Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстанымыздың тұла бойы тұнып тұрған сұлулық. Шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала, шыңдары аспанмен таласқан асқар таулар, сығырлай аққан бұлақтар мен ұзынды-қысқалы өзендер, көлдер, бақтардағы бұлбұл құстардың әсем үні мен айдың көлдегі аққу құстың қиқулаған ғажап дауысы...Бәрі-бәрі Табиғат-ананың сізбен бізге берген тамаша тартуы. Сондай қайталанбас әрі баға жетпес Табиғат тартуының бірі саналатын Қазақстан өзендері Әлемтану айдарының бүгінгі тақырыбы болмақ
Қазақстанның барлық өзендері негізінен екі су алабына бөлінеді. Бірі- Солтүстік Мұзды мұхит алабы, екіншісі – ішкі ағынсыз көлдер алабы.
Солтүстік Мұзды мұхит алабына жататын өзендер Сауыр, Тарбағатай және Алтай тауларынан Сарыарқа мен Оңтүстік Орал тауларының оңтүстік-шығысынан басталады. Ішкі ағынсыз көлдер алабына Балқаш–Алакөлге құятын басын Тянь-Шань таулары мен Жоңғар Алатауынан алатын өзендер және Арал теңізі алабына орталық Тянь-Шань тауларынан шығатын өзендер енеді.
Қазақстан өзендерін ұзындығы бойынша топтасақ, онда 85 022 өзеннің ішінде 84 694-і шағын (ұзындығы 100 км-ге дейін), 305-і орташа(500 км-ге дейін) және 23-і ірі (500-1000 км-ден астам өзендер) қатарына жатады. Республиканың шығысындағы Алтай, оңтүстік-шығысындағы Жетісу және Іле Алатаулары ылғалы мол таулы өңірлердегі өзен торының жиілігі ( барлық өзендер ұзындығы қосындысының осы алаптың ауданына қатынасы) басқа өңірлерге қарағанда жоғары (0,4-1,8 км/км2). Шағын өзендердің көбі Ұлытау, Шыңғыстау, Қарқаралы тауынан, сонымен қатар Тарбағатай, Қаратау, Мұғалжар жоталарына басталады. Арал және Каспий маңы өңірлерінде өзен торының жиілігі тым сирек (0,03 км/км2-ге дейін) келеді. Өзендердің басым көпшілігі Каспий, Арал теңіздерінің, Балқаш, Алакөл және Теңіз сияқты көлдердің тұйық алаптарына жатады.
Қазақстандағы ең суы мол өзен – Ертіс. Оның республика жеріндегі ұзындығы – 1700 км болса, жалпы ұзындығы – 4248 км. Жоғары бөлігіндегі ағыны екі ірі су электр станцияларымен (Бұқтырма және Өскемен) реттелген. Өзен суының біраз бөлігі Ертіс-Қарғанды каналы арқылы Орталық Қазақстанға бұрылған.
Ұзындығы жөнінен республикадағы екінші өзен – Сырдария. Қазақстандағы ұзындығы – 1400 км, ал жалпы ұзындығы – 2219 км-ді құрайды. Егін суару мақсатында қарқынды пайдалануының себебінен ағыны кейбір жылдары Аралға жетпей тартылып қалады.
Балқаш көлі алабындағы ірі өзен - Іленің республика шегіндегі ұзындығы – 815 км, жалпы ұзындығы – 1001 км. Оның ірі салаларының бірі Шілік өзенінен бастап, Шамалған өзеніне дейін ұзындығы – 200 км-ге жуық Үлкен Алматы каналы салынған.
Батыс Қазақстан жерін негізінен Жайық өзені суландырады. Ол республика жерінен тыс, яғни Оңтүстік Оралдан басталады. Қазақстандағы ұзындығы – 1082 км, жалпы ұзындығы – 2428 км.
Ірі өзендер қатарына сонымен бірге Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Торғай, Ырғыз, Сарысу, Нұра, Талас, Ойыл, Жем т.б. өзендері жатады. Бірақ, бұлардың кейбіреуінің деңгейі жазда тым төмендеп, кейбіреуі мүлдем тартылып қалады, ал көктемде қар суымен толысып, тасиды.
Жем өзені Мұғалжар тауларынан бастау алып, Каспий теңізіне құяды. Суы көктемде тасиды. Кей жылдары теңізге жетпей, сорға сіңіп кетеді. Өзен жағалары құм мен саздан түзілген. Суы мұнай кәсіпорындарына, егістік жерлерді суаруға пайдаланылады.
Сарысу өзені Сарыарқа шоқыларынан басталып, Жақсы Сарысу және Жаман Сарысу бастауларының қосылуынан құралады. Ұзындығы – 781 км.
Нұра өзені де Сарыарқаның аласа тауларынан бастау алады. Ұзындығы – 978 км Нұра өзені Қорғалжын көліне құяды. Ол бұл көлге тек суы мол жылдары ғана жетеді.
Қазақстан өзендерінің жылдық жалпы су қоры – 105,3 млрд. м3. Мұның 54 пайызы Қазақстан аумағында, 46 пайызы іргелес республикалар жерінде.
Қазақстанның ірілі-ұсақты барлық өзендерін қоса алғанда жылына 87 млрд.м3 –ге жуық суды пайдалануға мүмкіндік бар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!