Қазақстан әлемнің ең эмоциясыз елдерінің қатарына енді деп хабарлайды CA-News.org порталы.
Таяуда американдық Washington Post газеті әртүрлі әлеуметтік сындар бойынша бағаланған 40 картан жариялаған болатын. Мұндағы эмоциясыз елдердің қатарында Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусия және Мадагаскар бар. Ал ең эмоционалды адамдар Солтүстік Америка мен Филиппин аралдарында тұрады екен.
Газеттегі ақпараттар қазақстандықтардың көпшілігі өздерін сүйікті адамдардың қатарындамын деп есептемейтіндігін айтып отыр. Мұндай жағдай Қырғызстан мен Монғолияда тіптен нашар. Ал өздерін ең сүйікті адамдармыз деп есептейтіндер АҚШ-та, Аустралияда, Сауд Арабиясында тұрады.
Қазақстан аталған картада өз елінің экономикасын оптимистік позицияда ұстанатындар тізімінің алдыңғы қатарларында тұр. Қазақстанды басып озатын мемлекеттер – Қытай, Сауд Арабиясы, Монғолия және Таиланд.
Осыдан біршама уақыт бұрынғы басылымдарда Қазақстанның ең сезімсіз елдердің "үштігіне" кіргендігі туралы жазылған болатын. Бұл тізімнің бірінші орнын Сингапур алды. Мұнда 36 пайыз тұрғындар ғана бір күнде 10 түрлі эмоцияны(теріс немесе оң) бастан өткереді екен. екінші орынды Грузия мен Латвия бөлісті. Ал "суық" елдердің үшінші қатарынан Қазақстан, Ресей, Мадагаскар, Украина, Белорусия, Непал және Қырғызстан көрінді.
Ал сіз өзіңізді эмоциясыз адамдардың қатарына жатқызасыз ба?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева