Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен қаншалықты дамуда?

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен қаншалықты дамуда?
Фото: Foodindustry.kz

Қазақ халқы – ежелден көшпелі халық. Көшпелі халықтың қоныстанған орны да кең алқапты. Арқа мен Алатаудың, Атырау мен Алтайдың арасын мекендеген халық бүгінде отырықшы елге айналды. Қазіргі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы өз басына қарқынды дамып келеді. Бұндай көрсеткіш көрсетудің негізгі себебі, жеріміздің көлемді болуы және сол жерді ұтымды игеріп, дұрыс саясат ұстана білгенімізде. Осы ретте айта кеткен орынды болар, елімізде 2017 жылы қабылданған "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы" ауыл шаруашылығы саласының оң нәтиже көрсетіп, алдағы 5 жылда жоғары көрсеткішке жетуіне ықпал етуде.

Елбасы 2018 жылдың 10 қаңтарындағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға байланысты тікелей тапсырма жүктеді. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын", - деп жазылған Жолдауда.

"Агроөнеркәсіптік кешенді 2017-2021 жылдар аралығында дамыту бағдарламасы" – ауыл шаруашылығы саласында осы уақытқа дейін жүзеге асырылған түрлі бағдарламалардың заңды жалғасы. Іске асыру мерзімі – 5 жыл (2017-2021). Осы 5 жыл аралығында бағдарлама алға қойылған негізгі 10 мақсатты орындау үшін жұмыс жасайды.

5 жылда орындалуы тиіс 10 мақсат:
 • азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету;
 • қар­жы­­ландырудың қолжетімділігі;
 • салықтық жеңілдіктер;
 • жер ресурстарын тиімді пай­далану;
 • су ресурстарын тиімді пайдалану;
 • өткізу нарығы мен экс­портты дамыту;
 • аграрлық ғы­лым мен АӨК субъектілерін да­мыту;
 • өн­дірісті техникалық жаб­дықтау мен жеделдету;
 • мем­лекеттік қызмет көрсету сапа­сын арттыру мен цифрлан­дыру;
 • ауылдық аймақтарды дамыту.

Бағдарламаны орындауға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты. Одан бөлек, 12 министрлік, ҚР Ұлттық Банкі, Астана, Алматы, Шымкент және барлық облыс әкімдіктері бағдарламаны іске асыруға жауапты.

Биыл бұл бағдарламаға бірнеше өзгеріс енді. Бұл әрекетке баруға, бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы кей келеңсіз жағдайлар әсер еткен. Мәселен, ірі қара өсіруде айтарлықтай жақсы көрсеткішке жету үшін 5 жыл аздық етеді. Өйткені, мал басының өсуіне, оның көбеюіне кемі 3-4 жыл қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені көтеріп, нәтижесінде бағдарламаны негізгі платформа есебінде қалдырып, қосымша ұзақмерзімді салалық бағдарламалар қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы бұл бағдарламаның бірінші кезеңінің қорытындысы шығатынын, ал негізгі нәтиже 2027 жылы толық дайын болатынын хабарлады.

Бүгінде еліміздің ішкі нарығында азық-түліктің негізгі 30 түрі бар. Оның ішіндегі 25 түрімен Қазақстан толық қамтамасыз етілген. Елімізге импортталатын азық-түлік түрлері мынадай: алма, ірімшік, құс еті, балық, шұжық және сүт өнімдері. Елімізде бұл азық-түліктерді өндіру әрекеті нашар болғандықтан, Қазақстанға өзге елдің өнімдері жеткізілуде. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін, министрлік тарапынан түрлі амалдар қолданылып жатыр. Соның бірі, субсидия беру мәселесінің түбегейлі өзгеруі.

Елбасының ұйытқы болуымен бүгінде оң нәтиже көрсетіп жатқан бұл бағдарлама еліміздің экономикасы, ауыл шаруашылығы саласы үшін аса маңызды. Жоспардағы бар шаруа жүзеге асып, кей түйткілді мәселелер оң шешімін тапса ауыл жұртының ғана емес, жалпы Қазақстан халқының ертеңгі һәл-ахуалы одан әрі  жақсарары анық.

А. Қажиев