шет елдің жағажайларында демалатын алматылықтардың сұранысы «Ғұндар» этноауылы мен «Лесная сказка» курортына ауыпты. Қазір Қазақстан турагенттіктері қауымдастығы, Кәсіпкерлер палатасы мен Алматы қаласының әкімдігі бірігіп, туризмді дамытуды мықтап қолға алмақ. Олар алып шаһардың сәні мен салтанатын арттырып, туристердің қызығушылығн тудыру жұмыстарын жоспарлауда. Жаз айларында Алматыға әсіресе Қытай, Үндістан және Ираннан туристер көптеп келеді деп күтілуде. Сондай-ақ валюта бағамының өзгерісі Ресей мен Қазақстан азаматтарының өзара саяхаттауына жол ашпақ.