Бейбітшілік бақытты ғұмыр кешудің кепілі. Ал Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің ерен үлгісі. Халықаралық әлем және экономика институты (The Institute for Economics and Peace) биыл жариялаған бейбітсүйгіш елдер рейтингінде Қазақстан 70-орыннан көрінді. Алпауыт АҚШ пен көрші Ресей елдерінен жоғары тұр. Бұл рейтингке Жер шарының 99,7% халқы тұратын 163 мемлекет енген. Сарапшылар елдердегі соңғы 10 жылда болған саяси оқиғалар, қақтығыстар, ішкі тұрақтылық пен дағдарыстарды басты назарға алған. Әлемдегі ең бейбітсүйгіш елдер көшін Исландия бастады. Бұл елде қылмыс атаулы сирек кездеседі. Полицейлер саны тіпті аз. Рейтингте екінші орынға Жаңа Зеландия, үшінші орынға Австрия орналасқан. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Португалия, Дания, Канада, Чехия, Сингапур, Жапония мен Ирландия енген. АҚШ 121-орында болса, Ресей тіпті ең қауіпті елдер ондығына енген. Көрші мемлекет рейтингте 154-орында тұр. Рейтинг соңына әскери қақтығыстар жиі болатын және соғыс жүріп жатқан елдер орналасқан. Сирия 163-ші, Ауғанстан 162-ші, Оңтүстік Судан 161-орынмен рейтингті түйіндеген. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әлемде бейбітшілік болсын!