Қазақстанда жақын арада электр қуатымен жүріп, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүретін көлік жасалатын болды.
Оның жобасы да дайын екен. 250 мың долларды құрайтын бізнес-жоба бір топ кәсіпкерлердің қызығушылығын оятып та үлгеріпті дейді Gazeta.kz. Бұл электромобиль Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде таныстырылады екен.
Жобаның бас инженері Арсен Гутанов елімізге өзіміздің автоқұрылыс ауадай қажет және оны Қазақстан аумағында жасау керек деп сендіреді. Осы себепті еліміздің білікті инженерлері ең арзан, әрі экологиялық таза электромобиль жасауға құлықты. Көлік электроқозғалтқышы 10 келіден аспайды. Бұл қозғалтқыш Кеңес одағы кезінде-ақ жасалып қойыпты. Литий мен ионнан тұратын көлік аккумуляторын 400 долларға Қытайдан сатып алу көзделіп отыр. Аккумулятор қарапайым розетка арқылы қуаттанады. Ал салон орындықтары мен панельдері ресейлік "АвтоВАЗ" жеткізушілерінен алынады. Электромобильдің салмағы – 600 келі. Отандық көліктің бағасы – 5000 АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Айта кетсек, АҚШ-та электромобильдер 30 мың доллар.
Құрастырушылардың айтуынша, қуаттап болған соң көлік 300 шақырымға дейін жүре алады-мыс. Ал толықтай қуаттандыру үшін 3-4 сағат қана уақыт кетеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: nas-stik.si