- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстан полигондары...
Қазақстан полигондары
Республикамыздың аумағында ядролық қарудың сыналғаны белгілі. Полигондар аймағы ұзақ жылдар бойы құпия сақталды. Тек Семей полигоны ғана көпшіліктің назарында болып, қалған сынақ аймақтарынан жұрт беймәлім еді.
Шын мәнінде, қазақ даласының 19 млн га жері 40 жыл бойы ядролық сынақ алаңы болды. Семей, Азғыр, Нарын, Тайсойған, т.б. сынды полигондар жерлердің табиғаты әсем, шұрайлы жайылымдар еді. Осы жерлерде 1949-1989 жылдар аралығында болған ядролық сынақтардың 27-сі атмосферада, 18-і жер бетінде, қалғаны жер астында жасалды.
Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ, Ресейде – 225, АҚШ-та – 1032, Қазақстанда – 500-ден астам жарылыс жасалған. Қазақстан жерінің қаншалықты зардап шеккенін осыдан-ақ білуге болады. Оның үстіне, дүние жүзіне танымал Капустин Яр (Ресей), Лобнор (Қытай) сынды ядролық сынақ алаңдары Қазақстанға жақын жатқан аумақтар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Ядролық қаруды сынау алғашында ғылым мен технологияны дамыту бағытында жасалғанымен, кейін одан атом бомбасы дайындалып, соғыс мақсатында пайдаланылды. 1945 жылы атом бомбасы алғаш рет АҚШ Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастады. Адамзат тарихында жасалған бұл қасірет әлі күнге дейін жапондарға зардап шектіруде. Ал Қазақстан жерінде сыналған 500-ден астам атом бомбасының зардабы айтпаса да түсінікті. 1990 жылғы мәліметтер бойынша сынақ жасалған жерлердің жалпы көлемі 16686,1 мың гектарды құраған.
Ядролық қарудан тек атом бомбаларын сынаумен шектелмей полигондарда соғыс ракеталарын, т.б. техникаларды да сынақтан қатар өткізіп отырған. Батыс Қазақстанда 1966-1979 жылдар аралығында 24 рет ядролық қару сыналған. Соның ішінде Азғыр полигоны ғана 6,1 мың га жерді алып жатыр. Осы аймақтарда радиактивті заттардың шекті мөлшері (кадмий, стронций, қорғасын) бірнеше есеге көбейіп кеткені анықталған.
Мұндай сынақтар Үстіртте де 1968-1970 жылдары жасалған. Сол сынды ірі полигондардың қатарына Атырау облысының Тайсойған, Балқаш көлі маңында Сарышаған, Ташкент-4 сынақ алаңдары мен Байқоңыр ғарыш айлағы да жатады. Сынақтан апатқа ұшыраған ракета, соғыс техникалары қоршаған ортаға өте қауіпті.
Полигондардың ішінде, әсіресе көп зардап шеккен – Семей өңірі. Мұнда атом қаруын сынаудың ғылыми орталығы орналасқан. Ол – Курчатов қаласы. Бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Абыралы аудандарының аумағы атом сынақтарының ордасы аталып, ең көп зардап шеккен экологиялық апатты аймаққа айналды.
Қазақстан жерінде атом қаруларын сынау 40 жылға созылып, табиғи экожүйелерді бүлдіріп, жарамсыз етті. Жалпы полигондардың көлемі 33,6 млн гектарға жетті. Полигон жерлердің ауа, су, топырақ құрамы радионуклеидтермен ластанып, ауа мен жер асты сулары арқылы мыңдаған шақырым жерге тарайтыны белгілі. Қазірдің өзінде Қазақстанда 2,5 млн адам мутагенез ауруымен есепте тұр. Оның басым бөлігі – Семей өңірінің тұрғындары.
Сол сияқты қатерлі ісік, қан аурулары, сәулелік ауру, жүйке ауруымен ауырғандар санының көрсеткіші бұл аймақта республика бойынша жоғары.
Полигон аймағындағы жер ресурстары техногендік ластанудың кесірінен бүлініп жарамсыз жерге айналған. Ен далада еркін жүрген ақбөкен, қарақұйрық, елік, сілеусін, қабылан, қарақал сияқты аңдар мен дуадақ, безгелдек, бұлдырық, т.б. дала мен шөлді жерлердің құстары сиреп немесе жойылып кетуге жақын. Өсімдіктері селдіреп, сайраған құстарынан, шырылдаған жәндігі мен жүгірген аңынан айырылған далада тыныштық орнады.
Тіршіліктің қалпына келуіне жүздеген, тіпті, мыңдаған жыл уақыт керек. Енді табиғаттың жарасын жазу адамның ғана қолынан келеді.
1991 жылы 20 тамызда Елбасының бұйрығымен Қазақстанда атом қаруын сынау біржола тоқтатылды. Бұл оқиғаны дүниежүзі қауымдастықтары қуана қарсы алды. Халықаралық деңгейдегі бұл шешім "Семей-Невада" қоғамдық қозғалысының жемісі болды.
Қазір полигондардың қоршаған ортаға тигізген зардабымен, радиактивті қалдықтарды жоюмен халықаралық, мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Болашақта полигон аймағында бүлінген жерлер мен жануарлар қалпына келіп, табиғат тыныш күйге оралатынына сеніміміз мол.
"Экология және табиғатты тиімді пайдалану" кітабынан
Қ. Слямбек